Мәжіліс еңбек құқығын қорғайтын заңды қарайды

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі жобасы нақтыланды.

Бірінші оқылымда депутат­тардың бастамасымен әзірленген қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіруге және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауға ба­ғыт­талған заң жобаларын қарау ұсынылады. 

Құжатта Еңбек және Әлеу­меттік кодекстерге, «Халық ден­саулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске өзгеріс енгізіледі. Еңбек кодексіне енгі­зіл­ген түзетулерде еңбек жөнін­дегі уәкілетті органның өкілет­тігін кеңейту, жалақы төлеу және келісу комиссияларының жұ­мысы туралы нормаларды жетіл­діру, сондай-ақ еңбек қызметінің белгілері болған кезде азаматтық-құқықтық шарттар жасасуға тыйым салу қарастырылған.

Әлеуметтік кодексте жасына байланысты зейнетақы төлем­дерін тағайындау кезінде әкелер­дің жас балаларға күтім жасау кезінде жұмыс істемеген уақытын еңбек өтіліне қосу ұсынылады. «Халық денсаулығы және ден­саул­ық сақтау жүйесі туралы» кодексте өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесін айқындау тәртібі нақтыланады. 

Екінші оқылымда талқылау үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы Қазақстан Республикасы Конс­титуция­сының нормаларына сәйкес келтіру мақсатымен әзірленген заңнамалық жаңашылдықтар ұсынылады.

Жалпы отырыстың күн тәртібі жобасына жоғары білім беру саласындағы біліктілікті тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын ратифи­кациялау туралы заң жобасы да енгізілді. Бұл құжат академиялық және кәсіби ұтқырлықты кеңей­туге, дипломдарды, дәрежелерді және өзге де біліктіліктерді тану­ды жеңілдетуге, сондай-ақ олар­ды бағалау кезінде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге бағыт­талған.

Жалпы отырыста Мәжіліс 1996 жылғы 16 қаңтардағы Иран Ислам Республикасының Үкi­метi­мен арадағы қосарланған салықты болдырмау  және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы келiсiмге өзгертулер ен­гізілген хаттаманы ратификация­лау туралы жаңа заң жобасын жұмысқа алатын болады.