Украина дрондары шекарадан 950 шақырым жердегі Ресейдің мұнай терминалын шабуылдады

Алдын ала мәлімет бойынша, төрт мұнай тиеу-түсіру қондырғысы істен шыққан, порттың бірнеше ғимараты зақымдалған

Украинаның Қауіпсіздік қызметі (УҚҚ)  мен қорғаныс күштері Ресейдің Краснодар өлкесіндегі Туапсе портындағы мұнай терминалына дронмен соққы жасады. УҚҚ  “Альфа” арнайы операциялар орталығы ұйымдастырған шабуыл нәтижесінде танкер мен порт инфрақұрылымы зақымданып, бес соққы тіркелген.

Алдын ала мәлімет бойынша, төрт мұнай тиеу-түсіру қондырғысы істен шыққан, порттың бірнеше ғимараты зақымдалған. Туапсе портында “Роснефть” компаниясына тиесілі мұнай терминалы мен мұнай өңдеу зауыты орналасқан.

УҚҚ өкілдері мұндай операциялардың Ресейдің мұнай өңдеу инфрақұрылымын нысанаға алатынын айтты. Олар бұл нысандар Ресейдің соғыс әрекеттерін қаржыландыруға көмектесетінін мәлімдеп, “соғыс жалғасқанша, ресейлік мұнай зауыттарындағы жарылыстар да жалғасады” деп хабарлады.