Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Түркиядан емделіп оралған Ербаян Мұхтардың денсаулығына қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
"Өкінішке қарай, ол ауыр жарақат алды. Біздің мамандардың бағалауы бойынша оның оңалып кету әлеуеті аса үлкен емес. Бұл көрсеткішті үнемі қайта бағалап, бақылап отыру керек. Жуырда ол Түркиядағы клиникадан оралды. Өкінішке қарай, оның нақты қандай оңалту емін алғанын айта алмаймын. Біз оны үйіне жеткіздік. Мемлекеттің өз азаматтарын шетелден санавиация арқылы ұшақпен жеткізуге мүмкіндігі бар. Жақын маңдағы көрші елдердің көбінде ондай мүмкіндік жоқ", – деді Тимур Мұратов.
Вице-министрдің айтуынша, Ербаян Мұхтарды Қазақстанға санитарлық авиация арқылы жеткізу шамамен 50-60 миллион теңгеге түскен. Бұл шығындардың бір бөлігін Денсаулық сақтау министрлігі көтерген.
"Арнаулы мамандар мен сарапшылардан құралған топ оның жағдайын қайта қарайды. Осылайша оңалту әлеуетін тағы бір мәрте бағалайды", – деп жауап берді ДСМ өкілі.