Атырау облысында тышқандар қаптап, мектептер онлайн форматқа ауысты

Қазіргі уақытта арнайы мамандандырылған қызметтер тарапынан дезинфекциялау, санитариялық бақылау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Атырау облысы Махамбет ауданына қарасты Бейбарыс ауылдық округінде тышқан көбейді,  деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.

Эпидемиялық қауіптің алдын алу үшін Бейбарыс ауылдық округіндегі екі мектеп 19  қарашадан бастап уақытша қашықтан оқу форматына ауыстырылды. 

Атырау облыстық Білім басқармасының хабарлауынша, олар А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп және Талдыкөл орта мектебі.

Сонымен қатар  дезинфекциялық жұмыстарды толық әрі сапалы жүргізу үшін "Балдырған" және «Балақай» балабақшасының қызметтері уақытша тоқтатылды.

Қазіргі уақытта арнайы мамандандырылған қызметтер тарапынан дезинфекциялау, санитариялық бақылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Атырау облысы