Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Республика күні аясында Эстония мемлекетінде ерекше мәдени іс-шара өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
“Алматы әуендері” шығармашылық ұжымы мен “Алатау” дәстүрлі өнер театрына қарасты “Ұлытау” тобы Таллин қаласында көрерменге ұмытылмас концерт ұсынды.
Кеш барысында қазақтың ұлттық әуендері мен заманауи үннің үйлесімі көрініс тауып, тыңдармандар зор ықыласпен қабылдады. Көрермендер “бұл концерт тек өнер мерекесі ғана емес, екі ел арасындағы достық пен мәдени байланыстың айқын көрінісі болды” деп жылы пікір білдірді.
– Білесіз бе? Концерт өте тамаша өтті. Әсіресе, бәрі ұлттық музыкадан басталып, кейін басқа стильдерге ауысқаны ұнады. Осылайша, қазақ өнерінің керемет шолуын көргендей болдық. Шынында да, әсерлі болды. Өзіңіз де көрдіңіз ғой, көрермендер қол шапалақтап, музыканы барлығын беріле тыңдады. Тіпті, сіздің елшіңізді тауып, оған Финляндия халық фестиваліне шақырсын дегім келді. Соңғы орындалған ән барлық Эстония халқына ұнады. Осы жолдан таймаңыздар! – дейді концертте болған көрерменнің бірі.
Мәдени іс-шара Эстония мен Қазақстан арасындағы рухани ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, көрермен жүрегінде жарқын әсер қалдырды.