Автор: Тінікей
ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазақ әдебиетінде протестік (underground) әдебиет қалыптаса бастады. Протестік әдебиеттің басында Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Ілияс Жансүгіровтер тұрса, одан кейін Мұхтар Әуезов, Бердібек Соқпақбаев, Ілияс Есенберлин т.б. жазушыларды атауға болады. Мәселен, М.Жұмабаевтың «Табалдырық» атты манифесті мен «Жүсіп хан» шығармалары қарсылық әдебиеттің жарқын мысалы. «Табалдырық» атты манифестін баспаға беріп, үлкен мақала жазған тарихшы М.Қойгелдиев бұл туралы: «Табалдырық» – мәдени өмір саласындағы идеологиялық зорлыққа берілген интеллектуалдық жауап қана емес, сонымен бірге сол бір аумалы-төкпелі заманда ұлттық өнердің, әдебиеттің бағыт-бағдарын анықтап берген бағдарламалық құжат» дейді. Расында, Мағжан Жұмабаевтың «Табалдырық» атты манифесті «Ұлт әдебиеті енді қандай деңгейде даму керек?» деген мәселені көтеріп, жауап берген бағдарламалық маңызды құжат. Сонымен қатар «Ұлтының тәуелсіздігін аңсаған оның жырлары – отаршылдық езгінің құрсауын бұзіп шыққысы келіп қопарылған рух жанартауы» деп әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілік те Мағжан хақында өткір пікірін айтқан болатын. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілегі» де қарсылық әдебиеттің бірден-бір көрінісі. Мұхтар Әуезовтің «Хан Кенесі» мен Ілияс Есенберлиннің «Қаһарында» да протестік сарын бірден көзге ұрмаса да, ішінара байқалады. Екеуі де қазақ әдебиеті тарихындағы сом тұлға Кенесары көтерілісі кезіндегі оқиғалар арқылы тоталитарлық жүйеге қарсылықтарын білдіреді. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» туындысын да осы тұста протестік әдебиеттің үлгісі деуге толық негіз бар. Себебі, шығарма кейіпкерлерінің аты – Қожа, Сұлтан аталуының өзі біраз дүниені аңғартқандай.
Алашордашылардан кейін қазақ әдебиеті біршама уақытқа үнсіз қалып, рухани деградацияға ұшырады. Бірақ ХХ ғасырдың 20-30 жылдары үзілген жұлын 60-жылдары қайта жалғанды. Бірақ, қайткен күнде де қатып-семген социалистік реализм бірден көсілтіп бауыр жаздыра қоймады.
1916 жылғы көтеріліс – халық тарихына үлкен таңбасын қалдырған трагедия. Патшалық өкіметтің әсірешіл жарғылары қарапайым халықтың қанын судай ағызып қана қоймай, жер-жерде жұрттың бунт жасауына мәжбүрледі. Шынтуайтына келсек, 1916 жылы тұтанған ұлт-азаттық көтерілісі тек июнь жарлығынан туған қарсылық емес. Сол сияқты империялық отаршылдықтың жазалау саясаты да тек сол кезде қолданылған төтенше әскери шара, әскери әрекет емес. Бұрқ ете түскен бұлқыныстың шығуы да: ашынған арланның қитығына тиіп, атылған сәтінде қарауылға алып, торға түсіріп тұншықтыру шарасы да – кездейсоқтыққа қаны қосылмайтын себептердің жиынтық көрінісі. Оның күре тамыры – отаршыл мемлекеттің арандату саясатында. Яғни, бұл қақпан ерте құрылған, жан-жағынан қыспаққа алып, ашынған арланды сол аранға қақпайлап әкелген кәнігі аңшының тақыс тәсілі. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов өзінің «Алаш азаматтарына!» жолдаған құлағдарында: «Көнбегенде көретін ауырлық: бағынып тұрған үкіметтің жарлығынан бас тартсақ, жау жағадан алғанда, бас қорғап үйде қаламыз деп, мемлекетке қамшымыздың ұшын бермесек, үкімет бізге құр өкпелеп қоймас, күш жұмсар, ол күшті законге сүйеніп істер... Мысалы, Қазақ шын қарсылық қылатын болса, ел-елге отряд шығады. Отряд шықса, елдің берекесі кетеді, бас пен малға әлегі бірдей тиеді, елдің іргесі бұзылады. Айтқанға көне қоймадың, қарсылық қылдың деп Түркістан уәлаятына военное положениені жұртқа келсе бір опат деп білу керек. Военное положение иғлан етілген жерде түймедей жазыққа – түйедей жаза болады. Қарсылық көрсетсек, Түркістанға болған военное положение өзге де елге болмай қалмайды. «Аз қазаға, аз бейнетке» төзуі керектігін түсіндірді.
Көркем әдебиетте де 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті көркем шығармаларына арқау еткен Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман», С.Мұқановтың «Ботагөз», С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу», Ж.Жабаевтың «Зілді бұйрық» сияқты кең тынысты туындылары дүниеге келді. Мәселен, Мұхтар Әуезовтың «Қилы заманы» туралы белгілі алаштанушы-ғалым Тұрсын Жұртбай: «Қилы заманда» ұлттың не өмір сүруі, не жойылуы, не туған жердің топырағында қырылып қалу, не жат жерге жылыстап қоныс аудару мәселесі көтерілді. Сондай ауыр да қасиетті тарихи шындықты Мұхтар Әуезов алаш идеясымен суара отырып, әлемдік кеңістіктегі көркем шындық деңгейіне жеткізді. Мұндағы тарихи және көркемдік нысаналардың қазақ ұлтының тағдырымен тістесе тамырласып жатқандығы сондай, ондағы суреттелген тағдыр тауқыметін бүгінгі күннің шындығынан мүлдем ажырата алмайсыз. Кеңес кезеңін былай қойғанда, мұндағы көтерілген тарихи-көркем трактовкалар тәуелсіздік тұсында да шеменді күйінде қалып отыр» – деп повестің басты концепциясын дөп басып айтқан. 1916 жылғы көтеріліс туралы жазған автордың бірі – Асқар Сүлейменов. Жазушының «Бесатар» повесі өте жоғары талғампаздықпен жазылған шебер шығарма.
Өзіне аса талапшыл болған Асқар Сүлейменов прозаға бет бұрмас бұрын өзінің жазушылық ұстынын айқындап алып барған. «Өнердің өмірден айырмашылығы – өнер өмірден үйренбейді. Оның жаратылыстан болмаса, өмірден алар дәрісі жоқ. Өнердің өз өткені, өз бүгіні, өз логикасы мен динамикасы бар» немесе «Жазушы дегеніміз – стиль» дегенінен де суреткердің жазушылық кредосын анық байқаймыз. Асқар Сүлейменовтің алғашқы прозалық туындысы «Бесін» кітабына енген «Бесатар» повесі 1968 жылы 30 жасында жазылған. Бұл повесть туралы сөз зергері Ғабит Мүсірепов сонау 1970 жылдары «Кітап аты – «Бесін», авторы – Асқар» деп атын атап, түсін түстеп тұрып, лайықты бағасын беріп, тұсауын кескен болатын. «Жас жазушының өзіндік бет алысын, болашақтағы өрісі мен өресін аңдағандай боламын. Қызықтыратыны да осынысы: не жайлы жазғаны емес, қалай жазғаны, қандай жазушының бой көрсеткені» - деп Асқар Сүлейменовке зор сенім білдірді.
Асқар Сүлейменов – әлемдік әдеби процеске ішкерілей енген, оның терең иірімдеріне бойлаған жазушы. Сүлейменов прозасы күрделі эксперимент проза. Экспериментті болатыны – ол әлі толқып тұрған, әлі аптығы басылмаған проза. Оның прозасы ХХ ғасыр жаңалықтарын бойына тұтас сіңіре білген, жинақталған біртүтас әлем. Ал Сайлаубек Жұмабеков болса шығарманы тарихи повесть ретінде қарастырса, енді бірі интеллектуалды-лингвистикалық прозаға тұрғысынан дәйектейді, біз оны қарсылық әдебиеттің ең озық үлгісі ретінде бағаламақпыз.
«Бесатар» повесі 1916 жылғы көтерілістің бір тәулігін, яғни 7 шілденің сәскесі мен 8 шілденің бесіні арасындағы уақытта ғана Созақта болған көтерілістің ауқымын сипаттайды. Повестің басты кейіпкерлері әкелі- балалы Сәруәр мен Төрехан, Крейгель мен Иноземцев, Голоножкин, Мұқағали, Қарала. Осы кейіпкерлердің арасында ғана дамитын сюжет көбіне диалог ретінде беріліп, характерлердің кесек тұлғалары сөз үстінде емес, іс үстінде ашылады.
Повестің басталауынан-ақ автордың амбициясы бірден байқалады. Мысалы, повестің басында мынадай бір оқиға бар: «Иноземцев екі иығын құлағына дейін көтеріп ұялып алды, қамшы бірақ ысқырынған жоқ. Қарсы алдынан түйе жүн ақ шекпен киіп, Қарала мінген аққұба шалды көрді. Иноземцев сосын иығын алдыға түсіріп бір қадам алға шықты да:
– Ассалаумағалейкум, – деді.
Тізгінді қоя беріп қос қолын қатар ұсынды да, Қараланың үстіндегі құндыз бөрік шал мұның алақанына екі бүктеген қамшысын сұқты. Қазақтардың сәлем үстінде сілкілеспесін білетін Иноземцев қамшыны жеңіл ғана қысты да қоя бере салды».
Осы келтірілген мысал арқылы автор біраз дүниені меңзеп тұрғанын байқаймыз. Қазақтардың салт-дәстүрі мен тіліне жатық Иноземцев екі қолмен амандасқанда, Төрехан оған немкетті ғана қамшысын екі бүктеп ұстата салуы шенді-шекпенді офицер Иноземцев үшін өлім емес пе?! Ал Төреханның Иноземцевке қайыра жақ ашпай, қолын емес, қамшысын ұсынғаны орыс офицеріне көрсеткен қарсылығы екенін түсінуге болады. Повестің басынан ерекше дараланып көрінетін ерек кейіпкер де осы – Төрехан образы. Автор аузына көп сөз салмаса да, әрекетімен-ақ өзінің бірбеткейлігін, алған бетінен қайтпайтындығын анық көрсетеді.
«Енді бүгін кеп саба түбі сарқынды жасым қалғанда, ақ патшаның ауыздығын қарш-қарш шайнаған күдері желке төресі дікектер екен деп құрақ ұшар жайым жоқ. Ұшпадым, ұша алмадым, уа, сақалымды секеңдетіп ұша алмаймын жүдә. Енді менің ауызымды қыздырма», – деген Төрехан сөздерінен өліспей беріспейтін тау тұлғасынан қазақтың нағыз болмысы ашыла түскендей. Өзінің ендігі ғұмырында патшаның да алдында құрша жорғалай алмайтындығын кесіп айтып, ешкімге намысын таптатпайтын өр мінезін көрсетеді.
Бүкіл патшалық Ресейдің басбұзар заңдары, отар елдерге көрсеткен қысастығы – Крейгель мен Иноземцев образы арқылы беріледі. Отар елдің жерінде өсіп-жетілсе де бұл өлкеге іші жылымайтынын Крейгель повестің басында бірден көрсетеді. Тарихта кіші ұлттарды үнемі үлкен ұлттар билеп-төстейді. 1916 жылғы патша жарлығы соның көрінісі. Крейгель де, Иноземцев те қазақтардан оқыған, сауатты адам шыққанын бар жан-тәнімен қаламайды. Тіпті сондай сауатты жастарды жазықсыз оққа байлап, ұлттың бірыңғай (стандартты) болуын тілейді. Мысалы: «Бұлардың жазығы не, тентіреп келген әкем мен әкемдейлерді сауырлап айдап тастамағанына кінәлі ме деп дағдарған да емес. Верныйдаға, Ташкенттегі өзі білетін тектілердің ішінен бұратанаға іші бұратын әлдекімді кездестірсе мысық көрген иттей ырылдап қоя берер еді. Құнығып бір оқитын кітабы «Идиоттың» авторының көксау бір қазаққа жазған хатын оқып бұлан-талан болғаны да бар-ды. Осылардың әйтеуір марғасқа болмысын, екі иығына екі кісі мінгендей еңгезерлігін жаратпайды»- деп Ф.М.Достоевскийдің «көксау бір қазақ – Ш.Уәлихановқа» жазған хатын аса зор жек көрушілікпен айтып отыруы да Крейгельдің образын аша түседі. Бұл жерде Крейгель бейнесі арқылы күллі патшалық Ресейдің негізгі ұстанымы нақтылана түскендей.
Асқар Сүлейменовтің «Бесатар» повесіндегі Крейгельдің сөздері мен Граф Нессельрод пен П.П. Сухтеленнің ойымен бір жерден шығып отыр. Алғашқысы – көркем шындық болса, кейінгісі – тарихи шындық. Қол астындағы кіші ұлттардың бас көтермеуін, ылғи да айтқанына көніп, айдағанына жүруін қалайтын зорлықшыл патша өкіметінің найсап идеясы шығармадағы Крейгель мен Иноземцевтің сөздері арқылы көрініс тапқан. Төрехан – Крейгель – Сәруәр, Мұқағали – Иноземцев арасындағы диалогтар шиеленісе келіп, образдар мейлінше тұлғалана түседі. Повестегі Сәруәрдің бейнесі – бостандық аңсаған ұлттың символына айналған. Сәруәр – жиырма бірге енді аяқ басқан оқыған азамат. Орыс офицерінің қолына түскен Сәруәр ойындағысын бүкпей айтып, қарсылық танытады.
Повестегі ең күрделі кейіпкерлердің бірі – Мұқағали. Оның бейнесі әсіресе өзінің шарықтау шегіне Иноземцевпен болған диалог арасында жетеді. Ащы сарказм мен өткір мысқыл арқылы Мұқағали тұтқынға түскен орыс офицері Иноземцевті тышқан көрген мысықтай етіп ту-талақайын шығарып, тергеуге алады.
Расында, 1916 жылғы көтеріліс жайдан-жай туындаған жоқ. Бұл қазақ халқының әбден отарлықтың езгісіне шыдап, қайткен күнде де азаттық аламыз деген аңсарлы мақсаттарының бір көрінісі еді. Осы кезде қазақ даласында жүргізілген түрлі реформалар, адамның ақылына сыймайтын әртүрлі заң-низамдар жергілікті халықтың ашуына тиді. «Әлсіз ұлттардың өмір сүруге хақы жоқ» деген принципті ұстанған алып державалардың кіші ұлттарға көрсеткен қиянаты түбі осындай бұлқыныстарға әкеп соқты. Дәл осындай шамырқанысты, ышқынысты біз Мұқағали мен Иноземцев бөлімінде оқимыз. Автор барлық зар-запыранды өте шебер әрі биік деңгейде оқырманға ұсына алған. Повесті оқып отырып оқырман сол кезеңге тап болғандай болады.
Мұқағалидың сөздерін денең дір етіп, сезінбей оқу мүмкін емес. Автор Мұқағалидің диалогі арқылы ғана 1916 жылғы көтерілістің қазақ азаматтарына әкелген зор қиянатын дөп басып суреттеген. Мұқағалидың сөздерінен үлкен бір шамырқаныс пен орны толмас өкінішті тағы байқауға болады. Иноземцевтің істеген ісін «Мен жасадым» деу арқылы оның қанды қол қылмысын тамаша мойындатады. Мұндай тәсіл Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» романында да қолданылған. Қажығұмар Шабданұлының романды «Мен қылмыскермін» деп бастауының өзінде де біраз астар бар. Осындай ащы мысқылмен басталатын романда бас кейіпкер менің көмбедегі астықты көріп қоюым да, халықтың басына түскен зобалаңды білуім де қылмыс деп тергеушінің күдігін одан әрі қоюландыра түседі. «Бесатарда» да әуел бастан қылмысын мойындамай сытылып кетем деп ойлаған Иноземцевті оқымаған қыр қазағы Мұқағали оп-оңай қолға түсіреді. Оның жасаған барлық қылмысын «Сен емес, әлбетте, мен жасадым» деп, ақыр аяғы орыс офицеріне шығатын жол қалдырмайды. Жазушы Асқар Сүлейменов жаға ұстатар 1916 жылдың шындығын бірінің үстіне бірін бастырмалатып, дәл осы Мұқағали мен Иноземцев бөлімінде ерекше реңкпен, өзегіңді өртеп жіберер өткір кекесінмен береді.
Жазықсыз азаматтарды небір адам ақылына сыймас азаппен өлтіргенін, аяусыз қынадай қырғанын жазушы өте нанымды суреттейді. Өзінің қандықол қылмысын соңына дейін мойындамаған Иноземцевті Мұқағали қатты шенейді.
Офицер Иноземцев пен Мұқағали арасындағы кергілесу, сөз бұйдаға салып жанды жерінен соққы беру повесте барынша динамикалы түрде үдей береді. Мұқағалидың әділетсіздікке тойтарыс беруі, отарлық езгіге қарсы күресі ащы сарказммен тамаша сипатталады.
Оқиғаның басында Төрехан деген кейіпкер Крейгельдің сәлемін аттың үстінен қамшының сабымен ғана амандасып бір қорласа, енді Мұқағали да офицерлік шенін алға тартып отырған Иноземцевке шұлғауын тартқызып екі қорлады. Әрине, осындай детальдар арқылы автор екі адамның арасындағы емес, екі елдің арасындағы бітіспес қайшылықты көрсетіп отыр. Бөлімнің басынан соңына дейін Мұқағалидың сөздері арқылы өзінің ішкі бар қарсылығын танытқан Асқар Сүлейменов қарсылық әдебиеттің нағыз дегдар үлгісін көрсетеді. Мұқағалидың соңында көзінен тарам-тарам жас парлап айтқан сөзі сай-сүйегіңді сырқыратады, әрбір қазақтың көкірегіндегі жанайқайы. Көптен бері жиналып қалған кеудесіндегі зар мен өксік көзінен жас болып, жүрегінен қан болып атқылайды.
Повестің тағы бір ерекшелігі ол Асқар Сүлейменовтің жылқы психологизмін шебер қолданғаны. Қарала Сәруәрдің жылқысы. Ертедегі эпостық, батырлық жырларда кездесетін елін жаудан қорғаған батырлардың айнымас серігіне айналған Тайбурыл, Байшұбар, Шалқұйрық сияқты жылқы образдары қиындықтан иесін алып шығып, мәңгі мызғымас адалдығын көрсеткен. Сол сияқты Сәруәрдің тұлпары Қарала образы да айнымас адалдықтың символындай. «Қарала мына жарбиған сарының бір ауыз сөзіне түсінген жоқ. Өзі де бір тәштиіп ап, көп сөйлейтін бейбақ екен. Иіскегісі келе ме, аузын ашқан сайын ашыған арпаның иісі аңқып – мұның тұмсығына жүгіреді»-деп жарбиған сары Крейгельдің аузынан шыққан ащы самогонның иісін жақтыртпайды. Осындай сипаттаулар арқылы автор жылқы психологиясын шебер аша білген. Тіпті жылқы екеш жылқы да даңққұмар Крейгельді ұнатпай, қарсылығын білдіреді.
Повестің соңында Сәруәр атылуға айдалып бара жатқанда ойына небір естеліктер түсіп, өзінің өлім мезіретін күтеді. Автордың соңғы ұсынған экзистенцалдық үғымы: Адамның ғұмыры, себебі, жалғыз сәтке – ажал сәтіне дайындық екенін айтады.
Шығарманың басында образы ашылмаса да, ең соңындағы бір ғана әрекетімен есте қалатын кейіпкер – Голоножкин. Крейгель Сәруәрді «ат!» деп ұсынған маузерді алмай, «мен олардың жерінде өмір сүремін» деп дәті жетпеген Голоножкин де соңында жауыз Крейгельдің қолынан оққа ұшады. Шығарманың шешімі повесте өте әсерлі баяндалады: «...Крейгель маузерін жапалақ сарыға ұсынады. Жапалақ сары атын да байламапты. Оң қолында тізгін, сол қолын маузерге созды. Крейгель тізгінді өзі алды да, маузерді оның сол қолынан оң қолына ауыстырып берді. «Ну, Голоножкин, - деді сонсоң, - очередь твоя, отличись». Маузері тізесіне түскен Голоножкин қозғалған жоқ. «Ну» деді Крейгель тағы да, ал Голоножкин маған қарады, сонда ғана байқадым – жылап тұр екен. Әжімі мол сары бетті жуып кеткен мол жасты, әсіресе күтпеген ем – тісімнің сақылдағаны да қойды, Голоножкин сонсоң «Я не могу ваше благородие» деді, «Что не можешь?» деді Крейгель, «Я живу на их земле» деді Голоножкин». Сөйтіп, соңында Голоножкиннің қолынан маузерді жұлып алған Крейгель жапалақ сарыны жайратып салады. Бірақ, оқтың атылған-атылмағанын аңғармай қалған Сәруәр қолына жұққан қанды көргенде шөкелеп Голоножкинге жетіп барғанда, оны да жауыз офицер атып тастайды. Оқиға осылай аяқталады. Ұлты басқа болса да азаматтық танытқан Голоножкин, иесіне соңына дейін адал болған Қарала да, қыршын жаны қиылған Сәруәр да жазықсыз оқтың құрбанына айналады. Бірнеше кейіпкер арқылы бүтін бір тарихтан сыр шерткен «Бесатар» повесі осындай кейіпкерлердің өміршеңдігімен де мәңгілік құнды болып қала бермек.
«Бесатар» повесіндегі кейіпкерлердің есімі де жайдан-жай қойылмаған. Көтеріліс басшысы Төрехан және оның ұлы Сәруәрдің есімдері бұл жердің қожасы, төресі біз деген астарлы мағынаны меңзегендей. «Бесатар» қазақ әдебиетіндегі М.Жұмабаевтың «Жүсіпханы», Ж.Аймауытовтың «Ақбілегі», М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» сияқты шығармалардың түрленген, дамыған заңды жалғасы. Өзінің концептуалды ұстанымын анық көрсетіп, аяғынан тік тұрғызған шығарма. Мысалы, Ж.Аймауытовтың «Ақбілегінде» Мамырбайдың жалғыз қызының абыройын қызылдар төгеді. Ал «Бесатарда» Төреханның жалғыз үміт артары оқыған жас жігіт Сәруәрді тұтқындап, соңында атып өлтіруі нені меңзейді? Меніңше, Ақбілек те, Сәруәр да елінің ертеңі, ал империалистік пиғылды адамдар қазақ елінің болашағына балта шауып, оны түбімен құртпақ ниетте. Осындай астарлы ойды жеткізе білген «Бесатар» повесі қазақ әдебиетіндегі қарсылық ұстанымды нақты ұстанған туынды.
Ауыр жүкті арқалаған туынды шынында «қызыл империяға қарсы атылған оқ». Асқар Сүлейменов «Бесатар» повесі өзі айтқандай «Оқушыны қасқыр көрген тазыдай қалтырататын» сүйекті шығарма.
Асқар Сүлейменов өзінің жазушылық миссиясы мен авторлық амбициясына адал, көркем текстің ішінде өмір сүріп, әрбір сөзін ет пен сүйегінен, қолқа жүрегінен өткізіп өмір сүрген суреткер. Қазіргі таңда қазақтың маңдайына біткен ат төбеліндей аз ғана интеллектуалдық потенциалдары биік тұлғалардың біртұтас портретін жасап, олардың еңбектерін жан-жақты талдап, түсіну жолға қойылуы тиіс мәселелердің қатарынан. Соның ішінде Асқар Сүлейменовтің прозаларын, драматургия мен сыни еңбектерін иненің көзінен өткізгендей қайта қарау керек. Осы олқылықтың орнын толтырсақ, қазақ әдебиеті деген тұтас шаңырақтың бір қабырғасы бүтінделетіндей. Жазушының жары, белгілі сыншы Әлия Бөпежанова айтқандай, «Асқар Сүлейменовті зерделеу – парасат биіктерін, өлшемдерін зерделеу, ұлтымыздың рухани ізденістер аясының иірім жықпылдарына үңілу, енді бір есептен, ой әлеміне, рухани мәдениетке аз да болса қатысым бар деп есептейтін әрбір адамның өзін, қоғамдық-әлеуметтік ортасын, заманын тану, қас қағым мен мәңгіліктің тайталасын сезінуге бастары анық».
Қазақ әдебиетінің тереңдігін Құнанбайдың ұлы Абаймен өлшесек, ендігі шығар биігін Сүлейменнің Асқарымен өлшеу әсте де әбестік емес. Өйткені, өнер деген бұралаңы мен бұлтарысы, мехнаты мен машақаты көп жолға бар болмысымен бойлап, қанын да, жанын да беретіндер аз. Ал сол аздың бірі – Сүлейменов Асқар болса керек.
Жазушының тағы да өзі айтқандай, «Мінсіз шығарма жазу оңай. Қиыны – ғұмырыңды мінсіз шығармаға айналдыру» деген сөзінің үдесінен толықтай шыға білген Асқар Сүлейменов қазақ әдебиетіне келген феномен. Сондықтан да, жазушы барлық жаңа буын қайта-қайта оралып отыратын ерекше тұлға.