Әрбір бастама тұрғындардың мәдениетін қалыптастырып, жол қауіпсіздігіне аса жауапкершілікпен қарауға үндейді. Осыған орай облыста жол қауіпсіздігін балалардан бастап үйрету қолға алынған. Мұндай іс-шаралар арқылы облыста әділ, қауіпсіз және мәдениетті қоғам құруға бағытталған нақты қадамдар жасалып отыр.
«Сыпайы жүргізуші» – маңызды бастама
Алматы облысының Қарасай ауданында республикалық жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы аясында жолда жауапкершілік пен өзара құрмет мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Сыпайы жүргізуші» профилактикалық акциясы өтті.
Іс-шара жүргізушілерге өз қауіпсіздігіне көңіл бөлу қажетін ұқтыруды, жол ережелерін қатаң сақтаудың маңызын жеткізуді және адам өмірінің бағасын еске салу мақсатында ұйымдастырылды. Себебі әрбір рөлдегі жанды үйінде оның жақындары асыға күтеді. Осындай ұстанымды алға тартқан акция барысында полиция қызметкерлері еріктілермен бірге «Жүргізуші, есіңде болсын!» атты іс-шара ұйымдастырды. Автокөлік иелеріне «Сені үйде күтеді» деген жазуы бар брошюралар таратылды. Мұндай ескертулер жүргізушілерді жолда мұқият, тәртіпті және төзімді болуға ынталандыруға бағытталған.
Қарасай аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу шаралары үздіксіз жүргізілетінін айтты. Олардың айтуынша, жүргізуші мәдениетін көтеру мен жолға шыққан әр азамат арасында өзара құрмет орнату – өңірдегі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі болып саналады.
Іс-шара ұйымдастырушылары мұндай акциялар жол апаттары мен құқықбұзушылықтардың алдын алуға көмектеседі, жүргізушілердің жауапкершілік мәдениетін нығайтады және әр адамның қауіпсіздігі өзінен басталатынын тағы бір мәрте еске салады.
«Сыпайы жүргізуші» акциясы Қарасай өңіріндегі жол қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде бағаланды. Мұндай іс-шаралар қоғамның назарын адам өмірінің құндылығына аударып қана қоймай, жүргізушілер арасында жауапкершілік пен сыпайылық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Жолдағы әрбір дұрыс таңдау – бір отбасының амандығы екенін түсіндіру осы акцияның басты ойы болып қалмақ.
«Есіңде сақта және ойлан»
Жамбыл ауданында республикалық жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы аясында Дүниежүзілік жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске алу күніне арналған бірқатар іс-шара өткізілді. Бұл шаралар барысында қоғам назарын жолдағы қауіпсіздік мәселелеріне аудару, адам өмірінің құндылығын еске салу және жол жүру ережелерін қатаң сақтаудың маңыздылығын көрсету күн тәртібіне енді. Күннің ұраны – «Жадымыз бірлікте», бұл адам өмірінің құндылығын және жол жүру ережелерін қатаң сақтаудың маңызын арттырады. Ұран сондай-ақ жол апаттары құрбандарының рухын құрметтеу мен олардың жақындарына қолдау көрсету арқылы бірігуді дәріптейді.
Іс-шаралардың басты мақсаты – жол апаттарында қаза тапқандарды еске алу, аудан тұрғындарының назарын жол-көлік жарақаттануының өзекті мәселелеріне аудару, жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыру және әрбір қатысушының жеке жауапкершілігін арттыру болды. Апта бойы жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жылдамдық режимін сақтау, қауіпсіздік белдігін тағу, балаларға арналған автокреслоларды пайдалану, сондай-ақ көлікті мас күйінде басқаруға қатаң тыйым салу сияқты маңызды ережелерді ұстану қажеттігі ескертілді.
ЖКО санының артуы алаңдаушылық тудыруда. Жыл басынан бері өңірде 3 020 жол-көлік оқиғасы тіркелген, бұл жолдағы қауіпсіздікке қатысты профилактикалық шараларды күшейтуді және барлық қатысушылар тарапынан тұрақты бақылауды қажет ететінін көрсетеді. Өткізілген іс-шаралар қоғам назарын жол-көлік жарақаттарының өзекті мәселелеріне аударуға, азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға, жолда жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға және қаза тапқандардың рухына құрмет көрсетуге бағытталды.
Жамбыл ауданында өткен «Есіңде сақта және ойлан» атты еске алу іс-шараның ең көрнекті бөлігі – соғылған автокөліктерден жасалған ерекше инсталляция. Бұл көрініс қатысушыларға жол ережесін бұзудың ауыр салдарын айқын көрсетті және оларға зор эмоционалдық әсер қалдырды, жолдағы қауіпсіздік пен жауапкершілік туралы ойлануға шақырды.
Шараның ерекше сәттерінің бірі – «Естелік жолы» атты мемориалдық стендтің жанында өткізілген бір минуттық үнсіздік болды. Қатысушылар жол апаттарында қаза тапқандардың рухына тағзым етіп, олардың жақындарына моральдық қолдау көрсетті. Полицейлер мұндай іс-шаралардың жол қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыруға және жол қатысушыларының жауапкершілігін арттыруға үлкен ықпал ететінін ерекше атап өтті.
Балалардан басталатын жауапкершілік
Талғар ауданында республикалық жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы аясында кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған «Қауіпсіз балалық шақ» атты профилактикалық акция өтті. Шараның мақсаты – балаларға жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын қалыптастыру және олардың жол қозғалысы ережелері туралы білім деңгейін арттыру.
Іс-шара барысында мектептер мен балабақшаларда бірыңғай қауіпсіздік күні ұйымдастырылды. Полиция қызметкерлері мен мұғалімдер оқушыларға арнайы сабақтар өткізіп, түсіндірме әңгімелер жүргізді, жолда дұрыс әрекет етуге арналған практикалық жаттығулар көрсетті. Балаларға жолда аса маңызды саналатын қарапайым ережелердің маңызы түсіндірілді. Сонымен қатар полицейлер балалардың сырт киіміне жарық шағылыстырғыш білезіктер, стикерлер және қараңғы уақытта көрінуді арттыратын өзге де қауіпсіздік элементтерін тағып берді. Мұндай шағын ғана құралдар жаяу жүргіншілердің көрінуін жақсартып, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға елеулі ықпал етеді.
Полицейлер мұндай шаралар балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ведомство өскелең ұрпақтың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын жеткізеді. Осындай іс-шаралар балалардың санасында жолдағы қауіпсіздікке жауапкершілік сезімін қалыптастырып, оларды болашақта тәртіпті, мәдениетті және жауапты жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге айналдыруға ықпал етеді. Бұл – жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және апаттардың алдын алудың маңызды қадамы.
Сымбат БЕГІМБАЙ