Жаһандық тұрақтылықтың тірегіне айналады

Соңғы жылдары Қазақстанның сыртқы саясатында жаңа белсенділік айқын сезілуде.

Еліміз әлемдік және аймақтық процестердің бел ортасында жүріп, ірі державалармен тең дәрежелі қарым-қатынас орнатуға ұмтылып отыр. Бұл бағыттағы басты қадамдардың бірі – C5+1 форматындағы ынтымақтас­тықты жаңа деңгейге көтеру және Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылу шешімі.

Парламент Мәжілісінің депутаты, Халық­аралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік ко­митетінің төрағасы Айгүл Құспан C5+1 форматы мен Авраам келісімдеріне қосылу еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатын жаңа деңгейге көтереді деген пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, Қазақстанның мақсаты – тек шикізат жеткізуші емес, жоғары қосылған құны бар өнім өндіруші елге айналу. 

– C5+1 алаңы бүгінде Қазақстанның көпвек­торлы сыртқы саясатын жүзеге асырудағы маңызды құралға айналған. Бұл формат алға­шында ми­нистрлер деңгейінде басталған еді, бірақ бүгінде мем­лекет басшылары деңгейіне дейін көтерілді. Бұл – өзара сенім мен тиімді ынтымақтастықтың айғағы, – дейді ол.

Депутаттың пікірінше, АҚШ пен Орталық Азия арасындағы өзара іс-қимылдың күшеюі кездейсоқ емес. 2019 жылы қабылданған АҚШ-тың Орталық Азиямен ынтымақтастық стра­тегиясы өңірдің тәуелсіздігін, аумақтық тұтас­тығын және экономикалық дербестігін қолдауға бағытталған. 

«Стратегия 2025 жылға дейін әрекет етеді және оның мақсаттары біздің мүддемізбен толық үндес. АҚШ өңірлік интеграцияны нығайтып, энергетика мен сирек кездесетін металдарға баса назар ау­даруды көздейді», – дейді А.Құспан.

Сондай-ақ ол Қазақстан мен АҚШ арасын­дағы экономикалық қатынастардың тұрақты өсіп келе жатқанын атап өтті. Бүгінде екі елдің тауар айна­лымы 4,2 миллиард долларды құрайды, ал АҚШ инвестицияларының көлемі 100 миллиард долларға жетті. 

«Бұл – Орталық Азияға тартылған шетелдік ин­вестициялардың 80 пайызы және еліміздің тәуел­сіздік жылдарындағы барлық инвестиция­лардың 13 пайызына тең көрсеткіш. Бұл – өзара сенімнің нақты дәлелі», – деді депутат.

Айгүл Құспан энергетика саласы әлі де негізгі бағыт болып қала беретінін, бірақ сирек кездесетін минералдар мен транзиттік жобалар да қатар дамитынын атап өтті. 

«АҚШ тұтынатын уранның шамамен 24 пайы­зын Қазақстан қамтиды. Егер біз экспорт көлемін арттырсақ, стратегиялық серіктеске айналамыз. Бірақ басты мақсат – тек шикізат жеткізуші емес, жоғары қосылған құны бар өнім өндіруші ел болу», – дейді ол.

Осы тұрғыда Wabtec компаниясымен бірлесіп локомотивтер шығару жобасы мысалға келтірілді. Бұл жоба арқылы Астанадағы зауытта 47 пайыз­дық локализация деңгейіне қол жеткізілген. 

«Бұл – энергия үнемдейтін және ұзақ қызмет ететін заманауи техника. Біз Қазақстанды тран­зиттік хабқа айналдыруды көздеп отырмыз, сон­дық­тан осындай жобалар өте маңызды», – деді депутат.

Айгүл Құспанның пікірінше, Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылу туралы шешімі елі­міздің жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылыққа қосқан үлесін айқындайды. Депутат Қазақстан­ның бұл бастаманы қолдау арқылы бейбітшілік пен серіктестік идеясын кеңейтіп отырғанын атап өтті. 

– Авраам келісімдері әзірге декларативті си­патта болғанымен, олардың болашағы зор. Егер осы формат аясында нақты экономикалық жобалар іске асып, жаңа мемлекеттер қосылса, бұл келі­сімдер жаһандық тұрақтылықтың тірегіне айналары сөзсіз, – деді А. Құспан.

М. ТӨЛЕУ