Оқу ордасының құрылысы бақылауда

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев Арыс қаласына жасаған жұмыс сапарымен барып, инфрақұрылым, жылу беру жүйелері мен әлеуметтік нысандарды аралады.

Сапар барысында ол «AMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков, қала әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов және қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметовпен бірге «Отырар» тұрғын ауданында бой көтеріп жатқан жаңа білім ошағының құрылыс қарқынымен танысты. Бұл нысан – «AMANAT» партиясының Түркістан облысы бойынша 2023–2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының Жол картасында көрсетілген маңызды әлеуметтік жобалардың бірі.

Жаңа мектеп 600 оқушыға арналып салынуда. Үш қабатты, сәулеті келіскен заманауи ғима­рат 4 гектар аумақта орналасқан. Білім ордасы заман талабына сай жабдықталып, болашақ ұрпаққа сапалы білім мен жайлы орта ұсынуға бағытталған. Мектепте кең және жарық пәндік каби­неттер, технологиялық және шығарма­шылық шеберханалар, спортзал мен актзалы, жайлы ас­хана және заманауи спорт алаң­дары қарас­тырылған. Инже­нерлік инфра­құрылым да толық шешілген. Нысан табиғи газбен жылыту жүйесіне қосылған, қауіп­сіздік талаптарына сай зама­науи жүйелер орнатылуда. Қазір абаттандыру жұмыстары қарқын алған. Аумақта демалыс аймақтары, жасыл желек­тер мен көгалдандыру бұрыштары құры­лып жатыр.

Партияның облыстық фи­лиалы төрағасы жетекші партия­ның басты мақсаты да халықтың өмір сапасын арттырып, балалар­дың жарқын болашағын қалып­тастыру екенін жеткізді. 

– Бұл мектеп Арыс бала­ларына білім, тәрбие және даму үшін қолайлы орта сыйлайды. Құрылыс сапасы – басты назарда. Біздің міндет әр отбасыға қол­жетімді сапалы білім беру орта­сын жасау, – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы. 

Отырар тұрғын ауданында бүгінде 700-ден астам мектеп жасындағы бала бар. Олар ұзақ жылдар бойы көршілес аудан­дардағы мектептерге қатынап оқып келген. Жаңа білім ордасы­ның ашылуы – ата-аналар мен оқушылар үшін қуанышты жаңа­лық, үлкен әлеуметтік мәселенің шешімі. Бұл туралы партияның Арыс қалалық филиалының төрағасы да атап өтті. 

«Бұл мектеп – партияның берген уәдесінің айқын орын­далуы. Біз әрбір әлеуметтік нысан­ның сапасын бақылап, халықтың сенімін ақтауға жұмыс істеп келеміз. Мұнда оқушылар қауіпсіз, заманауи және жайлы ортада білім алады», – деді Бақтығали Ділдәбеков.

Оқу орны пайдалануға беріл­ген соң жас өрендер сапалы білім алып қана қоймай, шығарма­шылық және спорт бағытында да жан-жақты дамуға мүмкіндік алмақ. «Отырар» тұрғын ауда­нын­дағы жаңа мектеп тек білім беру нысаны ғана емес, Арыстың келешек дамуына бағытталған маңызды әлеуметтік жоба. Бұл бастама – мемлекеттің, партия­ның және жергілікті қоғамның ортақ еңбегінің нәтижесі. Жаңа білім ордасы жуық арада бала­ларға есігін айқара ашпақ. 

Назгүл НАЗАРБЕК, 

Түркістан облысы