Зайсан – тұрақты даму тұғырындағы аудан

Еліміздің шығысын­дағы Зайсан ауданы негізінен ауыл шаруашылығы басым аймақ болып саналады, қазір өндірісі де қатар дамыған аудан санатына қосылды.

Биылғы жылдың 9 айында аудан экономикасының негізгі саласы – ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 20,4 млрд теңге болып, өткен жылдың сәй­кес мерзімінен 4,56 млрд теңгеге немесе 25%-ға артты. Өнеркәсіпте 6,8 млрд теңгенің өнімдері өнді­ріліп, 16%-ға өсті. 

Ауданда өндірілетін негізгі өнім түрлеріне пайдалы қазба­ларды өндіру, тамақ өнімдерін шығару, электр энергиясын және жылумен, сумен қамтамасыз ету қызметтері кіреді. Өнеркәсіп өнді­рісінің негізгі көлемі «Тар­бағатай-Мұнай» ЖШС, ARNNA MINERALS ЖШС, «Шығыс АС» ЖШС, «СМУ-Шығыс» ЖШС және «Зайсан құрылыс компа­ниясы» ЖШС еншісінде.

Зайсан ауданының инвести­циялық тартымдылығы жыл са­йын артып келеді. Биыл 9 айда не­гізгі капиталға тартылған ин­вес­тициялар көлемі 35,3 млрд тең­геге жетіп, өткен жылмен са­лыс­тырғанда 58,4% өсті. Оның ішінде, жеке инвестициялар 32,2 млрд теңгені құрады.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 21 млрд теңгеге жетіп, 9,2% өсім көрсетті. 8 548 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылмен салыстырғанда 34,8%-ға артты.

Ауданда 3 947 шағын және орта бизнес субъектілері белсенді жұмыс істеуде. Бөлшек сауда ай­на­­лымының көлемі 12,4 млрд тең­геге жетіп, 11,6% артты. Бұған қо­са, 327 сауда және қызмет көр­сету нысаны жұмыс істейді, оның ішінде 194 дүкен, 5 базар, 20 дә­ріхана, 13 наубайхана, 54 қоғам­дық тамақтандыру орны бар.

2025 жылға арналған аудан бюджетінің меншікті кірісі 3,4 млрд теңге болып, биылғы 9 айда аудан бюджетіне 2,9 млрд теңге кіріс түсті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 29,4% көп.

Ауданның басты мақсаты – тұрақты өсімді қамтамасыз етіп, тұрғындардың өмір сапасын жақ­сарту. Есепті кезеңде аудан бо­йынша 8 548 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылдың осы мерзімімен салыс­тырғанда 2208 шаршы метрге немесе 34,8%-ға артты.

Ауданда өңірлік «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы нәтижелі жалғасын табуда. Бұл бағдарлама бойынша шекаралық ауылдық жерлерде халықты тұрақтандыру үшін көпбалалы отбасыларды, сондай-ақ әлеуметтік қолдауды қажет ететін жандарды баспана­мен қамтамасыз етуде 2023 жылы 42 пәтер, 2024 жылы 68 пәтерлер берілсе, 2025 жылы 96 пәтердің құрылысы жүргізілуде.

Ауданда заманауи талаптарға сай цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру және сапалы байланыс жүйесін қалыптастыру бағытында қарқынды жұмыстар атқарылуда. Қазір Зайсан ауданы бойынша байланыс және интернет желісі­мен қамтылу деңгейі жоғары. Шал­­ғай ауылдарда байланыс са­па­сын арт­ты­руға және интернет жыл­дамды­ғын жоғарылатуға бағыт­талған жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Жуырда көптен күткен Қал­ба­тау-Майқапшағай жолының құ­ры­лысы аяқталып, қазір халық игілігін көруде. Жалпы, аудан бойынша 460 шақырым автомо­биль жолдары өтеді, оның 168 шақырымы – рес­публикалық, 81 шақырымы – об­лыс­­­тық, 211 ша­қырымы – аудан­­­­дық маңыздағы жолдар. Жыл са­­­йын жос­парға сәйкес қала, ауыл жол­­да­ры мен көшелері талапқа сай жөн­деліп, жарықтандырылып келеді. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың туризмді жан-жақты дамыту, ішкі туризмнің инфрақұрылымын күшейту және өңірлердің әлеуметтік-экономи­калық әлеуетін толық ашу мақ­сатында Зайсан, Катон­қа­ра­ғай, Кендірлі секілді ку­­рорт­­­­тық аймақтарда жа­ңа әуежайлар салу туралы тапсырмасы жүзеге асы­рылып жатыр. Биылғы ма­мыр айында ауданымыздың Сәтпай аумағында басталған жаңа әуежайдың құрылысы қарқынды жүргізілуде, қазір ұшу-қону жолағының құрылысы жос­парлы мерзімде аяқталды. Бұл жоба арқылы келешекте туристер саны артып, шетелдік туристер үшін тікелей рейстер арқылы келуге мүмкіндік пайда болады. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа нарықтар мен серіктестіктерге жол ашылады, халықаралық және өңіраралық байланыстар артады. 

Қазір ауданда 6 туристік опе­ратор, 8 туристерге қызмет ету ны­­сандары, оның ішінде 7 қонақ үй мен 1 демалыс базасы бар. Зай­сан қаласы мен ҚХР Жеменей қаласы арасында тұрақты автобус қатынайды. Туризмді дамыту ба­ғы­тында туристерге көрсеті­летін сервистік қызмет түрлерін жақ­сарту мақсатында жеке инвес­тор­лармен жобалар іске асырылуда. 

Аудандағы балық зауыты қай­та жаңғыртылып, 20 адам тұрақты түрде жұмыспен қамтылған. За­уыт күніне 5 тонна балық түрлерін өңдейді. Зауыттың балық өнімдері аудан, облыс, республика көле­мін­де саудаланып қоймай, алыс-жақын шетелдерге де шығарылуда.

«Үйдене» су қоймасы арқылы суару үшін 155 шаруа қожалығы 8 608 гектар жерді игеруде. Су қой­­масына қатысты 4 магистралды канал және ұзындығы 113 ша­қырымды құрайтын 30 ішкі ша­руашылық канал бар. Ішкі ка­налдар мен «Үйдене» су қоймасын қайта жарақтандыру жұмыстары 2026 жылға жоспарланған. Жөн­деу жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл су жүйесі арқылы 10 251 гектар суармалы жер толықтай қамтамасыз етілетін болады.

Жалпы, Зайсан ауданының эко­номикасында өнеркәсіп сала­сы ерекше орын алады. 2025 жыл­дың 9 айының қорытындысы бойынша, ауданның өнеркәсіп кәсіпорындары 6,8 млрд тең­ге­нің өнімдерін өндіріп, бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәй­кес кезеңімен салыстыр­ған­да 15,6 пайызға артық болды.

Білім саласында 28 мек­теп­те 6 486 оқушы оқиды, 21 ба­ла­бақша мен 12 шағын ор­та­лықтар­да – 1 883 бала, мек­­­тепалды даярлық сыныптарында 503 бала тәр­бие­ленуде, 3 пен 6 жас аралы­ғын­да­ғы балалар 100% мектепалды бі­лім­мен және тәрбиемен қам­тылған. 

Білім беру саласында да цифр­ландыру ісі белсенді жүргізілуде. Ауданның 16 мектебіне жоғары жылдамдықты интернетті қамта­масыз ету мақсатында Starlink спут­никтік интернет жүйесі орна­тылған. Бұл бастама шалғай ай­мақ­тардағы мектептердің сапалы білім беру мүмкіндіктерін ке­ңей­тіп, онлайн оқыту мен қашықтан білім алуды қолжетімді етті. 

Биыл Зайсан қаласында 300 орындық жаңа заманауи жабдық­тармен жабдықталған мектеп ашылды. Сонымен қатар Үлкен Қаратал, Сарыжыра ауылдарында жаңа мектеп құрылыстары жүру­де, алдағы жылы пайдалануға беріледі. 

Аудан халқына барлығы 25 емдеу-сауықтыру мекемесі қыз­мет көрсетеді. Ауданның демогра­фиялық ахуалы тұрақты, табиғи өсім оң динамикада. Аудандық аурухана кадр тапшылығы жоқ. Бүгінгі күні емдеу-сауықтыру ме­кемелерінің материалдық-техни­калық базасын нығайтуда бірша­ма жұмыстар атқарылды. 2023 жылы аудандық аурухана Ком­пью­терлік томография аппараты алынып, Зайсан және көршілес аудандар­дың тұрғындары үшін сапалы қыз­мет көрсетуде. Былтыр «Ауыл­да денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шең­бе­­рінде Жаңатұрмыс, Саржыра ауыл­дарында 2 медициналық пункт және Жарсу ауылында фельд­шерлік-акушерлік пункт салынды.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарлама­сына сәйкес, Қаратал ауылында дәрігерлік амбулаторияның құ­ры­лысы жүргізілуде. Алдағы жылы Жалши, Бақасу елді мекендерін­дегі медициналық пунктіне күр­делі жөндеу жұмыстарын жүргізу жос­парланып отыр. Сондай-ақ биыл аудандық аурухананың жұқ­палы ауруларын емдеу бөліміне күрделі жөндеу жұмыстарын жүр­гізіліп, жыл соңына дейін аяқталады.

Ауданда 35 жасқа дейін 8826 жас бар. Жастардың бос уақыт­тарын тиімді пайдалануларына бар­лық жағдайлар жасалған. Ауданымызда 105 спорт нысаны, 11 мәдениет ошағы толыққанды жұмыс істейді. 

Ауылдық елдi мекендердегі денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мә­дениет, спорт және агроөнеркә­сіптік кешен салаларына, ауыл­дық округтер әкімдері аппа­рат­тарының мемлекеттік қызметіне жұмыс iстеуге және ауылға тұ­ру­ға келген жас мамандар­ды тұ­рақ­тандыру мақса­тын­да әлеу­меттiк қолдау шара­лары жүйелі түрде жүргі­зіліп отыр. Соңғы үш жыл­да 52 жас маманға кө­терме жәрдемақы, 20 жас ма­ман­ға бюджеттік несие­лер бе­рілді. 6 денсаулық сақтау сала­сына келген жас маман дәрігерлер тұрғын үй­лермен қамтамасыз етіл­ді. Биыл 4 маман ауылдық жер­лерден тұрғын үй сатып алуға өті­нім беріп, құжаттарын рәсімдеуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қа­зақстан халқына арнаған Жол­дауы негізінен елімізде эконо­мика­­лық жаңғыртуларға арналған. Осы бағытта ауданның алдағы жылдары атқаратын жұмысының бағыт-бағ­дары айқындалып, халықтың әлеу­меттік-экономи­калық жағда­йын жақсарту үшін жаңа мүмкін­діктерге жол ашып отыр. Алдағы уақытта ауданның еңбекқор, адал, отаншыл азамат­тары ел дамуына өз үлестерін қоса береді. Аудан тұр­ғындарының әрқайсысының қа­жыр­лы еңбегі, туған елге деген сү­йіс­пеншілігі – ортақ Отанымыздың өркендеуінің кепілі. Зайсан ауда­нының халқы, қоғамдық ұйым­да­ры, кәсіп­орын­дары мен мекемелері береке мен бірлікте, татулық пен тү­сіністікпен өмір сүріп, еліміздің игілігі жолында аянбай еңбек ете береді.

Мадияр ТӨЛЕУ