Жаңа Жарлықта жаңашылдық көп

Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойғаны есте.

Төрт тараудан тұратын құжаттың жалпы қоғамға ықпалы орасан болмақ. Себебі құжаттың басты мәні – ортақ ұстаным мен мүдде қалыптастыратын идеологияны насихаттау. Саяси аренадан бастап, елдегі әр отбасының өміріне әсер ететін Жарлықтың астарында не жатқанына үңілдік. 

Келісіп пішкен тон келте болмайды

Әуелі Жарлықтың тарауларында не айтылғанына қысқаша тоқталып өтейік. Бірін­ші тарауда ішкі саясаттың мақсаты мен қағидаттары айқындалған. Билік жүр­­гізетін ішкі саясаттың мақсаты – «мем­­ле­­кеттілік пен ел бірлігін нығайту, елді тұрақ­ты дамыту үшін қоғамдық-сая­си ахуалдың тұрақты­лы­­ғын қамтамасыз ету». Мұндағы басты идея әділетті Қа­зақ­станды құру болып отыр.

«Оны жүйелі жүзеге асыру үшін ішкі саясаттың «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет», «Әртүрлі көз­­қа­рас – біртұтас ұлт», «Күшті Пре­зидент – Ық­палды Парламент – Есеп беретін Үкі­­мет», «Адал азамат», «Таза Қа­зақстан» сияқты қағи­даттары қалып­тас­тырылды» деп жазылған Жарлықта.

Ал екінші тарауда жалпыұлттық құн­ды­лықтар және нышандар туралы ай­тыл­са, үшінші тарауда ішкі саясаттың басым бағыттары анықталған. Қоғамдық диалог­тан бастап, этносаралық қатынас, дін са­ла­сы, мәдени-гуманитарлық, отба­сы мен жастар, ақпарат саясаты қамтыл­ған.

Соңғы тарауда «журналистік этика­ның жалпыға ортақ қағидаттарын дәріп­теу, ақпарат кеңістігіндегі кез келген заң­сыз әрекеттің таралуына қарсы іс-қи­мыл жа­сау» туралы сөз болды. Бұған қоса, «дес­трук­тивті идеологияның және үгіт-наси­хаттың, жалған ақпараттың таралуы­на жол бермеу» де ішкі саясаттың басым мақса­тына айналады. Енді билік «масс-медиа саласындағы нормативтік-құқық­тық база­ны жетілдіруді» қолға алмақ. Бұл жұмыс­тарды атқаруға Президент әкімші­лігі тікелей жауапты болмақ. 

Ал өңірлердегі ішкі саясатты жүзеге асыруға барлық деңгейдегі әкімдер, соны­мен бірге олардың ішкі саясат жөніндегі орынбасарлары және басқа да уәкілетті жергілікті атқарушы органдар жауапты. Яғни, құжатта көрсетілген міндеттерді орын­дауға бәрінен бұрын билік өкілдері мүдделі болуға тиіс. Жалпы, бұл құжат бір адамның немесе белгілі топ­тың мүддесі үшін жазылмағанын ескеру керек. Билік­­тің, қоғамның, белсенді азаматтардың бірлесе сараптауынан кейін қабылданып отыр. 

– Біріншіден, бұл құжаттың қалай пай­да бол­ғанына тоқталу маңызды. Бура­байда өткен Ұлттық құрылтайдың IV от­ы­ры­сында Мемлекет басшысы ішкі сая­саттың мазмұны мен бағыттарын ай­қын­дай­тын тұжырымдамалық құжатты әзір­леу жөнін­дегі сарапшылар мен қоғам қай­раткер­лерінің ұсын­­ысын қолдады. Осыдан кейін жарты жылдан астам уақыт бойы Ұлттық құрылтай мүшелері, аза­мат­­тық қоғам өкілдері және ғылыми орта қатысқан түрлі диалогтік алаңдарда талқы­лаулар жүр­гізілді.

Екіншіден, бұл – жүйе құраушы құжат. Ол мемлекет жүргізіп отырған ішкі сая­сат­тың барлық бағыттарын біртұтас логи­ка­лық арнаға біріктіреді. Әсіресе, ішкі саясат саласында жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілер үшін бұл құжат базалық болу­ға тиіс. Оны мемлекеттік қызметке қа­был­дау және біліктілікті арт­тыру бағдарла­маларына енгізу қажет.

Үшіншіден, бұл құжат қоғам үшін де маңызды. Ол мемлекеттік саясаттың мәні мен ұзақмерзімді мақсатын айқын түсі­ну­ге мүмкіндік береді. Құжат­тың орталық мақ­­саты ретінде мемлекетшілдікті, ұлт­тық бірлікті және елдің орнықты қоғам­дық-сая­си дамуын нығайту міндеті белгі­л­ен­ген, – дейді саясаттанушы Бөріхан Нұр­мұхамедов.

Сарапшының сөзінше, құжатта Мем­лекет бас­шы­сы әр жылдары ұсынған не­гізгі қағидалар жүйелі түрде біріктірілген. Бар­лығы «Әділетті Қа­зақ­стан» ұғымының мазмұнын ашады. Сондық­тан бұл – жай ұран емес, болашақтың моделі. Бұл мо­дель­де заң бәріне бірдей қолданылады, шешімдер қоғаммен талқыланады, табыс еңбек пен кәсібилікке негізде­леді, соның арқасында әрбір азамат өз елінің дамуы­на қажет екенін сезінеді.

Әріптесінің сөзін саясаттанушы Ай­герім Серікжанова да растап отыр. Талқы­лау үдерістеріне жас ғалым ретінде қатыс­қан ол жаңа құжат қоғам мен мемлекеттің диалогындағы өзара ықпалдас­ты­ғының айқын көрінісі болғанын жеткізді.

Құжатты іске асыратын органдарға тұтас билік органдары түгелдей енген. Бі­рақ ең негізгі шаруаны аймақ, аудан, ауыл, қалалардағы әкімдіктер ат­қарады. Алдағы уақытта жер­гілікті билік Жарлықты қалай іске асы­рады, қандай іс-шаралар жоспарын құрады – ендігі мәселе осында болмақ. 

Қоғам сұранысын ескерген құжат

Аты айтып тұрғандай, Жарлық ішкі саясатқа бағыт беруге негізделген. Мұнда ортақ ұстанымға негізделген пікірлер біріктірілген. Қоғам үніне құлақ асу – осы. Енді әр шешімді, жауаптылардың әр қада­мын осы құжат екшейді, әрі уа­қытында қабылданды деуге негіз бар. Неге қажет болды дерсіз? Мемлекет түгілі, әр адам болашағын жоспарлайды. Сол іспетті қоғамның ортақ мүддеге құрылған бағдары болуға тиіс. Сондықтан мемле­кеттің ішкі саясатын Жар­лықпен бекітіл­ген бір стра­тегиялық құжатқа сыйғызу қажет болды. 

– Кез келген мемлекет даму кезеңдері­нің өз­ге­рісіне сай қоғам сұранысын ес­керіп, өз даму век­тор­ын айқындап отыра­ды. Осы тұрғыда жаңғырудың жаңа кез­еңіне қадам басқан Қазақстан үшін бұрын­нан бастау алған реформаларды, Президент баста­маларын және жалпы даму бағытымызды жүйе­лей­тін мұндай құжаттың қабылдануы – уақыт тала­бы. Бастама тек мемлекеттік органдарға емес, бүкіл қо­ғамға, яғни азаматтық қоғам инс­титуттары­на бағытталған. Бұл оның ин­к­лю­зивті сипатын көр­сетеді, – дейді сая­саттанушы Айгерім Серікжанова.

Құжатта мәдени-гуманитарлық және ақпарат­тық саясаттың, жастар мен отбасы саясатының бір­тұтас идеологиялық кеңіс­тікке біріктірілуі де маңызды оқиға болды. Мы­салы, онда «Отбасы сая­сатының тиім­ділігін қамтамасыз ету үшін: отбасы инс­ти­тутын нығайту және отбасы құндылық­тарын қолдау; жауап­ты ата-ана идеясын дәріптеу; тұрмыс­тық зорлық-зомбылық­тың алдын алу және оған қарсы тұру, әйел­дер мен балалардың қауіпсіздігін қам­­тамасыз ету; отбасы саясаты саласын­дағы нор­ма­тивтік-құқықтық базаны жетіл­діру қажет» екені жазылған. 

Бір қарағанда бәріне белгілі жайт. Алайда ажыра­судың азаймауы, балалар мен әйелдерге қысым, буллинг, қорлау, адами құндылықтарын құнсыздандыру тәрізді проблемалар құжаттағы отбасы саясатының маңызды екенін көрсетіп отыр. Мемлекет отбасы институтын сақ­тау­ға, қорғауға, дамытуға, жаңа замана талаптарына ыңғайлауға, зорлық-зомбы­лықпен күресті қамтитын кешенді әрі жүйелі жұмыс жүргізуге мүдделі.

Әрине, тәуелсіз ел болғалы қоғам өмірі­не ықпал ететін, бір мақсатқа үндей­тін ауқымды бағдарла­ма­лар, Жарлықпен бекітілген құжаттар аз болмады. Сонда жаңа құжаттың алдыңғыларына қарағанда қандай ерекшелігі бар? 

– Мысалы, бұрынғы «Рухани жаң­ғы­ру» бағдар­лама­сы негізінен құндылықтар мен қоғамдық сана­ны жаңғыртуға бағыт­талды. Ал жаңа құжат мемле­кетті басқару мен мемлекеттік органдардың жұмыс істеу тәртібіне арналған. Онда «қайда барамыз?» деген сұрақпен бірге «мем­ле­кеттік органдар қалай жұмыс істеуге тиіс?» деген сауалға нақты жауап бар. Осы құжаттың қағаз жүзінде қалып қоймауы үшін оны мемлекеттік қызметтің нақты ережелеріне, жос­парлау жүйесіне, көрсет­кіштерді бағалау тәрті­біне енгізу маңызды.

Қаржылық шығындар тұрғысынан ал­ғанда, бұл құжаттың «Рухани жаңғыру­дан» айырмашылығы қосымша ірі қар­жы­ны талап етпейді. Бұл құрылыс немесе үлкен инфрақұрылымдық бағдарлама емес, жаңа қорлар мен гранттарды көзде­мейді. Құжат­тың мәні – мемлекеттік ор­ган­дар­дың жұ­мыс тәсілін өзгерту, ше­шім қабылдау тәртібін, қоғаммен диа­лог­ты, заңдылық пен есептілікті күшейту, – деп топшылады саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов.

Мұның барлығын қолданыстағы бюд­жет аясында жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Сондықтан мәселе қаржыда емес, орындау тәртібі мен саяси ерік-жігерде болып тұр. Бұл бастама сәтті жүзеге асқан кезде, басты құндылықтың бірі саналатын мемлекет­шіл­дік идеясын толық сіңіре аламыз.

Мадияр ТӨЛЕУ