Қазақстанда алғаш рет: Астанада шорт-тректен әлем кубогының кезеңі басталды

Халықаралық конькишілер одағы елімізге бір емес, қатарынан екі кезеңді сеніп тапсырды. Екі кезең де Астанада өтеді.

7 қарашада Астанада шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем кубогының кезеңі басталды. Мұндай деңгейдегі жарыс Қазақстанда алғаш рет өтіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Бұл сериялық турнирлер жақында ғана өткізіле бастады. Алғашқы жасөспірімдер арасындағы әлем кубогы 2023 жылы ұйымдастырылған болатын. Сол кезде-ақ Қазақстан конькишілер одағы осы жарысты өткізуге алғашқылардың бірі болып өтінім берген еді.

Нәтижесінде,  Халықаралық конькишілер одағы елімізге бір емес, қатарынан екі кезеңді сеніп тапсырды. Екі кезең де Астанада өтеді.

Бірінші кезең 7-9 қараша аралығында, ал екінші кезең 13-15 қараша күндері елордамыздағы «Алау» мұз сарайында ұйымдастырылады.

Бірінші кезеңге әлемнің 22 елінен спортшылар қатысады. Жүлделер үшін Аустралия, Канада, Қытай, Франция, Венгрия, Жапония, Қазақстан, Оңтүстік Корея, Моңғолия, Германия, Индонезия, Гонконг, Сингапур, Ұлыбритания, АҚШ, Үндістан, Италия, Жаңа Зеландия, Польша, Швейцария, Тайбэй және Нидерланд спортшылары бақ сынайды.

Ересектер арасындағы секілді, жасөспірімдер санатында да әлем кубогінің рейтингі бар. Қорытынды ұпайлар барлық кезең нәтижесіне қарай есептеледі.

Айта кетсек, өткен маусымда қазақстандық Богдан Вехов үздік үштікке енген еді. Ол 1000 метр қашықтықта үшінші орын алған болатын.

Сондай-ақ ерлер эстафетасында Қазақстан құрамасы алтыншы, әйелдер және аралас эстафетада да алтыншы және бесінші орындарды иеленді.

Биыл да Богдан Вехов жасөспірімдер арасындағы әлем кубогінда ел намысын қорғайды. Сонымен қатар құрамға 2024 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері атанған Полина Омельчук та енді.

Қазақстан құрамасының толық тізімі төмендегідей:

- Полина Омельчук

- Анастасия Галечина

- Райана Манарбекова

- Нұрия Алпысбай

- Гүлдана Жалмұхан

- Асылхан Қасымбек

- Мадияр Мадихов

- Павел Цой

- Богдан Вехов

- Тамирлан Жолдас

Айта кетсек, Астанадағы жарыста 500, 1 000 және 1 500 метр қашықтықтарында (ұлдар мен қыздар арасында), сондай-ақ ерлер, әйелдер және аралас командалық эстафеталарда жүлделер сарапқа салынады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.