Іс-шараның басты мақсаты – цифрлық қоғам дәуірінде жасанды интеллектінің дамуы мен ұлттық құндылықтарға негізделген тәлім-тәрбиенің үйлесімділігін қамтамасыз ету жолдарын талқылау, үздік тәжірибелерді таратып, құзырлы органдарға нақты ұсынымдар әзірлеу болды.
Форум жұмысына «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, өңірлік білім басқармалары мен әдістемелік орталық мамандары, ғалымдар, педагогикалық оқу орындарының оқытушылары мен профессорлары, мектеп мұғалімдері, ата-аналар, магистранттар мен докторанттар, сондай-ақ мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған Ербол Байқонысов цифрлық технологияның қоғам өміріндегі рөлін атап өтіп, оның ұлттық болмысқа кері әсерін болдырмаудың маңыздылығына тоқталды:
«Бүгінде жасанды интеллект пен цифрлық орта біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Бірақ осы мүмкіндіктермен қатар, тәуекел де бар. Сол себепті технологиялық даму ұлттық құндылықтарымызға қайшы келмей, керісінше, ұлт тәрбиесіне, жас ұрпақтың рухани кемелденуіне қызмет етуі керек», – деді ол.
Форум аясында ұлттық құндылықтар мазмұнындағы ғылыми және оқу-танымдық әдебиеттер көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ Академия серіктестері әзірлеген подкасттар мен зерттеу еңбектеріне сілтемелер ұсынылды.
Шара соңында қатысушылар форум қарарын қабылдап, дайындалған ұсынымдар тиісті уәкілетті органдарға жолданатын болды. Барлық қатысушыларға электронды сертификаттар табысталмақ.