Арнайы аймақ жұмысы жаңа серпін алды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге отандық және шетелдік инвесторлар­ды көптеп тарту үшін «Ақтау теңіз порты» АЭА әлеуетін дамытуды тапсырған болатын.

Осы бағытта Маңғыстау облысы әкімдігіне Үкімет­пен бірлесе оты­рып экономикалық аймақтың аумағын және ба­сым қызмет түрлерінің тізбесін кеңейту жөнінде нор­мативтік-құқықтық актілер қа­былдауды қамтамасыз ету жүктелген еді. Бұл бағытта Маңғыстау облысы әкімінің бастамасымен ке­шенді жұмыстар жүр­гізілді, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

2024–2025 жылдары экономикалық аймақтың аумағы екі жарым есе, яғни 1 926 гектардан 4 407 гектарға дейін ұл­ғай­­ды. Оның құрамына биыл Ақтау ха­лық­­аралық әуежайы, Ақтау қаласының жа­­ғалау бөлігі, Жаңаөзеннің өндірістік ай­­­­мағы және Саржа теңіз терминалы кір­ді.

– Алдағы уақытта «Ақтау теңіз пор­ты» АЭА аумағы тағы да өседі. Мұнайлы ауданынан инвестициялық жобаларды іске қосу үшін арнайы жерді, Каспий­ЕРСАЙ кеме жасау зауытын, Кендірлі ку­рорттық аймағын экономикалық ай­мақ­қа кіргізу жұмыстары басталып кетті. Осы аумақтар қосылған жағдайда АЭА көлемі шамамен 21 мың гектарға жетеді. Бұл өңір қазынасына жаңа инвес­ти­ция­лар­дың құйылуымен жаңа салалардың д­а­муына үлкен мүмкіндік береді, – деді «Ақ­тау теңіз порты» АЭА» АҚ басқарма тө­рағасы Мүбәрак Төлегенов.

«Ақтау теңіз порты» АЭА тағы бір жа­салған маңызды қадам – басым қыз­мет түрлерінің тізімі кеңейтіліп, бұрынғы 24 бағыттың орнына 45 жаңа бағыт бе­кітіл­ді. Олардың қатарында: құрылыс, абат­тандыру, туризм, санаторлы-ку­рорт­тық қызметтері, тоқыма бұйымдары өн­дірісі, су өңдеу, кеме және әуе ке­ме­ле­рін жөндеу, көлік және басқа да өнді­ріс түрлері бар.

«Ақтау теңіз порты» арнайы эко­но­ми­калық аймағы 2002 жылы Президент Жар­лығымен құрылған болатын. Сол уа­қыттан бері ол Маңғыстау облысының өсіп-өркендеуінің маңызды орталығына, Орталық Азияны әлемдік нарықтармен байланыстыратын сенімді көпіріне ай­налды.

2024 жылы облыс әкімдігінің бас­тамасымен және Үкіметтің қолдауымен экономикалық аймақтың қызмет ету мерзімі 2052 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды. Бұл алдағы ондаған жыл­дарға үлкен жоспарларды жүзеге асы­руға зор мүмкіндік береді.

Арнайы экономикалық аймақтың ар­тықшылығы – оның кәсіпкерлерге көп жеңілдік жасауында. Аймақта өз жо­басын жүзеге асырған инвестор кор­по­ративтік табыс, мүлік және жер салы­ғы мен импорт ҚҚС-тан, кедендік баж­д­ардан босатылады. Жобаларға толық әкімшілік және техникалық қолдау көр­сетіледі.

Бүгінде экономикалық аймақта отан­дық кәсіпкерлерден өзге Италия, Түр­кия, Германия, Әзербайжан, Қытай жә­не Сингапур компаниялары өндіріс ашып, жобаларын сәтті жүзеге асыруда.

А.ХАСАН