Дефектолог мамандар тапшы

Түркістан облысында кейінгі жылдары ерекше қажеттіліктері бар балалардың ішінде аутизм спектрі бұзылған бүлдіршіндер саны артып келе жатыр. Бұл – уақыт оздырмай талқылауды қажет ететін, нақты шаралар қабылдайтын тақырып.

Жуырда «AMANAT» партиясы Түр­кістан облыстық филиалы жанындағы Білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңестің оты­рысында осы тақырып мамандардың қызу талқысына түсті. Кеңес отырысын «AMANAT» партиясы Түркістан об­лыс­тық филиалы атқарушы хатшысының орын­басары, облыстық мәслихат де­пу­таты, Әйелдер қанатының жетекшісі Қа­лыйма Жантөреева ашып, тақырып­тың маңызын, қазір ушығып тұрған мә­се­ле екенін жеткізді. 

Түркістан облыстық Денсаулық сақ­тау басқармасы басшысының орын­ба­сары Дәурен Төлепов өңірдегі жағдайға қа­тысты статистикалық мәліметтерді ұсын­ды. Оның айтуынша, соңғы үш жыл­да аутизммен тіркелген балалар са­ны 54-тен 169-ға дейін көбейген. Ал жал­пы аурушандық көрсеткіші 152 жағ­дайдан 437-ге жетіп, бес жыл ішінде де­рек бес есеге артқан. Биыл жыл басы­нан бері облыстық психикалық ден­сау­лық орталығының балалар бөлімінде ау­тизм диагнозымен 29 бала ем қа­был­даған. Облыста 10 ПМПК, 17 түзету ка­бинеті қызмет көрсетеді. ПМПК ар­қылы 207 аутизмі бар бала қолдау алып отыр. Дәрігерлерді ерте диагностика бойын­ша оқыту, алдын алу шараларын жетілдіру бағытындағы жоспар да та­ныс­тырылды.

Әлеуметтік саладағы ахуал туралы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы баяндады. Оның айтуынша, облыста мүмкіндігі шектеулі балалар са­­ны 15 мыңнан асқан, ал соңғы бес жыл­да бұл көрсеткіш үш еседен астам өс­кен. Өңірде аутизмі бар балаларға жан-жақты көмек көрсету мақсатында «Қамқорлық» менталды бұзушылықтары бар балаларға арналған арнаулы әлеу­мет­тік қызмет көрсету орталығы құрыл­ған. Онда бір мезетте 125 бала ме­дицина, психология, педагогика, мә­дени және әлеуметтік бағытта кешенді қол­дау ала­ды. Орталық қажетті жаб­дық­пен то­лық қамтамасыз етіліп, оның көп бө­лігі Фи­н­ляндия, Жапония және Ауст­риядан әкелінген. Ашылуы желтоқсан айы­на жоспарланып отыр.

Ал Білім беру басқармасынан келген өкіл Ғалия Жанаева тіркелген бала­лар­дың білім алу және түзету қызметтерімен қам­тылу деңгейі туралы баяндап, ерек­ше балаларды әлеуметтендірудің маңы­зын атап өтті. Ғалия Жанаева дертке шал­дыққан балалардың денсаулығына ғана мән бермей, оны ортаға бейімдеу, яғни әлеуметтенуіне де көңіл бөлу қа­жетін айтты. Жиын барысында маман­дар тарапынан бірқатар өткір мәселе кө­терілді. Соның ішінде логопед, де­фек­толог, аватерапевт мамандарына де­ген сұраныстың жоғары екені, кадр тап­шылығы мен төмен жалақының са­лаға мамандарды тартуға кедергі кел­тіретіні айтылды. Түлкібас ауданынан кел­ген психиатр дәрігері Аягөз Қал­ды­бек аутизмді ерте анықтау бойынша соң­ғы бір жылда көрсеткіштің 70 пайыз­ға артқанын айтты. Дегенмен ата-аналар тарапынан әлі де мойындамау көп еке­нін, сондықтан түлкібастық маман­дар­мен, партия өкілдерімен бірігіп жасаған арнайы диагностикалық алгоритмін таныстырды. Оның ішінде аутизм спек­торы бұзылушылығы болуы мүмкін ба­ла­ның мінез-құлық ерекшеліктері, ата-ананың әрекеті, емдеу ұзақтығы жә­не әлеуметтік қолдау түрлері толық қам­тылған. Жиынға қатысушы шалғай­дағы аудан мамандарының осы дерттің ал­дын алуға барынша үлес қосып, ал­горитм жасақтағаны үшін ризашылығын біл­діріп, мұны әлі де жетілдіріп, пай­да­лануға енгізу қажетін ұсынды. Тіпті, жа­дынама шығарып, ауруханалар мен ем­ханаларда тарату қажет екенін айтты қатысушылар. 

Осы ретте тақырыптың өзектілігін ескеріп және алгоритмге қызығушылық танытқан партия жанындағы Білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жө­нін­дегі кеңестің төрағасы, облыстық мәс­ли­хаттың депутаты Жанар Темірбекова өзі басшылық ететін Қ. Ясауи универ­си­тетінің оқытушылар құрамына бір­қа­тар нақты тапсырма жүктейтінін айтты. Атап айтқанда, медицина және педа­го­гика мамандықтарында оқитын сту­дент­тердің дипломдық және диссер­тация­лық жұмыстарында осы тақырып­ты ғылыми тұрғыда қарастыру тапсыры­латынын, ал журналистика кафедрасына аутизмге қатысты түсіндіру-насихаттық бағыттағы бейнеролик дайындау жүкте­летінін жеткізді. Сонымен қатар уни­вер­ситет жанындағы жасанды интеллект ла­бораториясы арқылы аутизм спекторы бұзылуының алдын алу платформасын жасау бойынша шешім қабылданды. 

Жиында осы тақырыпты көптен бері көтеріп, ауданда осындай ор­талықтың ашылуына тікелей атса­лысқан «AMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалының төрағасы Ержан Жүнісов сөз алып, бұл мәселе бойынша жан-жақты зерттеу жүргізгенін, талай ата-ананың тағдырына куә болғанын атап өтті. Оның айтуынша, көптеген ата-ана жеке орталықтардағы маман­дар­дың қызметі сапалы екенін мойын­да­ғанымен, қызмет құнының тым жо­ғары болуы көпшіліктің қолын байлай­д­ы. Сонымен бірге ата-аналардың кейде баласының диагнозын қабылдай ал­мауы, оны жасыруы – қоғамдағы тағы бір терең әлеуметтік түйткіл екені сөз бол­ды.

Сонымен қатар осы отырысқа қа­тыс­­қан аутизм спектрі бұзылған екі ба­ла­ны тәрбиелеп отырған ана өз жанай­қайын жеткізді. Ол жеті жыл бойы осы дертпен күресіп келе жатқанын, бала­ның қоғамнан оқшауланып қалмауы үшін талай табалдырықты тоздырғанын айтты. Көптеген ата-ананың мұндай жағдайды ашық айтуға ұялуы, жасыруы жағ­дайды одан әрі қиындатып отыр­ғанын да жасырмады. Ана шұғыл түрде нақты шаралар қабылдау қажетін ерек­ше атап өтті.

Жиын барысында қатысушылар қоғам үшін дәл қазір өзекті бо­лып отырған аутизм мен басқа да мен­талдық бұзылулары бар балаларға қа­тыс­ты мәселелердің күрделенгенін айт­ты. Түркістан облысы – демогра­фия­лық өсімі жоғары өңір. Осыған орай ау­тизм мәселесіне терең назар аударып, ер­те анықтау, педагогикалық және ме­ди­циналық қолдау жүйесін күшейту – ор­тақ міндет. «Ерекше балаларды қоғам­ға бейімдеу, олардың білім алуына, әлеу­меттенуіне жағдай жасау бәріміздің жауапкершілігіміз», – деді жиналғандар. Сала мамандары ашық пікір айтып, ұсыныстарын ортаға салғаны бұл бағыт­тағы жұмысты жүйелеуге түрткі бола­ты­нын айтып, тарқасты. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы