Әлеуметтік қолдауда нәтиже бар

Шымкент қаласында мемлекет жүргізіп отырған әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі – азаматтарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарды қолдау.

Осы мақсатта қалада қайтарымсыз гранттар беру, жұмыс орындарын ұсыну және халыққа ақпараттық түсіндіру шараларын ұйымдастыру жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. 

Әлеуметтік осал топтарды эконо­ми­­­­­калық тұрғыдан қолдау мақсатында биыл Шымкент қаласында 99 азаматқа 400 АЕК-ке дейін (1 572 800 теңге) қай­тарымсыз грант берілді. Бұл – тұр­ғын­дар­дың өз кәсібін бастауына және қар­жылық тәуелсіздікке қол жеткізуіне ба­ғытталған маңызды бастама. Үшінші лег аясында барлығы 398 өтінім қа­был­данып, оның ішінен комиссия ше­ші­мі­мен 52 жеке кәсіпкер мен 47 жұ­мыс­сыз азамат грант иегері атанды. Жыл ба­сынан бері қалада жалпы 432 адам мем­лекеттік грант алған. Бұл көрсеткіш ша­ғын және микробизнеске деген сұ­раныстың жоғары екенін және мем­ле­кет­тің бұл бағыттағы қолдауының тиім­ділігін көрсетеді.

Грант алғандардың басым бөлігі әлеу­меттік осал санатқа жатады. Олар­дың қатарында 55 көпбалалы отбасы, 21 мүгедектігі бар азамат, 17 ерекше ба­­­­­­ланы тәрбиелеп отырған ата-ана, 5 асы­раушысынан айырылған жан, 1 атаулы әлеуметтік көмек алушы бар.  Бұл – мем­ле­кеттің «бірде-бір азамат назардан тыс қалмауға тиіс» деген әлеуметтік сая­­сатының айқын көрінісі. Мем­ле­кет­тік гранттар қайтарымсыз болға­ны­мен, олардың мақсатты жұмсалуын қа­­дағалау маңызды. Осы ретте Еңбек мо­­бильділігі орталығы жанынан ар­найы мониторинг тобы құрылып, әр жо­баға тұрақты бақылау жүргізеді. Егер қар­жы мақсатсыз пайдаланылса, ол мем­лекетке қайтарылады. Бұл талап мем­лекеттік қаражаттың тиімді әрі әділ пай­даланылуын қамтамасыз етуге ба­ғытталған. Грантқа өтініш беру үдерісі то­лық цифрландырылған. Үміткерлер enbek.business.kz платформасы арқылы өз жобаларын онлайн тіркеп, комиссия ал­дында бизнес-жоспарларын қор­ғай­ды. Бұл мемлекеттік қызметтің ашық­ты­ғы мен қолжетімділігін арттырады.

Шымкент қалалық Жұмыспен қам­туды үйлестіру және әлеуметтік қорғау басқар­масы халықты еңбек нарығына тартуды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Жұ­мыссыздық деңгейін төмендету, әлеу­меттік тұрақтылықты сақтау және жаңа жұмыс орындарын ашу – бас­қар­ма­ның негізгі міндеттері. Жуырда Шым­кент қаласы прокуратурасының ұсы­нысы негізінде Еңбекші ауданында ақ­параттық-насихаттық жәрмеңке ұйым­дастырылды. №94 мектеп база­сын­да өткен іс-шараға 20-ға жуық жұ­мыс беруші қатысып, 300-ден аса бос жұмыс орны ұсынылды. Жәр­мең­ке­нің нәтижесінде, 70-тен астам аза­мат­қа субсидияланған жұмыс орын­дары туралы толық ақпарат берілді. 17 бо­рыш­кер жұмыс іздеуші ретінде тір­ке­ліп, пробация есебінде тұрған 8 аза­мат­тың 4-еуі тұрақты жұмысқа жолда­ма алды. 90 күннен астам мерзімі өтіп кет­кен борышкерлерге «Қарызсыз қо­ғам» жобасы аясында МӘМС жүйесі бойынша кең көлемді түсіндіру жұ­мыс­тары жүргізілді. Бұл іс-шаралар – еңбек нарығында әлсіз санаттағы аза­мат­тарды қолдаудың, олардың әлеу­мет­тік бейім­делуін жеңілдетудің маңыз­ды құралы.

Айта кетейік, мемлекет жұмыспен қам­ту саясаты арқылы әлеуметтік тең­сіз­дікті азайтуға, халықтың табысын арттыруға, кәсіпкерлік бастамаларды қол­дауға және жаңа жұмыс орындары арқылы экономиканы жандандыруға ықпал етіп келеді. Шымкент қаласында ат­қарылып жатқан шаралар – осы мем­лекеттік саясаттың жергілікті дең­гейдегі нақты нәтижесі. Қолға алынған жобалар мен берілен гранттар алдағы уақытта жаңа кәсіпорындардың ашы­луына, экономикалық белсен­ді­лік­тің ар­туына және қала тұрғын­дары­ның әл-ауқатының жақсаруына ықпал ете­тіні сөзсіз.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы