«Заң және Тәртіп»: Жетісу университетінде сот процесі өтті

«Заң және Тәртіп» идеологиясын іске асыру аясында І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің базасында Талдықорған қалалық сотының судьясы Шыңғыс Диканбайдың төрағалығымен меншікке зиян келтіру жөніндегі іс бойынша ашық сот процесі өтті.

Іс-шараға Жетісу университетінің құқықтану және халықаралық құқық білім беру бағдарламаларының студенттері қатысты. 

– Бүгінгі ашық сот процесінің негізгі мақсаты – мемлекеттегі заң үстемдігі мен құқықтық тәртіптің маңыздылығын көрсете отырып, студенттердің құқықтық мәдениетін қалыптастыру, жастарды сот жүйесінің қызметімен таныстыру және әділ соттың қоғамдағы рөлін түсіндіру, – деді сот отырысын жүргізген судья Шыңғыс Диканбай.

Судья сот процесінің кезеңдері мен шешім қабылдау ерекшеліктерін түсіндіріп, студенттердің сұрақтарына жауап берді. Ол нақты істер мысалында құқық саласындағы тәжірибенің маңыздылығын көрсетті. 

Сот ісін жүргізу барысында студенттер процессуалдық ережелермен, прокурор мен қорғаушы тараптың дәйектерді жеткізу шеберлігімен, сөйлеу мәдениетімен және сұрақтар мен жауаптарды нақтылау тактикаларымен танысты. 

Болашақ заңгерлер кәсіби қызметтің тәжірибелік маңызын түсініп, қоғамда әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету – әрбір маманның азаматтық парызы екенін сезінді.

Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген «Заң және Тәртіп» идеологиясын жүзеге асыру шеңберінде ұйымдастырылды.