Ұлан ауданы – ұлттық рух мекені

Ел Шығысында Алтайдың асқақ баурайы мен Сібенің көгілдір айдыны арасында жатқан Ұлан ауданы  – ұлттық рух мекені.

Бұл өлкеге табан тіреген адам бірден-бір ерекше тынысты сезінеді: мұнда өткеннің шуағы мен бүгіннің шабыты бір-бірімен жарасып, өмірдің өз өрнегін салып жатыр. Қайың мен самырсын аралас өскен, жазы қоңыр, қысы қатал осы өңірде адам да табиғат сияқты шыңдалады, төзім мен еңбекке үйренеді. Ұлан – елдік пен ерліктің, мәдениет пен еңбекқорлық шоғырланған кеңістік. Қасым Қайсеновтің ерлігі, Сәрсен Аманжоловтың парасаты, Зәки Ахметов зердесі – барлығы да осы өңірдің рухани төлқұжатында жазулы. Бұлар – музейлік естелік емес, күн сайынғы ұмтылысқа айналған тірі энергия. Бүгінде Ұлан сол дәстүрді жалғап, жаңа дәуірдің көшіне ілескен, жаңарып, жаңғырып келе жатқан аймақтың символына айналып отыр.

Халық таңдаған билік – сенімнің бастауы

Ұлан ауданының бүгінгі өрлеуі халықтық сенімнен бастау алды. 2021 жылы елде алғашқылардың бірі болып ауданның ауылдық округтерінде әкімдер тікелей да­уыс беру арқылы сайланды. Бұл де­мократияның декларациясы емес, нақты қадам еді. Ұландықтар сай­лау учаскесіне міндет үшін емес, өз ауылын кім басқаратынын өзі шешу үшін келді. Қатысу бел­сенділігі – азаматтық мәдениеттің өскенін дәлелдейтін көрсеткіш.

Сайланған әкімдер халық ал­дын­да есеп беріп, ауылдың мәсе­ле­сін бірлесе шешуді дәстүрге ай­нал­дырды. Нәтижесінде, «билік бізден алыс» деген түсінік жойыл­ып, тұрғындар өз ауылының даму стратегиясын бірге қалыптастыра бастады. Кооперативтер құрылды, шағын бизнес пен ауыл туризмі өрістеді. 

Басшы және бағдар: жүйелі еңбектің моделі

Аудан тізгінін ұстап отырған басшы Арман Бекбосыновтың басқару философиясы «сөз емес, нәтиже» екенін уақыт көрсетіп келеді. Ол тәжірибелі инженер-эко­­­номист, инфрақұрылым сала­сы­­нан шыққан, нақты істің адам­ын­дай танылған басшы екені мә­­лім. Сол инженерлік жолдан бас­талған тә­жі­рибе басқару мәден­иетіне нақтылық пен есептілікті да­рытты. Жол құры­лы­сы және экономика саласының маманы, экономика және бизнес магистрі біліктілігі бар Зайсанның тумасы Арман Ілиясұлы туған өлке­нің әр ауданының әлеуе­тімен таныс. Ол аудан басқаруды қолға аған ал­ғашқы айларынан-ақ әкімші­ліктің жұмыс форматын өзгертті: науқан­шылдықты емес, нақты мерзімді және есепті жобалық тәсілді енгізді.

Басқарудағы басты қағидасы – «мәселені талқылау емес, шешу». Сол себепті аудандық деңгейде инвестициялық жобалардың іл­герілеуі, әлеуметтік инфрақұры­лым мен жол құрылысының қар­қыны едәуір артты.

Еңбек пен жерге адалдық – Ұланның өрісін кеңейткен күш

Ауданның экономикалық дің­гегі – агроөнеркәсіп. Ұланның жері құнарлы, суы мол, ең бас­ты­сы, еңбектен қашпайтын адам бар. Бүгін бұл аймақ облыстың ет өн­дірі­сінің 60 пайызын, сүт өндірісі­нің басым бөлігін қамтамасыз етеді. Қазірдің өзінде мұнда 8 сүт-тауар фермасы мен 9 бордақылау алаңы тұрақты жұмыс істеп тұр.

Жаңбырлатып суару техноло­гиясы енгізілген алқаптар жыл сай­ын ұлғайып, 2 мың гектар жер суар­малы айналымға қосылмақ. Бұл – жай сан­дар емес, ауылдың болаша­ғы мен табысының кепілі. Әр гек­тар – жаңа жұмыс орны, жаңа мүмкіндік.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы да Ұланда өз жемісін беріп отыр. Кейінгі үш жылда 50 жобаға 674 мил­лион теңге бөлініп, ондаған от­басы өз кәсібін дөңгелете бас­тады. Бірі ет, сүт өндірісін жолға қойса, бірі жылыжай ашып, көкө­ніс өсіруді кәсіпке айналдырған.

Ұландықтардың тағы бір ерек­шелігі – біріккен істің бағасын білуі. Кооперативтер саны көбей­іп, ауыл экономикасы тек малмен емес, өндірілген өнімді қайта өң­деумен де айналыса бастады. Бұл – ауылды өмір сүру ғана емес, өмір сапасын арттыру кеңістігіне ай­нал­дырудың нақты көрінісі.

Өңдеу мен өнеркәсіп – экономиканың жаңа беті

Айта кетерлігі, Ұлан қазір тек ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен ғана шектелмейді. Обл­ыстағы ауыл шаруашылығы өнімі­нің қайта өңдеу көлемінің басым бөлігі Ұлан ауданында өңделуде. «Өскемен құс фабри­касы», «Багра­тион Ұлан» сынды кәсіпор­ын­дар жаңа техно­логия енгізіп, өнім сапасын көтер­іп келеді.

Келесі жылы іске қосылатын жылу оқшаулау материалдарын өндіретін зауыты – өңірдің құры­лыс саласына жаңа қарқын беретін жоба. 

Бүгінде сирек кездесетін ме­тал­дардың кен орындарында бар­лау жұмыстары атқарылуда. Атал­ған жұмыстар аяқталғаннан кейін Ұланның қойнауындағы байлық енді тек қазылып қана қоймай, өң­де­ліп, мемлекетіміздің «жасыл экономикасына» қосылған құн рет­інде қайтып оралады деп жос­парлануда.  

Алдағы бес жылда өңірдің ин­вестициялық портфелі 345 мил­лиард теңгеге жуықтайды. Бұл – жеке капиталдың ауданға сенімінің өлшемі. Кәсіпкер үшін тұрақты саясат, инфрақұрылымы дайын орта керек. Ұлан дәл сондай ай­мақ­қа айналып отыр.

Туризм – табиғат пен табыстың тоғысы

Ұланға келген адам міндетті түрде Сібенің айнадай көлдеріне көз тастайды. Көктем мен күзде мұнда ауада алтын түстес балқым бар. Осы табиғи сұлулықты эко­но­микалық мүмкіндікке айналдыру – ауданның ең табысты шешімдері­нің бірі.

Қазір Ұланда туризм саласы жос­парлы түрде ілгері дамуда, ал келетін туристердің саны жыл сайын артуда. Осыған серпін беріп отырған бесінші жыл қатар өт­кізіліп келетін – Бозанбай ауылын­дағы дәстүрлі «Шығыс салбурыны» халықаралық фестивалі.  Бұл іс-шара Ұланның ғана емес, кілең Шығыстың нағыз рухани брендіне айналды. Әлемнің он елінен кел­ген бүркітшілер мен туристерді қа­был­даған ұлттық сайыс бүгінде Қазақстанның мәдени күнтізбесіне еніп, ұлттық өнердің жаһандық диалогқа айналған үлгісі болды.

Сондай-ақ осы жылы Ұланда Шанхай ынтымақтастық ұйымы­ның жас көшбасшыларының кез­десуі жоғары деңгейде өтті. Сібе көлінің жағасында өткен этнофес­тивальге алты елдің жастар делега­циясы қатысып, Ұланның табиға­ты мен мәдениетін халықаралық деңгейде танытты. Бұл кездесу – ауданның географиялық шекара­дан асып, рухани брендке айнал­ғанының дәлелі.

Осы орайда туристік аймақ­тардың инфрақұрылымын дамы­туға қомақты инвестиция сома­лары тартылу жоспарлануда – заманауи талаптарға сай демалыс кешендерін салу,  жол жөндеу және жол бойы сервистері, ин­тер­нет тарту. Бұл туристердің  жайлы дем­алуы­на ықпал етеді.

Инфрақұрылым мен тұрмыс: сапа мен сенімнің тепе-теңдігі

Ауданда бүгінде жолдар да, су жүйелері де жаңарып келеді. Көп жылдар бойы ауылдық елді мекен­дердегі көшелерге және кіреберіс көлік жолдарына орташа жөндеу жұмыстары қарқынды атқарылуда. Аталған шаралар адамдардың жол қауіпсіздігі мен жол қозғалысына қатынасуына қолайлы жағдай жасалды.

Аудан тұрғындарының 93 пай­ы­зы таза ауызсумен қамтылған. Жыл соңына қарай Отрадное, Боз­анбай, Асубұлақ елді мекен­дерінде су құбырларын салу және қайта жаңғырту құрылысы аяқта­лып, бұл көрсеткіш толығымен орындалады. Бұл – мемлекеттің ауылдағы өмір сапасын қала дең­гейіне жақындату міндетінің нақты көрінісі.

Тұрғындар үшін өзекті бағыт­тың бастысы – жылумен қамта­ма­сыз етуде де жаңа белес бар: Қасым Қайсенов кентінде жылу жүйе­сі қайта жаңғыртылып,  Таврия ауылында жаңа қазандық іске қосылды.

Ал баспана мәселесінде «Бір­қабатты Шығыс» жобасы аясында   бес жыл көлемінде  208 көпбалалы отбасы­лар және әлеуметтік топ­тар­дағы тұрғындар баспаналы бол­ды. Қазір бұл бағдарлама ба­ғытында қос­ымша 60 пәтердің құры­лысы аяқ­талуда. Мұның бәрі – ауылдың болашағына сенім мен тұрақтылық ұялатқан нақты саясат.

Аудан басшылығының ай­ту­ын­ша, интернет пен байланыс та назардан тыс қалған жоқ. Қазір аудан тұрғындарының 92 пайыздан астамы интернетке қосылған. Қалған ауылдар 2028 жылға дейін жоспарлы түрде интернет және ұялы телефон байланысымен тол­ық­тай қамтылады. 

Адам капиталы – ауданның басты байлығы

Ұланда жаңа мектептер, ден­сау­лық нысандары мен спорт кеш­ендері ашылып жатыр. Қасым Қай­сенов кентіндегі жаңа емха­на – осының дәлелі. Нысан зама­науи диагностикалық жабдық­тар­мен қамтамасыз етілді.

Жаңа музыкалық мектеп, спорт кешендері мен балалар ал­аңдары – жастардың дамуына ба­ғыт­талған инвестиция. Мектеп­тер ағым­дағы және күрделі жөн­деу­ден өтіп, заманауи робото­тех­ника кабинеттері орнатылып, бі­лім беру сапасы цифрлық фор­матқа көшіп келеді.

Мұндай нысандардың ашылуы ауылдан қалаға көшу ағынын азайтады. Себебі адам тек тұрмыс­қа емес, ортаның сапасына қарап өмір сүреді. Ал Ұлан дәл сол сапа­ны ұсынып отыр.

Расымен, бұл өлкенің құнды­лы­ғы – ұлылықты ұранмен емес, еңбекпен дәлелдеуі. Бүгінгі Ұлан – тарихқа тағзым етіп, техноло­гия­мен алға ұмтылған өңір.

Алтайдың баурайындағы бұл аудан – шығыстың, тұтас еліміздің серпін аймағы. Ұланның даму тәжірибесі үлгі болары анық. Мұн­да халықтың ұсыныстары нақты жүзеге асып, жетістіктер сөзбен емес, іспен және нақты нәтижемен дәлелденіп келеді.