Алакөл – өңірдегі жетекші туристік орталықтың біріне айналмақ

Жалпы ауданы 1 000 гектардан асатын демалыс және туризм аймақтарын қалыптастыру, қоғамдық және тұрғын аумақтарды дамыту көзделген.

Алакөл жағалауында демалушылар үшін қолайлы жағдай жасап, оның инфрақұрылымын дамыту бойынша нақты шаралар қабылданды. Биыл жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлініп, көл жағалауындағы Қабанбай ауылында құтқару стансасы және өрт сөндіру депосының құрылысы басталды. Сондай-ақ жаңа электр желісін тарту, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Абай облысының әкімі Берік Уәли жеткізді, деп хабарлайды Аikyn.kz. 

Жобаларды жүйелі түрде  және сапалы іске асыру үшін көл жағалауының жаңа бас жоспарының жобасын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы ауданы 1 000 гектардан асатын демалыс және туризм аймақтарын қалыптастыру, қоғамдық және тұрғын аумақтарды дамыту көзделген», деді Абай облысының әкімі Берік Уәли. 

Оның айтуынша, жобаны іске асырудың нәтижесінде Қабанбай ауылының аумағы мен көл жағалауын біріктіріп, игерілген жер көлемін 3 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланған. Болашақта бұл Алакөлді өңірдің жетекші туристік орталықтарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді.