Яна Легкодимованың өлімі: айыпталушыларға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы сұралды

Құқық қорғау органдарына марқұмның денесін анықтау үшін 8 ай уақыт қажет болды.

Сотта алдын ала сөз байласу арқылы Яна Легкодимованы өлтірді деп айыпталған сотталушыларға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Сот алдында екі тұлға отыр, олар кісі өлтіргеннен кейін мәйітін және телефонын өзенге тастаған. Құқық қорғау органдарына марқұмның денесін анықтау үшін 8 ай уақыт қажет болды.

Алдын ала жоспарланған бұл қылмыс зорлық-зомбылық қолдану арқылы іздерді жасырумен, ерекше қоғамдық қауіптілікпен, сотталушылардың адам өлтіргеннен кейінгі суыққанды және адамгершілікке жат мінез-құлық әрекеттерімен сипатталады.

Қылмыстық кодекстің 39-бабы талаптарына сәйкес, жаза әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру, сондай-ақ сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстық құқықбұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылады.

Қазақстан Республикасында ең қымбат қазына – адам және адамның өмірі. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Осыған байланысты прокурор ең жоғарғы жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.