Еділ Жаңбыршин, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі: Қазба қорын есептеу ісі мемлекет бақылауында қалуға тиіс

Мәжілісте жер қойнауын пайдалану мен мұнай-газ саласын дамытуға қатысты жаңа заң жобасы талқыланған еді.

Құжат инвесторларға жеңілдік беріп, барлау жұмыстарын жандандыруға бағытталған. Бірақ депутаттар арасында жер қойнауы қоры жөніндегі мемлекеттік комиссияның рөліне қатысты қызу пікірталас туды. Осы мәселе мен заң жобасының өзге де тұстарын бізге Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин түсіндіріп берді.

– Мәжілісте талқыланған заң жобасы жер қойнауын пайдаланушыларға нендей мүмкіндіктер береді?

– Бұл заң жобасын екінші оқылымға дайындау кезінде депутаттар жай ғана үстірт қарап қойған жоқ, олар бұл мә­селеге терең үңілді. Әр министрлік пен ұлттық компаниялардың басшыларын, сонымен қатар бизнес өкілдерін шақы­рып, бәрі бірігіп отырып, кен өндіру саласындағы өзекті мәселелерді егжей-тегжейлі талқылады. Әңгіме тек заң өзгерістері жайлы емес, жалпы еліміздің минералдық-шикізат базасын қалай ұлғайтуға болатыны, геологиялық бар­лау жұмыстарын қалай жандандыру керек­тігі жайлы да қозғалды. Әсіресе, бұрын аз зерттелген, бірақ болашағы зор деп саналатын аймақтарға ерекше назар аударылды.

Депутаттар осы бағытта бірқатар заң­намалық өзгерістерді қарап қолдады. Мысалы, қазіргі бар кен орындарының аумағында қосымша барлау жұмыстарын ынталандыру мақсатында келісімшарт­тық аумақтардың көлемін өзгертпей-ақ, сол жерлерді тереңдетіп зерттеуге рұқсат беру ұсынылды. Яғни, егер бір компания белгілі бір аумақты игеріп жатса, енді оған сол учаскені 5000 метрге дейін те­рең­­детіп зерттеуге мүмкіндік берілмек. Бұрын мұндай құқықты алу үшін мін­детті түрде аукцион өткізу керек-тұғын. Ал аукционда басқа компания ұтып кетсе, онда бар инфрақұрылымды пай­далану өте қиын болатын. Бір кен орнын­да екі түрлі компанияның қатар жұмыс істеуі, әрине көп кедергі тудырады.

Міне, осы себепті жаңа нормалар ен­гізу арқылы мұнай мен газ саласында жұмыс істеп жатқан компанияларға өз кен орындарын тереңдетіп барлауға заңды мүмкіндік берілмек. Бұл жаңалық инвесторлардың да қызығушылығын арттырады, себебі жаңа қабаттардан қосымша қор табу мүмкіндігі көбейеді. Сонымен қатар мемлекет үшін де үлкен пайда бар жаңа геологиялық ақпарат пайда болады, яғни жер қойнауы туралы біліміміз кеңейеді. Нәтижесінде, жаңа кен орындарын табу ықтималдығы артып, ел экономикасы да дамиды.

Қысқасы, депутаттар мен министр­ліктердің бірлескен жұмысы жер қой­нау­ын барлау ісін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болды дер едім. Бұл бастама еліміздің энергети­калық қауіпсіздігін нығайтып қана қой­май, ұзақмерзімді инвестиция тартуға да жол ашады.

– Ал қиын өндірілетін мұнай түрлерін игеруге қандай да бір жеңілдіктер қарас­тырылған ба?

– Иә, бұл заң жобасындағы маңызды жаңа­лықтардың бірі – ауыр және тақта­тас мұнайын өндіруді ынталандыруға бағытталған өзгерістер. Өзіңіз білесіз, мұндай мұнай түрлерін өндіру оңай шаруа емес. Ол үшін қымбат әрі жоғары технологиялар керек, сонымен қатар арнайы экономикалық жағдай жасал­ғаны маңызды. Сондықтан депутаттар осы бағыттағы жобаларды іске асыру үшін жетілдірілген үлгілік келісім­шарт­тың талаптарын кеңейтуді ұсынды. Се­бебі егер қажетті қолдау болмаса, бұл жобаларды экономикалық тұрғыдан жүзеге асыру тиімсіз болып кетеді.

Үкімет те бұл бастаманы қолдап отыр. Бұл қадам алдағы уақытта Шығыс Қа­зақ­стандағы Сарыбұлақ кен орнындағы ауыр мұнай мен Қызылорда облысын­дағы Қарағансай кен орнындағы тақ­татас мұнайын өндіруге нақты мүмкіндік береді. Осы екі кен орнындағы жиынтық мұнай қоры А, В, С1 + С2 санаттары бо­йынша шамамен 18,7 миллион тон­наға бағаланып отыр. Бұл аз көрсеткіш емес, сол себепті мемлекет үшін де, ин­весторлар үшін де үлкен мүмкіндік бар.

Жақында Мемлекет басшысы мұнай саласының қызметкерлерімен және арда­герлерімен кездескенде де осы тақырыпқа ерекше тоқталды. Ол мұнай мен мұнай өнімдерін өндіру, тасымалдау және қайта өңдеу процесін жетілдіру үшін таза әрі заманауи технологияларды енгізудің маңызын атап өтті. Бұл бағытта жаңа әдістерді қолдану арқылы біз өн­діріс көлемін арттырып қана қоймай, эко­логиялық талаптарды да сақтай аламыз.

Осыған байланысты заң жобасында мұнайбергіштікті арттыруға арналған арнайы әдістерді енгізу туралы жеке норма енгізу ұсынылды. Яғни, жер қой­науын пайдаланушылар осындай жаңа технологияларды қолданса, мемлекет тарапынан белгілі бір жеңілдіктер мен ынталандыру шараларын ала алады. Сарапшылардың айтуынша, егер «Қаз­МұнайГаз» компаниясы өз кен орын­дар­ында қазіргі заманғы мұнайбергіштікті арт­тыру тәсілдерін кеңінен енгізсе, 2050 жылға дейін қосымша 14-тен 25 миллион тоннаға дейін мұнай өндіруге болады екен. Бұл – өте үлкен көрсеткіш.

– Салаға жаңа инвестор тарту ісі қалай болмақ? Мәселен, газ және газконденсат жобаларына арналған келісімшарттарды жеңілдету қаржы көзін кеңейтуге оң әсер ете ме?

– Еліміздегі газ қоры шектеулі екені бел­гілі, ал кейбір кен орындарының табатын пайдасы төмен. Сондықтан осындай жобаларға қолдау көрсету – өте өзекті мәселе деп ойлаймын. Себебі бұ­рын барлау кезеңінде нақты физикалық жұмыстар, мысалы, бұрғылау жүргіз­бе­ген компанияларға күрделі жоба шарт­тарын алу рұқсат етілмейтін. Яғни, жер қойнауын пайдаланушы бұрғылау жұ­мысын әлі бастамаса, ол келесі кезеңге өте алмайтын еді. Бұл кей жағдайларда инвесторлардың мүмкіндігін шектейтін. Енді жаңа өзгеріс бойынша осындай міндеттемелерді дайындық немесе өн­діру кезеңінде орындауға рұқсат беру ұсынылып отыр. Бұл өз кезегінде ком­пания­ларға икемділік береді және жоба­ларды тоқтатпай әрі қарай дамытуға жол ашады.

Мысал ретінде, Атырау облысындағы Шығыс Мұнайбай кен орнын айтуға болады. Ондағы жиынтық еркін газ қоры А, В, С1 + С2 санаттары бойынша шамамен 14 миллиард текше метрге бағаланған. Бұл елеулі көлем, сондықтан осындай жобаларды іске асыру үшін жағдай жасау өте маңызды.

Қысқасы, осы өзгерістер газ сала­сында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Яғни, бұрын бюрократиялық талаптарға байланысты тоқтап қалған жобалар енді қайта жандана алады. Бұл әрі мемле­кет­ке, әрі инвесторға тиімді. Өйткені, бір жағынан, жаңа кен орындары игеріледі, екінші жағынан, газ ресурстарын тиімді пайдалану мүмкіндігі артады. 

– Жер қойнауы қоры жөніндегі мем­лекеттік комиссия не себепті депутаттар арасында пікірталас тудырды?

– Иә, қазір қолданыстағы Жер қой­науы және жер қойнауын пайдалану кодексіне сәйкес, 2026 жылдың 1 қаң­тарынан бастап көмірсутек қорларын есепке алу тәртібі өзгеруге тиіс еді. Яки, бұрынғыдай Геология комитеті жанын­дағы жер қойнауы қоры жөніндегі мем­ле­кеттік комиссия сараптама жасамай, есеп тек жер қойнауын пайдаланушы тапсырыс берген тәуелсіз сарапшының қорытындысына сүйеніп жүргізілмек. Бір қарағанда бұл жүйені жеңілдеткен сияқты көрінеді, бірақ іс жүзінде оның тәуекелдері де бар.

Біз бұл норманың күшіне енуі пай­далы қазбалар қорының нақты және толық есебін жоғалтуға әкелуі мүмкін деп есептейміз. Өйткені егер тек тап­сы­рыспен жұмыс істейтін жеке сарапшы­лардың қорытындысына ғана сенсек, онда мемлекеттің бақылау мүмкіндігі азаяды. Бұл өз кезегінде жер қойнауын пайдаланушылардың ресурстарды ұтым­д­ы әрі кешенді пайдалану қағи­датын бұзуына жол ашуы мүмкін.

Бұл мәселе тек мұнай мен газ сала­сына ғана емес, жалпы барлық қазба бай­лықтарға қатысты. Сондықтан депутат­тар бұл жағдайды ескеріп, заң жобасына маңызды өзгеріс енгізді. Яғни, көмірсутек қорлары бойынша мемлекеттік бақылау мен сараптаманы 2030 жылға дейін сақтап қалу ұсынылды. Бұл уақыт аралығында Үкімет пен Гео­ло­гия комитеті жаңа талаптарға сай жұмыс істеу механизмін дайындап үл­гереді деп сенеміз.

Бұл шешімді барлық тарап бірауыз­дан қолдады. Өйткені, мемлекетке тие­сілі қазба байлықтардың есебі мен қауіпсіздігі бәріміз үшін маңызды. Сондықтан бұл өзгеріс жер қойнауын басқарудағы жауапкершілікті сақтауға және ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадам деп айтуға болады. 

Әңгімелескен 

Кәмила ЕРКІН