Астанада ақын Нұрболат Жолдасбектің «Періштелер көрген түс» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті

Жиынға белгілі зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.

Күні кеше Астанада ақын Нұрболат Жолдасбектің «Періштелер көрген түс» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жиынға белгілі зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты. Атап айтқанда, Тоқтарәлі Таңжарық, Бауыржан Қарағызұлы, Ықылас Ожайұлы секілді белгілі ақындар кітаптың тұсаукесер рәсіміне келіп, әдебиеттің қазіргі аяқ алысы туралы кесек ойларын айтты.

Бұл туынды қазақ поэзиясында ерекше орын алатын шығармалардың бірі саналады.

Себебі жиынға келген жұрт ақын Нұрболаттың азаматтық көзқарасын мемлекеттің өркендеуіне қосқан туындысы деп санайды. Сондай-ақ кітапта дін, тіл, ұлт мәселесі де айтылған.

Іс-шарада жастар ақынмен сұхбаттасып, әдебиет төңірегіндегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

Оған қоса, атыраулық Тәуірбек Бозекен мен Абылайхан Жұмаш гитарада ән айтып, жиналған жұртты ерекше әсерге бөледі.

Кеш тізгінін ұстаған ақын, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Шерхан Талап ақын жайлы:

- Нұрболаттың осы бір тырнақалды туындысын жаңа жыр жинақтарының жаңа бір тынысқа, жаңа бір соқпаққа деген, сүрлеуге деген өзіндік талпынысы деп білемін. Оның өлеңдерінің тек бұл кітаппен шектеліп қалмайтыны да анық. Себебі оның әлеуеті бұдан да үлкен туындыларға, үлкен ауқымды дүниелерге жол ашады деп сенеміз!-дейді.