Өңірдегі оң істер

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл сәуір айында Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында қарыздарды субсидиялау бағдарламалары шеңберінде өнеркәсіп, туризм және агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды іске асыруға «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның қаржыландыру көлемін ұлғайтуды тапсырған болатын.

Аталған тапсырмаға сәйкес, облыс әкімдігі жеңілдетілген несиелеу тетіктерін енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

Атап айтқанда, шағын және орта бизнес субъектілеріне 200 млн теңгеге дейін несие беруді қа­рас­тырып, қарыз алушылар үшін жылдық сыйақы мөлшер­лемесі  12,6% деңгейінде бекітілді.

Бағдарлама экономиканың басым салаларында, яғни өнеркә­сіп, көлік және логистика, туризм, білім беру мен медицина бағыт­тарында кәсіпкерлікті ынталан­дыруға бағытталған.

Сондай-ақ өнеркәсіп және туризм саласындағы жобаларды қаржыландыру мақсатында «Өр­леу» кәсіпкерлікті қолдау бағ­дар­ламасы іске қосылды. Бағдарлама аясында жалпы 750 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырыл­ған. Оның ішінде 300 млрд теңге – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры есебінен, 450 млрд теңге – екінші деңгейлі банктер тарапы­нан бірлесіп қаржыландырылады.

«Өрлеу» бағдарламасы кәсіп­керлерге ұзақмерзімді әрі қолже­тімді қаржы алуға мүмкіндік бер­еді. Бұл өз кезегінде жаңа өндіріс орындарын ашуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және өңір эко­но­микасын әртараптандыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешеніндегі жобаларды несие­лендіру бағдарламасы да жүзеге асырылуда. Бағдарлама жаңа немесе жұмыс істеп тұрған сүт-тауар фермаларын, ет бағытын­дағы құс фабрикаларын, мал шаруашылығы кәсіпорындарын, көкөніс және жеміс сақтау қойма­ларын, өнеркәсіптік жылыжай шаруашылықтарын ашуға немесе кеңейтуге бағытталған.

Бір жобаға берілетін ең жо­ғары несие сомасы 5 млрд теңге­ден аспайды.

Жаңа қаржыландыру жүйесі кәсіпкерлерге бизнес жобаларын ұзақмерзімді перспективада іске асыруға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Одан бөлек, Маңғыстауда отандық өнімдер мен әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау шаралары қар­қынды жүріп жатыр. Респуб­лика бойынша «Береке Fest» ауқым­ды акциясы өтіп, Ақтау қаласындағы ірі сауда желілері де бұл бастамаға белсенді қатысуда. Акция аясында дүкендерде ар­найы «Береке Fest» аймақтары ұйымдастырылып, мұнда отандық өнімдер нарықтағы бағадан 5-10% төмен бағамен ұсынылуда. Әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік түр­лерін қамтитын жеңілдік ак­циясы тұрғындардың шығынын азайтып қана қоймай, жергілікті тауар өндірушілердің өнімін кеңінен насихаттауға бағытталған.

Акцияның басты мақсаты – отандық өнімдерді ілгерілету, сауда желілері мен жергілікті жет­кізу­шілер арасындағы ұзақмер­зімді әріптестікті күшейту. Соны­мен қатар бастама ішкі сұранысты арттыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға үлес қосу­ды көздейді.

Осы мақсаттармен үндес тағы бір маңызды жоба – Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сау­да басқармасының тапсырысы бойынша, Азаматтық бастама­ларды қолдау орталығының қол­дауымен жүзеге асырылып жатқан «Әлеуметтік кәсіпкерлік – қоғам­ға деген қажеттілік» бағдарламасы. Жобаны «Риза-Ана» қоғамдық қоры үйлестіруде.

Бағдарлама аясында өңірдің түрлі ауданында әлеуетті кәсіп­керлермен кездесулер ұйымдас­тырылуда. Соның бірі Қарақия ауданында өткен жиын. «Әлеу­меттік кәсіпкерлік бойынша оқу іс-шараларын өткізу» бағыты бойынша өткен кездесудің мақса­ты – халықтың әлеуметтік кәсіп­керлік туралы түсінігін кең­ейту, қоғамға пайда әкелетін әрі эко­номикалық тұрғыдан тұрақты әлеуметтік жобаларды құруға қа­жетті білім беру.

Қатысушылар мемлекеттік қол­дау тетіктері, әлеуметтік биз­нес­ті жүргізудің ерекшеліктері мен Қазақстан бойынша іске асқан табысты жобалар үлгілері туралы құнды ақпарат алды.

Осы бағыттағы жұмыстар Түп­қараған ауданында да жалға­сын тапты. Мұнда да әлеуетті кә­сіпкерлерге арнап кездесу өт­кізіліп, қатысушылар әлеуметтік кәсіпкерліктің мүмкіндіктері, экономикалық тұрақтылықты сақтай отырып, қоғам игілігіне қызмет ететін жобаларды қалып­тастыру жолдары туралы кеңінен мәлімет алды. Сондай-ақ өңірлік және республикалық деңгейдегі табысты әлеуметтік бастамалар таныстырылды.

«Береке Fest» акциясы мен «Әлеуметтік кәсіпкерлік – қоғам­ға деген қажеттілік» жобасының мақ­саты ортақ – жергілікті өнім мен бастамаларды қолдау, халық­тың әлеуметтік-экономикалық белсен­ді­лігін арттыру және өңір­дің тұрақ­ты дамуына үлес қосу. Маңғыстауда қолға алынған бұл шаралар азамат­тардың кәсіп­кер­лікке деген қызы­ғу­шылығын арт­тырып, отан­дық өнімді тұтыну­ға деген оң көзқарас­ты қалыптас­тыруда.

Айбике ЖАНАСЫЛ