«Мотиватор» деген атпен танымал боксшы Әнуарбек Бекембетов 15 тәулікке қамалды

Ол әлеуметтік желілерде “Мотиватор” лақап атымен белгілі және жиі мотивациялық эфирлер өткізетін.

Полиция мотивациялық видеоларымен танымал жаттықтырушы әрі спортшы Ануарбек Бекембетовті қамауға алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ол әлеуметтік желілерде “Мотиватор” лақап атымен белгілі және жиі мотивациялық эфирлер өткізетін.

Әлеуметтік желілерді бақылау барысында полиция қызметкерлері ер адамның – реалити-жоба мен әуесқой жекпе-жекке қатысушының агрессив әрекеттері мен балағат сөздері жазылған видеоны анықтаған. Ол видеода өзін «күшті әрі батыл» бейнеде көрсетуге тырысқан.

Құқық бұзушы жедел түрде анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Ұсталған соң, ол видеоны қаралым мен лайк жинау мақсатында арнаулы қойылым ретінде түсіргенін мойындады. Яғни көрермен назарын аудару үшін жасалған бұл әрекеттер шынайы емес болып шықты.

Ануарбекке қатысты ұсақ бұзақылық бабы бойынша әкімшілік іс қозғалып, сот шешімімен ол 15 тәулікке қамауға алынды.

Полиция агрессия, дөрекілік пен жалған “күш” қоғамда мақтауға лайық қасиеттер емес екенін баса айтты. Әсіресе мұндай әрекеттер спортшылар тарапынан орын алмауға тиіс. Осындай “қойылым шоулар” қоғамдық тәртіпті бұзып, жасөспірімдер мен жастардың құндылықтарына кері әсер етеді.

ІІМ интернет кеңістігінде агрессия, қатыгездік пен әдепсіз мінез-құлық арқылы танымал болуға тырысқан кез келген әрекеттерге қатаң шара қолдана беретінін мәлімдеді. Барлық осындай жағдайлар заң шеңберінде қаралатыны айтылды.