Ерікті жастар ерекше белсенділік танытты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында еліміздің барлық өңірінде экологиялық мәдениетті дамытуды көздейтін ауқымды іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып жатыр.

Осы бағыттағы бастамалардың біріне айналған «Таза бейсенбі» акциясы Шымкент қаласында да кең қолдау тауып, қала тұрғындарының белсенді қатысуымен дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

Шымкент қаласындағы кез­екті тазалық іс-шарасы Еңбекші ауданындағы Жібек жолы көшесі №54 көпқабатты үй ауласында жалғасын тапты. Сенбілікке аудан тұрғындары, коммуналдық қызмет өкілдері, жастар ұйым­дарының белсенділері және «AMANAT» партиясының Шым­­кент қалалық филиалы да қатысып, барлығы бірігіп аула­ның көркін жаңартуға атсалыс­ты. Тазалық жұмыстары бары­сын­да ауладағы бейберекет қо­­қыс жиналып, қураған және бақылаусыз өскен шөптер отал­ды. Өскен бұтақтар кесіліп, ағаш­тардың түбі әктеліп, аула толықтай ретке келтірілді. Бұған қоса, балалар ойын алаңы мен жаяу жүргіншілер жолдары да тазартылып, көше бойы айтар­лықтай көркейе түсті. Аудандағы жұмыстардың үйлесімді ұйым­дастырылуына атсалысқан  Ең­бекші ауданы әкімі аппаратының қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің бас маманы Жақсылық Атаев іс-шараның негізгі ма­ңызын атап өтті. 

– Тазалық тек сенбілікпен шектелетін іс емес. Бұл – әр аза­маттың өз қаласына деген сүйіс­пеншілігінің көрсеткіші. Тұр­ғын­дар ауласын таза ұстаса, ол бүкіл қаланың келбетіне әсер етеді. Экологиялық мәдениет отбасынан, подъезден, ауладан басталады, – деді ол.

Іс-шараға қатысқан «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының өкілдері де тұрғындармен бірге қоқыс жинап, ауланы абаттандыру жұмыстарына белсене атса­лыс­ты. Олар акцияның мәні тек бір күндік тазалықта емес, тұрғын­дар­дың экологиялық жауапкер­шілігін арттыруда екенін атап өтті. Мұндай тазалық жұмыстары жыл басынан бері 46-шы рет ұйымдастырылып, нәтижесінде 45 тоннаға жуық қоқыс шығар­ылған. Жалпы, атаулы акцияға 3 мыңнан астам азамат атса­лыс­қан. «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хат­шысының орынбасары  Ербол Байқонысов бірінші кезекте «Таза бейсенбі» акциясына ерікті түрде қала тұрғындары үлесін қосып жатқанын жеткізді. 

– Президенттің бастамасы­мен іске асып жатқан «Таза Қа­зақстан» жобасы – елдің эко­логиялық әлеуетін ұлғайтудың стратегиялық қадамы. Партия мүшелері ретінде біз бұл іске тек бақылаушы емес, белсенді қаты­сушы, үлгі көрсетуші болуға тиіспіз.

Бүгінгі «Таза бейсенбі» – тұрғындарды табиғатты қорғауға үндейтін нақты қадам. Тұр­ғын­дар өз аулаларын тазартып және тал егумен де айналысып жатыр. Мұның барлығы экологиялық мәдениетті, экологиялық таза­лықты қалыптастырады. Біз барлық азаматтарды өзіміздің қаланы таза ұстауға шақыра­мыз, – деді Ербол Байқонысов.

Акцияға шымкенттік ерікті жастар да ерекше белсенділікпен қатысты. Олар көпқабатты үй­лер­дің ауласын тазалау, жапсар­лас жерлерді абаттандыру, қоқыс жинап, ретке келтіру жұмыс­тар­ын атқарды. Жастардың белсен­ділігіне риза болған қала ақсақал­дары оларға алғыстарын білдіріп, табиғатты қорғау бола­шақтың кепілі екенін атап өтті. «Жастар Рухы» жастар қана­ты­ның қала­лық жетекшісі Арсен Дәулетұлы бұл бағытта жас­тар­дың рөлі айрықша екенін айта келіп: 

– «Таза Шым» тек тазалық акциясы емес, бұл – жастардың елге жанашырлығын дәлелдейтін бастама. Жастар туған қаласы үшін игі істерге араласып, қоғам­дық ортаға немқұрайлы қара­майтынын көрсетті. Біз мұны дәстүрге айналдырамыз», – деді.

Экологиялық мәдениеттің қалыптасуы – шаһардың әлеу­меттік дамуының маңызды көр­сеткіші. Әрбір тұрғын өз ауласын таза ұстаса, бұл жалпы қаланың тазалығына, тұрғындардың ден­саулығына, өмір сапасына тіке­лей әсер етеді. Ұйымдас­тыру­шы­лардың айтуынша, «Таза бей­сенбі» акциясы бұдан кейін де жалғаса береді. Тұрғындар ара­сында экологиялық сауатты­лық­ты арттыру, балалар мен жастарға табиғатты қорғау мәдениетін үйрету бағытында қосымша іс-шаралар ұйымдастыру жоспар­ланып отыр.

Шымкент қаласы «Таза Қа­зақстан» ұлттық жобасына қол­дау білдіру арқылы эколо­гияны жақсарту ғана емес, тұр­ғындарды ортақ іске жұмыл­дыру­дың жар­қын үлгісін кө­р­се­тіп келеді. Бұл  сенбілік қаланың экологиялық келбетін жақсарту жолындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі ғана.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы