Tomiris – тең мүмкіндіктер алаңы

«AMANAT» партиясының Tomiris әйелдер көшбас­­­шылы­ғын дамыту жобасының IV легі ұйымдас­­­тырылды.

Нәзікжандылардың қоғам­дағы қызметі, отбасындағы рөлі, аналық мейірімі, ер азаматпен иықтаса дамуы әрқашан өзекті. Сондай-ақ әйелдер қауымының еліміздегі саяси үдерістерге белсене қатысуы да маңызды. 

Таяуда «AMANAT» партиясы ұйымдастырған Tomiris басқо­­суы қоғамдық және саяси өмір­­де әйел­дердің белсенді бо­луын мақсат ете­ді. Соның арқа­сында Қазақстан әйел­дері қо­ғамдағы өз орнын та­уып, сая­­­сатта, кәсіпкерлікте, өнер­де, отбасында алға озып келеді.

Қазақ қоғамында әу-бастан әйелдің орны айрықша. Халық даналығында «қыздың орны төр», «әйел бір қолымен бесікті тербесе, екінші қолымен әлем­ді тербейді» деп текке айтылма­ған. Көнеден бастау алатын дүние­таным бүгінгі замануи қоғаммен үйлесім тапқан. Сақ патша­лы­ғын қорғаған Тұмар патшайым, айналасына аналық мейірімін шашқан Домалақ ана, берісі Екінші дүниежүзі­лік соғыста көзсіз ерлік көр­сет­кен Әлия мен Мәншүк, Хиуаз Доспанова апа­ларымыздың істеген ісі, ерлігі көпке мәлім, есімдері тарихта алтын әріппен бедерленді.

Сондықтан Tomiris секілді жо­балардың ел үшін мән-маңы­зы жо­ғары болмақ. Осы тұста отбасы құн­дылығы, әйел ада­мының бел­сен­ділігі, қоғамдық қызметі тура­сында Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақтың ойын білдік.

– «AMANAT» партиясының Tomiris әйелдер көшбасшы­лығын дамыту жобасының IV легіне ұласты. Өзім осы жобаға 2023 жылдан қатынасамын. Бұл жобаға іріктеу нәтижесінде 40 адам өтеді. Осындай игі баста­малардың арқа­сында әйелдердің әлеуеті жоға­ры­лап келеді. Биыл­ғы ерекшелік 60 адамға көбейді. Бітіруші білім­гер­лер қатарынан да нәзікжандылар алынды. Бұл егер қыз-келіншек­тердің саяси қызығушылығы, дағ­дысы болса, соны жүйелеп, арнаға салып қойып береді. Соның ар­қасында мансаптық саты қалып­та­сып, қоғамдық белсенділік арта­ды, – деді мәжілісмен.

Осының бәрі Қазақстанда гендр­лік теңдік аса мән беріле­тінін көрсетеді. Кейінгі жылда­ры әйел­дердің қоғамдағы бел­сенділігі, еңбекке араласуы, от­басы, ошақ қасында қалып қой­мауы назардан тыс қалған емес. Сол себепті әйел­дер қоғам өмірімен қатар, бала тәр­биесін де назардан тыс қалдыр­мауы керек екенін Батыс Қазақстан облысының Киім дизайнерлер қа­уымдастығы төрайымы Әсем Сырымова айтты.

– «AMANAT» партиясы қо­ғам­дағы белсенді әйелдерді үне­мі қол­дайды. Соның арқасында әр кәсіп­кер, әр белсенді өзінің орнын та­уып, біліктілігін жетіл­діріп ке­леді. Әрбір іске белсенді­лік таныту үшін адамға білім керек. Біздер білімді осындай басқосуларда тәжірибе алмасу арқасында қол жеткіземіз. Өзі дамып, белсенділігі артқан, кә­сіп игеріп, өзін жетіл­дірген әйел отбасында бірге алып жүре ала­ды, – деді белсенді.

Айта кетейік, жоба «AMANAT» партиясының Әйел­дер қанаты мен Саяси ме­неджмент академиясының ұйымдастыруымен, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комис­сия және Конрад Аденауэр қо­рының қол­дауы­мен жүзеге асты. Биыл жоба дәріс алып, тәжіри­бесі артқандар­дың саны 172 адамды құрады. To­miris – елдегі көшбасшылыққа үйрететін бірегей бастама. Мақса­ты – тек саяси-қоғамдық бел­сен­ділік емес, отбасы құндылығы, ұлт­­тық салт-сананы да дәріптеу. Сон­да ғана төрт аяғын тең бас­қан, үйлесімді платформа қо­ғам­да өз нәтижесін беретін көрінеді.

Олжас ЖОЛДЫБАЙ