Жаңа маусымға – жаңа қарқынмен

Taldau Talks-тың жаңа YouTube арнасында подкастың жаңа маусымдағы жарияланымы жарық көрді.

Бұл жолы сарапшылар –инфляцияны тежеу үшін Үкімет қабылдап жатқан шаралардың тиімділігін бағалап, талдамалық болжамдар жасады. Атап айтқанда, дағдарысқа қарсы шаралар, бюджеттік-салық реформасының тәуекелдері, әлеуметтік теңсіздікке байланысты қалыптасқан жағдай және Қазақстанның экономикалық дамуының басқа да қырлары талқыланды.

Талқылауға Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастамашы болды. Шақырыл­ған меймандардың қатарында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Премьер-министр­дің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және экономист Айдархан Құсайынов бар.

Палата Спикері атап өткендей, жаңа эко­номикалық модель ішкі сұранысқа, әлеуметтік тұрақтылыққа және ұзақмерзімді өсуге бағдар­лануы­мен ерекшеленеді. Ол қабылданған шара­лардың ішінен бензин мен дизель бағасын өсіруге мораторий жариялау, коммуналдық тарифтерді көтеруге тыйым салу, арнайы салық режимі бо­йынша шектеулерді алып тастау, ипотекалық бағ­дар­ламаларды қаржыландыру, ШОБ-ты қолдау сияқты нақты бастамаларды ерекше атап өтті. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, бұл ба­ғыт­та әрі қарай сапалы трансформация жүргізу үшін барлық мүдделі тарап үйлесімді жұмыс жүргізуі қажет.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет азаматтардың мүдделерін қорғау үшін экономикалық рефор­малар бағдарламасы бойынша түзету шараларын ұсынды. Мемлекет инфляциялық қысымды төмендету және реформалардың салдарын азайту үшін нақты қадамдар жасауда. Бұл ретте іске асы­рылып жатқан бағдарламалар қазіргі жағ­дайды қолдап қана қоймай, экономиканың нақты секторларын, банк жүйесін және шағын биз­несті дамытуды ынталандыруға тиіс», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар қатысушылар елдің тұрақты және сапалы экономикалық өсуінің негізгі шарттарына тоқталды. Олар реформаларды әлеуметтік өлшеумен қатар, бюджет-салық трансформациясына, әртараптандыруға және жаңа экономикалық саясаттың ресурстарына қатысты мәселелерге ерекше назар аударды.

«Бүгінде күрделі сыртқы конъюнктура мен құрылымдық сын-қатерлерге қарамастан, ел экономикасы сенімді өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Дегенмен жалпы ішкі өнім көрсет­кіштері, инвестиция қарқыны немесе экспорт көлемі картинаның бір жағы ғана. Президентіміз атап өткендей, бұл өсуді әрбір азамат сезінуге тиіс. Сондықтан жаңа мүмкіндіктер тек мега­полистерде ғана емес, өңірлерде де құрылып, экономика адам үшін жұмыс істеуі керек, керісінше емес. Сондықтан реформаларға назар біртіндеп цифрлардан құралған көрсеткіштерден – өмір сапасына, адам капиталын дамытуға және тұрақты институттарды қалыптастыруға ауысуда. Президент саясатының басымдығы осы», – деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, Taldau Talks – ашық диалогқа арналған подкаст-платформа. Онда ел дамуының өзекті мәселелері және Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді іске асыруға арналған практикалық қадамдар талқыланады.

М. ТӨЛЕУ