Басты мақсат – білім беру ұйымдарының даму стратегияларын жетілдіру, педагогтерге әдістемелік сүйемелдеу көрсету және оқушылардың оқу жетістіктерін арттыру. Сонымен қатар жоба аясында мектептердің нақты ахуалына талдау жүргізіліп, әр білім ордасы үшін жеке іс-қимыл жоспарлары әзірленеді. Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, 2025-2028 оқу жылын қамтитын бұл жоба білім мен тәрбие сапасын арттыруға, педагогтердің кәсіби дамуын қолдауға және оқушылардың жетістігін көтеруге бағытталған. Алғашқы кезең 2025-2026 оқу жылында Алға, Ырғыз, Әйтеке би аудандарын және Ақтөбе қаласының 10 мектебін қамтиды. Келесі жылдары өзге аудандар да кезең-кезеңімен қатыстырылмақ.
Аймақта білім сапасын арттыру және мектептердің инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар жоба қолға алынған. Ауыл мектептерінде де білім сапасын арттыру мәселелері назардан тыс қалған емес. 2025-2026 оқу жылында облыс бойынша 446 мектеп жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 12 мектеп 1 қыркүйекте қолданысқа берілді. Жаңа оқу жылында 190 мыңға жуық оқушы мектепке барса, оның 10 пайызы, яғни 19 мыңы мектеп табалдырығын алғаш аттап отыр. Оқушыларға 26 054 педагог сабақ береді. Биылғы оқу жылынан бастап оқу үдерісіне жасанды интеллект элементтерін енгізу қолға алына бастады. Бұл бағытта жасанды интеллектіні білім беру жүйесінде қауіпсіз әрі жауапкершілікпен қолдануға мүмкіндік беретін этикалық стандарттар әзірленді.
Облыстық Білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның айтуынша, өңірде дарынды балалармен жұмыс істеудің қалыптасқан жүйесі бар.
– Қазақстанның беделді Ұлттық ТОП-100 олимпиадалық мектептер рейтингісінде облыстың 6 мектебі – облыстық дарынды жасөспірімдерге арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернаты, Мақсот Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернат, №19 және №25 орта мектептер, Ақтөбе орта мектебі, физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі енді. Облыстың құрама командасы үздік нәтиже көрсетіп, «Ең үздік олимпиадалық команда» атанды. Осы жылы ақтөбелік екі оқушы халықаралық деңгейдегі беделді олимпиадада жеңімпаз атанып, Мемлекет басшысының қолынан марапат алды. Бұл – өңіріміздің білім беру саласындағы үлкен жетістік, – дейді ол.
Ресми деректерге сүйенсек, биылдың өзінде ақтөбелік оқушылар халықаралық, республикалық олимпиадаларда 162 медаль еншіледі. Олар: 32 алтын, 59 күміс және 71 қола. Өңірдің олимпиадалық қозғалысын алға жетелеп, аты облыстың тарихына алтын әріппен жазылатын ұстаздар қатарында Аян Сәбитов, Ибраһим Бақдәулетұлы, Арайлым Бахрадинова, Анна Задворная сынды педагогтер бар. Олар өз шәкірттерінің табыстарымен өңірдің ғана емес, елдің білім беру саласындағы беделін арттыруға зор үлес қосып келеді.
Жаңа оқу жылында халықаралық олимпиада жеңімпаздарын даярлаған педагогтерді ынталандыру, 5 мың педагогтің біліктілігін арттыру, білім беру үдерісіне озық технологияларды тиімді енгізген педагогтер мен білім беру мекемелерін қолдау, «Педагогтерге мобильді көмек» облыстық жобасын жалғастыру, мұғалімдердің сапалық құрамын 10 пайызға арттыру жоспарланып отыр.
Инклюзивті білім – тең мүмкіндік кепілі
Мемлекет басшысы биыл қазан айында «Білім беру саласындағы жасанды интеллект: мүмкіндіктер және сын-қатерлер» тақырыбында өткен жиында: «Біз қазір түбегейлі өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Жасанды интеллект бүгінде экономиканың, мемлекеттік басқару жүйесінің, ғылымның, ең бастысы, білім беру саласының келешегін айқындауда», – деп атап өткен болатын.
– Жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану орталық пен аймақ, қала мен ауыл арасындағы білім алшақтығын қысқартуға қолайлы жағдай жасайды. Әсіресе, бұл – шағын жинақты мектептерге қатысты мәселе. ЖИ технологияларын енгізу ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларды жан-жақты қолдау үшін өте маңызды. Біздің мақсатымыз – шын мәнінде инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыру. Бұл – Әділетті Қазақстан құрудың негізгі алғышарттарының бірі, – деді Президент.
Осы орайда Ақтөбе облысының білім саласында да жасанды интеллект кеңінен қолданыла бастады. Жасанды интеллект арқылы оқушылардың білім деңгейін жеке бақылау, әлсіз тұстарын анықтау, жеке оқу траекториясын құру секілді мүмкіндіктер пайда болды. Облыстың білім беру жүйесін осы өзгерістерге бейімдеу мақсатында жасанды интеллектіні енгізу стратегиясы әзірленуде.
Қазіргі дамып келе жатқан Қазақстан қоғамы инклюзивті орта құру бағытында да бірқатар шешімдер қабылдады. Сондай-ақ білім беру саласында инклюзивті білім беру барлық деңгейде балаларды қолдаудың, сүйемелдеудің бірыңғай моделі арқылы жүзеге асырылып жатыр. Мемлекеттің стратегиялық ұстанымына сай, елімізде бірде-бір ерекше бала назардан тыс қалмауға тиіс.
Өңірде соңғы жылдары ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау бойынша бірнеше ірі жоба жүзеге асырылды. Атап айтсақ, «Ақбота» және облыстық арнайы балабақшаға күрделі жөндеу жүргізілген, 136 орындық «Жұлдыз» жаңа балабақшасы пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта тағы екі нысанның құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар дефектологтар мен логопедтердің жетіспеушілігі, ПМПК жұмысының шамадан тыс жүктелуі және кезекте тұрған 501 ерекше қажеттілігі бар баланы арнайы балабақшалармен қамту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өңірдегі ерекше білім беруді қажет ететін балаларға тең білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін облыс әкімі Асхат Шахаров Ембі қаласында жаңа ПМПК ашу жұмыстарын жеделдетуді, Қ.Жұбанов атындағы АӨУ мен Ақтөбе гуманитарлық колледжінде арнайы мамандар даярлау бағдарламаларын қайта қарауды және педагогтерді ынталандыру шараларын күшейтуді тапсырды.
Ресми статистикаға сәйкес, өңірде 9 753 мүмкіндігі шектеулі бала тіркелген. Олардың білім алуын қолдау мақсатында 31 арнайы ұйым жұмыс істейді. Олардың ішінде 5 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК), 15 түзету кабинеті, 3 арнайы мектеп және аутизмі бар балаларға арналған орталық қызмет көрсетеді. Қазіргі уақытта облыстағы 92 балабақшада 547 инклюзивті топ, ал 347 мектепте 1 070 инклюзивті сынып бар. Онда 3 811 бала білім алуда. Сонымен қатар 189 арнайы педагог пен 450-ден астам көмекші маман еңбек етіп жатыр.
Әлеуметтік қолдау – әр балаға
2025-2026 оқу жылында Ақтөбе облысының 405 мемлекеттік білім ошағында оқушыларға тегін ыстық тамақ беріледі. Облыста тегін ыстық тамақпен 70 176 бастауыш сынып оқушысы және әлеуметтік санаттағы 5–11 сыныптарда оқитын 8 560 бала қамтылған. Барлығы – шамамен 79 мың оқушы.
Тамақтануды ұйымдастыруға бюджеттен 8,37 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 6,66 млрд теңге – бастауыш сынып оқушыларына, 1,7 млрд теңге – әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына бағытталған. Белгіленген стандартқа сәйкес, мектептерде маусымдық екі апталық мәзір енгізілген. Бір баланың күнделікті рационына 665 теңге жұмсалады.
Сондай-ақ облыс көлемінде 16 624 оқушыға қаржылай-материалдық көмек қарастырылған. Бұл мақсатқа 768 млн теңге бөлініп, ата-аналардың есепшоттарына қаржы толығымен аударылды. Орта есеппен әр балаға 46 228 теңгеден тиесілі. Балаларды тасымалдау да назардан тыс қалған жоқ. Қазір 145 автобус қызмет көрсетеді, оның 53-і білім беру ұйымдарының балансында болса, 92-сі жалға алынған. Нәтижесінде, мектептен үш шақырымнан алыс тұратын 12 514 оқушы және мектеп жоқ елді мекендерде тұратын 199 бала тегін тасымалданып отыр.
P.S:
Ақтөбе облысының білім беру саласын заманауи бағытта дамыту үшін қазіргі күні «Облыс мектептеріне «Білім-инновация» лицейлерінің тәжірибесін енгізу» жобасы қолға алынып жатыр. Жоба аясында физика, химия, биология пәндері бойынша педагогтердің біліктілігін арттыру, жаратылыстану-математика пәндері бойынша оқыту моделін STEM-тәсілдер мен педагогтердің тәлімгерлігі негізінде пробациялау жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде, педагогтердің кәсіби деңгейі, оқушылардың функционалдық сауаты, пәнге қызығушылығы артады, тиісінше жаратылыстану пәндері бойынша білім сапасы кемінде 7-10 пайызға көтеріледі деп күтілуде.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ