«Күйеуіңнің WhatsApp-тағы хатын оқуға көмектесемін»: Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

«Полина» WhatsApp-тағы хат алмасуға қол жеткізу үшін алдымен 26 мың теңге көлемінде төлем жасау керегін айтқан.

Қостанайда «WhatsApp-тағы хабарламаларды оқуға көмектесемін» деген желеумен жасалған алаяқтық дерегі тергеліп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қостанай қаласының тұрғыны Instagram желісінде «күйеуінің WhatsApp-тағы хабарламаларын оқуға көмектесемін» деген жарнаманы көргеннен кейін интернет-алаяқтың құрбаны болды. Жарнамадағы сілтеме арқылы өткен әйел Telegram-чатына бағытталып, өзін Полина деп таныстырған қолданушымен байланысқа шыққан.

«Полина» WhatsApp-тағы хат алмасуға қол жеткізу үшін алдымен 26 мың теңге көлемінде төлем жасау керегін айтқан. Ақшаны аударғаннан кейін жәбірленуші бос сілтемені алған. Кейін алаяқ «фото мен видеолар көп болғандықтан, деректер көлемі үлкен» деп қосымша шамамен 20 мың теңге талап еткен.

Екінші төлемнен кейін күдікті барлық хат-хабарды өшіріп, байланысқа шықпай қойған.

Аталған дерек бойынша алаяқтық белгілерімен қылмыстық іс қозғалды. Полиция қылмысқа қатысы бар тұлғаны анықтап жатыр.

Ішкі істер органдары күмәнді сілтемелерге өтпеуге және белгісіз адамдарға ақша жібермеуге қатаң кеңес береді.