Отбасы беріктігі – қоғамның тірегі

Шымкент қаласында әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, гендерлік теңдікті нығайту және отбасылық-демографиялық саясатты жетілдіру мәселелеріне арналған кең көлемді басқосу өтті.

Бұл жиын қазіргі қоғамдағы әйелдің рөлі мен жауапкершілігі, отбасы құндылығы, баланың дамуы мен тәрбиесі секілді маңызды тақырыптарды қамтыды. Іс-шараға мемлекеттік орган өкілдері, ғалымдар, депутаттар, медицина және білім саласының мамандары, азаматтық қоғам мүшелері қатысты.

Жиынды «AMANAT» партиясы Шым­кент қалалық филиалы атқарушы хатшы­сы­ның орынбасары Ербол Байқонысов ашып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әйелдердің құқықтарын қорғау мен қоғамдағы белсенділігін арттыру бағы­тын­дағы саясатына тоқталды. Оның ай­туын­ша, бүгінде «AMANAT» партиясы қа­та­рындағы әйелдердің үлесі 65 пайыздан аса­ды, ал бастауыш ұйымдардың жарты­сы­нан көбін әйелдер басқарады. Бұл көр­сеткіш нәзікжандардың ел өміріндегі ор­нын айқындайды. Партияның «Әйел ама­наты» жобасы әйелдерді қолдау, олар­дың әлеуетін арттыру және әр салада көш­бас­шы болуына мүмкіндік беретін диалог алаңы ретінде маңызды рөл атқарып ке­леді.

Басқосуда әйелдер қанатының жетек­ші­сі Наргиза Керимбаева өңірде атқары­лып жатқан жұмыстарды баяндап, қоғамда әйел көшбасшылығын дамыту бағытын­да­ғы нақты нәтижелерге тоқталды.  Пре­зи­дент жанындағы мемлекеттік басқару ака­демиясының доценті, саясаттанушы Сәу­ле Рысбаева «Гендерлік теңгерім және тең­дік» тақырыбында сөз сөйлеп, еліміздегі әйел­дердің мемлекеттік басқарудағы үлесі артып келе жатқанын атап өтті. Ал қалалық мәслихат депутаты, профессор Дария Қожамжарова «Ғылымдағы әйелдердің рөлі» жөнінде баяндама жасап, әйелдердің білім мен ғылым саласындағы табандылығы мен еңбегі ел дамуының қозғаушы күші екенін айтты.

Әйелдердің әлеуметтік белсенділігі мен гендерлік теңдік тақырыбы отбасылық құн­дылықтармен тығыз байланысты. Осы мақсатта «AMANAT» партиясы Шымкент қа­лалық филиалының әйелдер қанаты ұйым­дастырған «Спорт арқылы бала тәр­бие­сі: тәртіп, жігер, құрмет» және «Бала ги­гиенасы – денсаулық кепілі» атты кез­десулерде аналар мен мамандар баланың жан-жақты дамуына қатысты пікір алмас­ты. Кездесуде сөз алған Наргиза Керим­баева бала бойындағы тәртіп пен төзімділік ер­теңгі азаматтық ұстанымның бастауы, спорт тек денешынықтыру емес, ол ерік-жі­гер мен мінездің мектебі екенін атап өтті. Қа­зақстан гимнастика федерациясының пре­зиденті, қалалық мәслихат депутаты Әлия Юсупова спорттың бала психо­ло­гия­сына оң әсер ететінін жеткізді. – Ба­ла спортпен айналысқанда өзін жеңуге, мақ­сат қоюға және нәтижеге жетуге үйренеді. Бұл қасиеттер оны өмір бойы жетістікке жетелейтін негіз болады, – деді ол.

Ал дәрігер Дария Төкқұлыева бала ги­гие­насы мен аурулардың алдын алу мә­селесін көтеріп, денсаулықтың бастауы та­­­залықта, қарапайым гигиеналық дағ­ды­ларды балаға ерте жастан үйрету ата-ана­ның басты міндеті екенін жеткізді. Кеңес отырысында сөз алған сарапшылар мен қоғам белсенділері әйелдердің саяси, әлеу­меттік және отбасылық өмірдегі бел­сен­ділігі мықты қоғам мен тұрақты мем­лекет­тің кепілі екенін атап өтті. Гендерлік теңдік ұғымы – тек әйелдердің құқықтары емес, ол жұмылған қоғамның бірлігі мен әділдігі, ұрпақ тәрбиесі мен отбасылық мәдениеттің негізі.

Осындай бастамалар арқылы Шымкент қаласында әйелдердің әлеуетін ашу, от­ба­сылық институтты нығайту және бала­лар­дың тәрбиесі мен денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстар жаңа қарқын алып отыр. Қоғамның даму деңгейі әйелдің әлеуе­тіне, ананың беделіне және баланың тәр­биесіне тікелей байланысты. Отбасы берекесі –  ел болашағының кепілі.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы