Сенат бюджетті қарайды

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығы­мен палата бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 20 қарашада өтетін палатаның жалпы отырысының күн тәртібін белгіледі және комитеттердің алдағы іс-шараларын пысықтады.

Бюро отырысында аталып өткен­дей, Сенаттың іс-шаралар жоспарына сәйкес осы аптада депутаттар алқа­билердің қатысуымен қылмыстық істерді қарау кезінде құқық қолдану практикасы мәселелері бойынша мүдделі тараптармен бірқатар кездесу өткізеді. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде ерте хабарлау тетіктерін жетілдіру шараларын бірлесіп әзірлеу, табиғи және техногендік қауіптердің мониторингі, климаттық жобаларды іске асыру және орнықты даму мәселелеріне арналған іс-шаралар бар.

Мәулен Әшімбаев қаралатын мәсе­лелердің маңызына назар аударып, мұның бәрі, ең алдымен, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет қадам екенін айтты. Сондай-ақ ол төтенше жағдайлардың алдын алудың, тиімді басқару саласында заманауи тәсілдер мен жасыл техно­логияларды жүйелі түрде енгізудің және төмен көміртекті экономикаға көшудің басым бағыты екенін тілге тиек етті. Өсімдіктер әлемін қорғауға және биоалуандықты сақтау мәсе­лелеріне де мән берілді.

Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде депутаттар өнеркәсіп пен елішілік құндылықты дамыту жөніндегі ұлттық институт «Qazindustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ қызметі бойынша көшпелі отырыс өткізеді. Онда цифрлық өзгерістер және жа­сан­ды интеллектіні енгізу мәселелері талқы­ланады.

Отырыс барысында бюро мүшелері палатаның алдағы отырысында «Респуб­ликалық және облыстық бюджеттер, рес­публикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026–2028 жылдарға ар­налған жалпы сипаттағы транс­ферттердің көлемі туралы» және «2026–2028 жылдарға арналған рес­публикалық бюджет туралы» заң­дарды қарау жөнінде қаулы қа­былдады.

Сонымен қатар іс-шарада сена­торлар Мәжіліс қабылдаған заңдарды жұмыс үшін тұрақты комитеттерге бөліп берді.