"Уақытылы ем көрсетілмеген": Таразда ер адамның өліміне дәрігерлер айыпталуда

Марқұмның туыстары науқастың қатты ауырсынып, жағдайының нашарлауына қарамастан, медициналық көмек уақытылы көрсетілмеген деп санайды.

Таразда 39 жастағы Мұхтар Исабековтің отбасы оның өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Марқұм жыл басында кеудесінің ауырып, әлсізденгеніне шағымданып ауруханаға барған. Алайда  жақындарының сөзінше, дәрігерлер алдымен «орын жоқ» деген сылтаумен оны жатқызудан бас тартқан. Кейінірек, олардың айтуынша, медицина қызметкерлері емдеуді бастау үшін «рақметін беру» керегін аңғарған. 

«Олар уақытты созды, ақша сұрады – біз тексеру жүргізсе болды деп бердік. Қазір ақшасыз ешкім ештеңе жасамайды. Онда дәрігерлер антын орындамаса, оны не үшін береді?» – деді марқұмның ағасы Сәкен Исабеков.

Оқиғаның ең ауыр тұсы, Мұхтарды ауруханаға жатқызғаннан кейін оның жағдайы нашарлай түскен. Анасы Гүлнар Исабекова ұлының үйге бірнеше рет телефон соғып, ауырсынуға шыдай алмайтынын, өзін алып кетуін айтқан.  Салдарынан көп ұзамай 39 жастағы ер адам көз жұмды. 

Дәрігерлердің бастапқы қорытындысында «өкпедегі сұйықтықтың аз мөлшері» деп көрсетілген. Алайда денені ашу кезінде бір жарым литрге жуық сұйықтық анықталған. Тәуелсіз сараптама да немқұрайлылық пен уақытылы ем көрсетілмегенін растады. Десе де, оқиғаның болғанына бір жылға жуықтаса да, тергеу әлі аяқталмаған. 

«Іс бір орында тұр. Біз қалаға, облысқа, Астанаға жаздық – жауап жоқ, тексеру жоқ», – дейді марқұмның анасы.

Облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Байжан Байгелді тергеудің жалғасып жатқанын айтты.

«Тергеу мерзімі – екі ай. Егер қосымша әрекеттер қажет болса, прокурор арқылы тағы үш-төрт айға ұзартамыз. Дәрігерге қатысты сараптамалар тағайындалды. Қосымша сот-медициналық комиссия  жоспарлануда», – деді Б.Байгелді.

Полиция істі сотқа дейін жеткізетініне сендіргенімен, марқұмның туыстары әділдікке қол жеткізе алатындарына күмәнмен қарайды.