Орал қаласында Премьер-Министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының инфрақұрылымды дамыту және абаттандыру, сондай-ақ су тасқынының алдын алу шаралары жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Атап айтқанда, 2024 жылғы су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін салынған үйлерді және Жайық өзенінің бойындағы жағалауды нығайту жұмыстарының нәтижесін көрді.
Сондай-ақ Премьер-Министр Жайық өзенінің бойындағы жағалауды нығайту және реконструкциялау жұмыстарымен танысты. Өзеннің жағалауы мен арнасын, тұрғын үйлерді тасқыннан қорғау үшін ұзындығы 383,6 метр бөгет салынды. Жалпы, елді мекендерді су тасқынынан қорғау үшін облыста 143 шақырым қорғаныс бөгеттері, 9 шақырым су бұру каналдары салынды, 74 шақырым магистральды канал тазартылды.
Жағалауды реконструкциялау осы жылдың мамыр-қыркүйек айлары аралығында жүргізілді. Жобаға сәйкес, су тасқынынан қорғау мақсатында өзен жағалауы бұрынғыдан да биіктетілді. Барлық аумақ толығымен абаттандырылып, қоршаулар орнатылды.
8 мың шаршы метр алаңға тротуар төселді, 102 көше шамы орнатылды, 16 мың шаршы метрден астам көгал мен 768 ағаш көшеті отырғызылды. Балалар ойын алаңы, спорт алаңы, воркаут-аймақ және тағы да басқа нысандар реконструкцияланды.