Табиғатқа тағылық көрсеткендер көп

Атырауда экологиялық бақылау бар, бірақ нәтиже баяу. Мұнайлы өңірде кәріз жүйесі мен өндіріс қалдықтары мәселесі шешілмей отыр.

Атырау – еліміздің бас­ты мұнайлы аймақтары­ның бірі. Алайда өңірдің экономикалық дамуы эко­логиялық қауіп-қатер­лермен қатар өрбіп ке­ле­ді. Қоршаған ортаны қор­ғау, ағынды суларды тазарту және өндірістік қал­дықтарды азайту мәсе­лесі өңірде әлі де өзекті күйінде қалды.

Күні кеше «AMANAT» пар­тиясы Атырау облыс­тық филиалы жанындағы Экология жөніндегі ай­мақ­тық кеңестің кезекті оты­рысында дәл осы түйткілдер талқыланды. Кеңес төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Ануар­бек Батаев төраға­лық еткен жиында эко­логиялық ахуалды жақ­­сарту жолдары мен өн­­діріс орын­дарының жауапкершілігі басты назарда болды.

Облыстық Экология депар­таментінің мәліметінше, өңірде І санаттағы 83 кәсіпорын тіркелген, олардың жартысына жуығы мұнай-газ секторына тиесілі. Ірі өндірістер­дің ауаға және суға шығаратын зиянды қалдықтары өңірдің эко­логиялық балансын бұзуда.

2025 жылдың он айының қо­ры­тындысы бойынша экология­лық заңнаманы бұзған 84 дерек анық­талып, кәсіпорындарға 2,3 млрд теңгеден астам айыппұл салынған. Айыппұл салынғандар қатарында «Теңізшевройл», «НКОК», «Ембі­мұнайгаз», «Атырау мұнай өңдеу зауыты», сондай-ақ Karabatan Utility Solutions және ANACO ком­паниялары бар.

Дегенмен айыппұл төлеу  мә­селені шешпейді. Сарапшылардың айтуынша, басты проблема – нақты бақылау жүйесінің жет­кіліксіздігі мен экологиялық жауап­кершіліктің формалды дең­гейде қалуы.

Ресми мәлімет бойынша, об­лыстағы бес ірі кәсіпорын – «Аты­рау жылу электр орталығы», «Атырау мұнай өңдеу зауыты», «Теңізшевройл», «НКОК» және Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. – қоршаған ортаға шыға­рындыларды нақты уақыт режи­мінде қадағалауға мүмкіндік бе­ре­тін автоматтандырылған мо­ни­торинг жүйесін енгізіп жа­тыр.

Алайда бұл жүйенің барлығы толық қуатында жұмыс істемейді. Мысалы, Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. компаниясы жүйені орнатқанымен, ұлттық деректер банкіне қосылу әлі жүзеге аспаған. «Теңізшевройл» компаниясында да проблемалар бар. Бұл ретте қоғамда сұрақ көп: автоматтан­дырылған жүйелер нақты жұмыс істей ме, әлде экологиялық есепті «жақ­сарту үшін» орнатылған фор­малды құрал ма?

Экологиялық жағдайдың тағы бір осал тұсы – Атырау қаласының сол жағалауындағы кәріздік та­зарту қондырғысы (КОС). Нысан 2021 жылы пайдалануға беріл­генімен, бүгінде оның мүмкіндігі толық іске аспаған. Жобалық қуаттылығы тәулігіне 70 мың м³ сарқынды суды тазартуға есептел­ген болса да, қазір 15 мың м³ су ғана қабылдануда. Бұл – станса­ның толық жүктемемен жұмыс істемей тұрғанын көрсетеді.

«2025 жылғы 27 қыркүйекте КОС-та мұнай өнімдеріне ұқсас заттармен ластану фактісі тіркелді. Бұл оқиға бактериялық ортаны бұзып, тазарту сапасының төмендеуіне әкелген. Тазарту сапасын қалпына келтіру үшін бір айға жуық уақыт қажет болған, ондаған жұмысшы мен арнайы техника жұмылдырылған.

Кейінгі зертханалық бақы­лаулар нәтижесінде тазарту сапасы 80-85%, жабдықтардың жарам­дылығы 95% деңгейінде қалпына келген. Бірақ бұл толық шешім емес. КОС-тың тиімді жұмыс істеуі үшін жүйелі бақылау мен мердігер жауапкершілігін күшейту қажет» дейді «Атырау су арнасы» мекемесінің директорының орынбасары Ғасыржан Лекеров.

Айта кетейік, нысанға қызмет көрсететін мердігер – «Павлодар речной порт» АҚ кепілдік міндеттемелерін орындамай отыр. Әкімдік пен «Атырау су арнасы» мекемесі бірнеше рет ресми хат жолдағанымен, кемшіліктерді жою жұмыстары әлі басталмаған.

Экология кеңесінің төрағасы Ануарбек Батаев жиынды қоры­тын­дылай келе кәсіпорын­дардың экологиялық жауап­кершілігін арттыру, қалдықтарды басқаруда ашықтық пен қоғамдық бақы­лауды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Алайда экологиялық ахуал жақсару үшін тек партиялық бақылау мен айыппұл жеткіліксіз. Сарапшылардың пікірінше, Атырау өңіріне жүйелі экология­лық саясат, нақты жергілікті мониторинг орталығы және ең бастысы — өндіріс пен табиғатты қорғау арасындағы шынайы тепе-теңдік қажет. Атырауда эко­логия­лық бақылау жүргізілуде, цифрлық мониторинг жүйелері орнатылуда, бірақ олардың нәтижелілігіне қоғам сенімі төмен. Кәріздік тазарту қондырғылары мен өнер­кәсіп шығарындылары мәселесі – аймақтың басты экологиялық сынағы болып тұр. Егер өндіріс пен билік экологиялық жауапкер­шілікті сөз жүзінде емес, іс жүзінде арттырмаса, Атыраудың табиғи әлеуеті жыл сайын тозып, эко­логиялық апат қаупі күшейе түс­пек.

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы