Тұрғындар өтінішін таразылады

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында кезекті азаматтарды қабылдау өтті.

Қабылдауды партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов жүргізіп, қала тұрғындарының жеке өтініштері мен шағымдарын тыңдады.

Қабылдауға келген азаматтардың бас­ым бөлігі инфрақұрылым, әлеуметтік қолдау және баспана мәселелерін көтерді. Әсіресе, әрбір тұрғынның күнделікті өмірі­не тікелей әсер ететін түйткілдер ерекше назарға алынды.

Шұғыла мөлтек ауданының тұрғыны, зейнеткер А.Абдрахманова мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана алу жол­дарына қатысты сұрақ қойып, сонымен бірге қызын жұмысқа орналастыруға жәрдем сұрады.

Ербол Байқонысов зейнеткердің мәсе­лесін жан-жақты тыңдап, баспанаға қа­тыс­ты заң аясында толық түсіндіру жұмыс­тарын жүргізді. Ал жұмыспен қамту мәсе­лесі бойынша А.Абдрах­манова қызына қатысты мәселемен тиісті сайлау округіне жауапты мәслихат депутатының жеке қабылдауына жазыл­ды.

Көкбұлақ елді мекенінің тұрғыны, зейнеткер М.Жиенбеков Бадам өзенінен егістік алқабына су шығару проблемасын көтерді. Бұл мәселе өңірдегі ауыл шаруа­шы­лығы үшін маңызды бағыттардың бірі саналады.

Аталған сұрақ бойынша арнайы жоба­лық-сметалық құжаттама әзірленіп, келесі жылдың бюджетіне енгізілуіне фракция тарапынан қолдау көрсетілетіні атап өтілді.

Қабылдау барысында айтылған бірқа­тар түйткілдер дереу шешімін тапты. Ал зерделеуді қажет ететін мәселелер арнайы хаттамаға енгізіліп, партиялық бақылауға алынды.

«AMANAT» партиясы тұрғындардың өтініштерін назардан тыс қалдырмай, әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалы­суды жалғастырады. Қоғамдық қабылдау жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізілетін болады.

Елнар ЕЛТАЙ