Aikyn.kz тұманды аралдан шыққан даудың себебін BBC News сайтына сүйеніп талдайды.
«BBC мінсіз емес, сондықтан біз әрдайым ашық, айқын және есеп беруге дайын болуымыз керек. Бұл шешіміме осы жағдай ғана әсер еткен жоқ. BBC News төңірегіндегі қазіргі пікірталас менің шешіміме ықпал етті. Жалпы, BBC жақсы жұмыс істеп келеді, дегенмен кейбір қателіктерге жол берілді. Бас директор ретінде соңғы жауапкершілік менің мойнымда», – деп жазды Дэйви өзінің хатында.
Ол директорлар кеңесімен қызметтен кету мерзімін келісіп жатқанын, алдағы бірнеше айда өкілеттілікті жаңа басшыға біртіндеп тапсыратынын айтқан.
«Президент Трамп туралы Panorama бағдарламасы төңірегіндегі жалғасқан дау мен аса қадірлейтін мекеме BBC-ге зиян келтіре бастады. Иә, қателіктер болды. Бірақ BBC News ұйымы тарапынан жүйелі көзқарастық бұрмалау бар деген айыптаулар шындыққа жанаспайды», – деді Тернесс өз мәлімдемесінде.
Ол жауапкершілікті толық мойнына алып, сенбі күні (8 қараша) Тим Дэйвиді өзінің қызметтен кететіні жөнінде хабардар еткен.
Тим Дэйви BBC бас директоры қызметін 2020 жылдың қыркүйегінен бері атқарып келді. Бұған дейін ол жеті жыл бойы BBC Studios коммерциялық бөлімшесін басқарып, корпорацияда жалпы 20 жыл еңбек еткен.
Дебора Тернесс 2022 жылдан бері BBC News-ті басқарады. Әлемнің 40-тан астам тілінде хабар тарататын, құрамында 5 000-нан астам қызметкері бар редакциялық құрылымға жетекшілік етті. BBC News аудиториясы 500 миллионнан асады.
BBC төрағасы Самир Шах оның отставкасын «қайғылы күн» деп атап, Дэйвидің ұйымды табандылықпен және көрегендікпен басқарғанын айтқан. Үздіксіз қысым оны осындай шешімге әкелгенін түсінетінін жеткізген.
Трамп болса, TruthSocial желісінде: «Олар менің 6 қаңтардағы өте жақсы (ТАҢҒАЛАРЛЫҚ!) сөзімді «бұрмалағаны» үшін бәрі отставкаға кетіп жатыр» деп жазды. Америка президенті BBC-ді «сайлауға араласуға әрекет жасады» деп айыптады.
The Telegraph басылымы Panorama бағдарламасында Трамптың 2021 жылы 6 қаңтарда Капитолийдегі оқиғалар күні айтқан сөзін монтаж жасап, екі бөлігін қиып, біріктіргенін хабарлаған. Бұл көрермендерге Трамп тәртіпсіздік пен шабуылды қолдағандай әсер қалдырылған.
Сондай-ақ құжатта BBC-дің жоғары басшылығы мен төрағасы корпорацияның өзінің редакциялық стандарттарды қадағалау органынан түскен бірқатар маңызды шағымдарды елемегені және кері қайтарғаны айтылған. Осылайша, Трамптың сөздерін бұрмалауға BBC-дің жоғары басшылығы келісім берген.
Оқиға BBC сияқты ірі қоғамдық медианың ақпараттық бейтараптық пен жауапкершілік принциптеріне қатысты сенімнің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Жаңалықтар әдейі бұрмаланды ма әлде техникалық қате болды ма? Қалай болғанда да бұл дау медиаға деген қоғамдық сенімнің әлсіреу қаупін күшейтті. Дэйви мен Тернесс отставкасы BBC-дің осы сенімді қайта қалпына келтіруге жасалған талпынысы сияқты.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.