Жаңа орталық Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасында аккредитациядан өтіп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен құрылды. Жоба тау-кен және металлургия салаларындағы қызметкерлер мен лауазымға үміткерлердің кәсіби деңгейін тәуелсіз түрде бағалап, ресми түрде тануға арналған. Сондай-ақ кәсібилікті жетілдіру негізінде Ұлттық біліктілік жүйесі талаптарына сәйкестендіріле отырып, оның дамуына да өз үлесін қосады. Ал Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту – саладағы кадр тапшылығын шешу және еңбек нарығындағы кәсіби бағалауға деген сенімді нығайтуға бағытталған бастама.
Орталықтың көмегімен қызметкерлер оқи жүріп, тәжірибе жүзінде жинақтаған білім-білігін ресми түрде растай алады. Компаниялар үшін бұл кадрлар құзыретін тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Бағалаудың бірыңғай стандарты ашық және айқын негізде жүргізіледі. Мұндай тәсіл өндірістің тиімділігін арттырып, кәсіпорындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуына ықпал етеді.
– Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында елімізге жоғары білікті, кәсіби дайын мамандар қажет екенін айтты. Кәсібилікті тәуелсіз бағалау орталығы – ERG-дің Қазақстандағы адам капиталын дамытуға қосып отырған үлесі. Біз халықаралық стандарттарға сай ашық және әділ бірыңғай бағалау жүйесін қалыптастырамыз. Бұл біздің мамандарымыздың тек ел ішінде ғана емес, сыртта да бәсекеге қабілетті болуына жол ашады, – деді ERG директорлары кеңесінің төрағасы, Бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов.
Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының қолдауымен және саладағы білікті сарапшылардың қатысуымен ашылған орталық біліктілікті тәуелсіз бағалаудың озық тәжірибелеріне сүйенеді. Мұнда жұмыс мемлекеттік және халықаралық талаптарға сай жүргізіледі.
– ERG-дің бұл орталығы болашақта халықаралық деңгейде қызмет көрсетіп, шетелдік ұйымдармен де серіктесе алатынына сенімім мол. Мұндай құрылымдар өнеркәсіп аймақтарын кеңінен қамтып, кәсіпорын қызметкерлерінің кәсіби қабілет-қарымын елде де және шетелдерде де мойындатуға мүмкіндік береді. Кәсіпорындар мен оқу орындарының ынтымақтастығы кәсіби даярлаудан бастап, біліктілікті тануға дейінгі толық экожүйені қалыптастырады. Бұл білім беру мен өндіріс жүйесі қанаттаса қатар жүретін болашақтың даму моделі, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов.
Алғашқы кезеңде біліктілікті тануға 12 негізгі кәсіп бойынша бағалау жүргізіледі. Олардың қатарында ферроқорытпа балқытушы, матаушы, металлургиялық өндірістегі кран машинисі, электргазбен және қолмен доғалы дәнекерлеуші, электрмен дәнекерлеуші, жарушы, ұңғылаушы, экскаватор мен тиеп-жеткізу машинасының машинисі, ауыр жүк көліктерінің жүргізушілері сынды мамандықтар бар. Бағалау соңғы заманауи үлгіде міндетті және ерікті түрде жүзеге асырылады. Орталық қызметін тек ERG қызметкерлері ғана емес, басқа да кәсіпорын мамандары, студенттер мен түлектер, мердігер ұйым жұмысшылары да пайдалана алады.
ERG кәсіби біліктілікті тану орталығын Ақсу қаласында ашуы бекер емес. Таңдау – әлемдік ферроқорытпа өндірісінің алпауыты мен Топтың «Энергетика» дивизионының күретамыры орналасқан қаланың әлеуетіне сай жасалды. Бұл бағалау үдерістерінің қолжетімділігі мен ыңғайлылығын қамтамасыз етеді.
Алдағы уақытта компания мұндай орталықтарды Рудный мен Хромтау қалаларында да ашуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар бағалау нәтижелерін ERG-дің корпоративтік оқыту жүйесіне енгізу көзделген. Бұл HR-жүйелерінде қызметкердің кәсіби деңгейін автоматты түрде ескеруге мүмкіндік береді.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ