Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігінде Тайваньның азат етілуінің 80 жылдығына арналған еске алу шарасы өтті. Іс-шара Қытай халқының Жапонияға қарсы соғыстағы жеңісінің және елдің аумақтық тұтастығын қалпына келтірудің тарихи маңызын айшықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
1945 жылғы 25 қазанда Тайбэй қаласында «Қытай соғыс аймағының Тайвань провинциясын қабылдау салтанаты» өтіп, Тайвань ресми түрде Қытайдың бір бөлігі болып қайта оралды. Бұл оқиға Қытай халқының Жапонияға қарсы соғыстағы жеңісінің маңызды нәтижесі және Қытай үкіметінің Тайваньға қатысты егемендігін қалпына келтіргенінің нақты дәлелі ретінде тарихта қалды.
– Тайваньның азат етілуі – Қытай халқының Жапонияға қарсы соғыстағы жеңісінің маңызды нәтижесі, Қытай үкіметінің Тайваньға қатысты егемендігін қалпына келтіргенінің бұлтартпас дәлелі, Тайваньның Қытайдың ажырамас бөлігі екендігін айқындайтын тарихи және құқықтық тізбектің маңызды буыны болып саналады. Бұл – екі жағадағы отандастардың ортақ мақтанышы әрі бүкіл қытай халқының ұлттық жадында мәңгі сақталатын тарихи оқиға, – деді Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлинь.
Биыл ҚХР Бүкілқытай халық өкілдері жиналысының Тұрақты комитеті 25 қазанды «Тайваньның азат етілу күні» ретінде ресми бекітті. Бұл шешім Қытайдың біртұтас егемендігін қорғау, соғыстан кейінгі халықаралық тәртіпті сақтау және елдің аумақтық тұтастығын нығайту бағытындағы табанды ұстанымын көрсетеді.
– 1949 жылдың 1 қазанында Қытай Халық Республикасының Орталық Халық Үкіметі құрылды. Ол бұрынғы Қытай Республикасының орнын басып, бүкіл Қытай халқын өкілдік ететін жалғыз заңды үкімет ретінде халықаралық деңгейде мойындалды. Бұл – Қытай мемлекеті деген халықаралық құқықтық субъектінің өзгеріссіз қалуы жағдайында болған билік алмасу еді; сондықтан Қытайдың мемлекеттік егемендігі мен тарихи қалыптасқан аумақтық шекаралары еш өзгеріске ұшыраған жоқ. Осыған орай, Қытай Халық Республикасының үкіметі бүкіл Қытай аумағына, соның ішінде Тайваньға да, толық егемендік жүргізуге және оны жүзеге асыруға толық құқыққа ие. 1971 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы басым дауыспен №2758 қарарын қабылдап, онда «Қытай Халық Республикасының өкілдері – Қытайды Біріккен Ұлттар Ұйымында танытатын жалғыз заңды өкіл» деп нақты бекітті. БҰҰ Хатшылығының Құқықтық істер жөніндегі басқармасының ресми құқықтық қорытындысында да анық айтылғандай, «Тайвань - Қытайдың бір провинциясы болып табылады және оның жеке тәуелсіз мәртебесі жоқ». Қазіргі таңда әлемнің 183 мемлекеті Қытай Халық Республикасымен дипломатиялық қатынас орнатқан және Тайвань мәселесінде Қытай үкіметінің қалыптасқан ұстанымдарын тұрақты түрде қолдайтынын жариялап отыр, – деп атап өтті Елші.
Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап Қытай Халық Республикасының үкіметін Қытайдың жалғыз заңды үкіметі ретінде мойындап, Тайваньды Қытай аумағының ажырамас бөлігі деп таныды. Сонымен бірге, Тайвань мәселесінде Қытай тарапына тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді.
– Бүгінгі таңда «Бір Қытай» қағидатын берік ұстанып, кез-келген формадағы «Тайвань тәуелсіздігіне» қарсы шығып, Қытай үкіметінің елдің бірлігі жолындағы атқарып жатқан барлық күш-жігерін қолдайтын мемлекеттердің саны да артуда. «Бір Қытай» қағидаты халықаралық қатынастардың маңызды ұстанымына және әлемдік қоғамдастық мойындаған ортақ келісімге айналды, – деді Хань Чуньлинь.
Бас хатшы Си Цзиньпин атап көрсеткендей «Тайвань мәселесі ұлт әлсіздікке ұшырағандықтан пайда болды, бірақ бұл мәселе ұлттың қайта өрлеуі арқылы міндетті түрде шешімін табады». Бүгінде ҚХР үкіметі бейбіт жолмен бірігу саясатын ұстанып, Тайвань халқының әлеуметтік және экономикалық дамуына мүмкіндік беретін шаралар қабылдап, осы бағытта жұмыстар жүргізуде.