Нұрлан Өнербаев енді «Анашым» әнін орындамайтынын айтты (видео)

Әнді орындамауға не болғанын түсіндірді.

Әнші Нұрлан Өнербаев енді «Анашым» әнін орындамайтынын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Өнер иесі Ontustik Tv арнасындағы «Таң нұры» бағдарламасында 37 жыл бойы сахнада орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген әнді орындамауға не себеп болғанын түсіндірді.

«Мен репертуарымдағы барлық әннің тек орындаушысымын. Оның авторлары бар. 2023 жылы Алматыда өткен концертімде «Анашым» әнімен қоштасқанмын. Оған композитордің өзі себеп болды. Ол – өзімнің замандасым. «Нұрлан, осы әнді енді өзім орындаймын» деді. «Жақсы. 37 жыл айттым бұл әнді, әрі қарай өзің біл. Авторы өзің, композиторы, иесі өзіңсің. Мен тек орындаушымын» дедім. 2018 жылы Астанада 8 наурыз мерекесіне концертімді дайындап жатқанмын. Тура сол концерттің алдында жолығып қалдық. «Нұрлан, концерт өткізейін жатыр екенсің. «Анашымды» орындамай-ақ қойсаң» деді. Мен «Жарайды» деп келістім. Алайда көрермен сүйікті әнін сұрайды. «Анашымды» тыңдауға келіп едім» деп өтінеді. Көрерменмен қайырмасын қосылып айтамыз сосын. Бірақ әнді орындады деп, түрлі әңгіме алдымнан шыға берген соң, көрерменнің алдында ресми түрде қоштасуға тура келді», — дейді әнші Нұрлан Өнербаев.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.