Қазақстан мен Өзбекстан президенттері бірлескен жобаларды іске қосу рәсіміне қатысты

Мемлекеттер басшылары символикалық түймені басып, бірнеше жобаны бастап берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев видеобайланыс арқылы Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен жобаларын іске қосу рәсіміне қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Тараптар өнеркәсіп, құрылыс, мұнай-газ химиясы, қаржы, логистика және туризм салаларында жалпы құны 1,2 миллиард доллар болатын 7 жоба әзірлеген.

Мемлекеттер басшылары символикалық түймені басып, бірнеше жобаны бастап берді.

Атап айтқанда, Сырдария және Түркістан облыстарында «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығы, Ташкентте  Tenge Bank  бас кеңсесі қызметіне кірісті. Сондай-ақ Ташкент облысында көпбейінді логистика орталығының, Жаңа Ташкентте «Астана» тұрғын үй орамының, Қашқадария облысында алкилбензол өндіретін мұнай-газ химиясы кешенінің, Жаңа Ташкентте «Астана» қонақүйінің, ал елордамызда «Ташкент» қонақүйінің құрылысы басталды.