Қоғам қауіпсіздігі құқықтық мәдениеттен басталады

Қоғамдағы қауіпсіздік – азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға, қоғамдық тәртіп пен тыныштықты қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік-құқықтық жүйе.

Бүгінде құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық бақылауды күшейту сияқты жауапты қызметтерді тәртіп сақшылары мүлтіксіз орындап келеді. Нәтижесінде, Алматы облысында құқықбұзушылық саны азайып келеді.

Нақтырақ айтқанда, Талғар ауданында құқықбұзушы­лық­тар саны өткен жылмен салыс­тырғанда 19 пайызға, қылмыс саны 3%-ға азайған. Қауіпсіздік пен ты­ныштықты қамтамасыз ету үшін по­лиция тарапынан қажетті шара­лар қабылдануда. Аудан көшелеріне бағдар мен бақылауды күшейту мақ­сатында 10 қазаннан бастап Же­дел басқару орталығы іске қо­сыл­ды. Орталықта мыңнан астам камера шығарылған.

Құқықбұзушылық азайды

Алматы облысы Полиция де­пар­таментінің Талғар ауданы ПБ бас­тығы Нұржан Рахметуллаев ау­дан­да полиция жұмысына еніп жат­қан өзгерістерге тоқталып, қа­уіп­­сіздік шараларының жанданып жатқанын атап өтті.

– Талғар ауданында қоғамдық тәр­тіпті бұрынғыдан да күшейтіп, жұмыс тәсілін жаңарттық. Басты назар – профилактика, қауіпсіздік және тұрғындармен байланыс. Же­дел басқару орталығы іске қо­сыл­ғалы бері бақылау күшейді. По­ли­ция нарядтарының маршруттары қайта қаралды. Учаскелік поли­ция­лардың жұмысы жанданғанын айта кету керек. Басты назарда – заң мен тәртіптің сақталуы. Полиция ашық­тықта жедел әрекет етуге жә­не қоғамға қызмет етуге басымдық береді. Аймақта профилактика бел­сенді түрде жүргізіледі, – дейді Н.Рахметуллаев. 

Облыста қауіпсіздік шара­ларын күшейту мақсатын­да азаматтық қоғам өкілдерімен, жас­тармен, тұрғындармен кезде­су­лер өткізіледі. Үй чаттары арқылы бай­ланыс жолға қойылған. Жалпы аудан бойынша 155 көпқабатты үй қамтылған 60-тан астам чат бар. Аймақтағы жол ахуалы да тәртіп сақ­шыларының жіті назарында. Мұнда патрульдік нарядтардың ты­ғыздығы артқан. Олар көңіл кө­теру, ойын-сауық мекемелеріне жа­қын орналастырылған. Құқық­бұзу­шылықтардың алдын алу, шақыртуларға шұғыл ден қоюға ерекше көңіл бөлінеді. 2025 жыл­дың тоғыз айында ауданда мас күй­де көлік тізгіндеген 131 адам ұстал­ды. Полиция бұл бағыттағы жұ­мысын жалғастыра бермек. Тек аза­маттарды заңсыз әрекеттерге бар­мауға, құқықтық тұрғыда сауат­ты болуға, әрбір құқыққа қайшы әрекеттің салдары жауапкершілікке әкеп соғатынын естен шығармауға шақырады. Аудандағы тыныштық пен тұрақтылық – күн-түн демей қызмет атқарып жүрген тәртіп сақ­шыларының тікелей еңбегінің нәтижесі. Полиция қызметкерлері тек қоғамдық тәртіпті қадағалап қана қоймай, әрбір шақыртуға же­дел жетіп, кез келген төтенше жағ­дайдың алдын алуға күш салады. Қауіп-қатерді ерте байқап, құ­қық­бұзушылықты дер кезінде тоқтату олар­дың кәсіби міндеті ғана емес, ел алдындағы азаматтық борышы саналады. Қауіпсіздік саласындағы басты басымдықтардың бірі – полиция қызметінің ашықтығын арт­тырып, халықпен арадағы бай­ланысты. Тұрғындармен сенімді диа­лог орнатып қана қоймай, қауіп­сіздікке ортақ жауапкершілік қалыптастыру да қазіргі қоғамның ең басты талаптарының бірі болып отыр. 

Цифрлық қауіпсіздік – қоғам назарында

Алматы облысында Полиция де­партаментінің қызметкерлері Экономикалық тергеп-тексеру де­партаментінің мамандарымен бір­ле­сіп, қаржылық сауаттылықты арт­­тыру және интернет-алаяқ­тық­тың алдын алу мақсатында түсін­діру жұмыстарын жүргізді. Игі бас­тамаға негізделген іс-шара Ең­бек­шіқазақ ауданы Есік қаласында, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы мен №6 лицей-гимназия базасында өтті. Кездесуге орталықтың қарт­тары, сондай-ақ 9–11 сынып оқу­шылары мен мектеп мұғалімдерінен құралған бас-аяғы 170-ке жуық адам қамтылды.

Алматы облысы Полиция де­пар­таментінің Киберқылмысқа қар­сы іс-қимыл басқармасының жә­не Еңбекшіқазақ аудандық по­лиция бөлімінің қызметкерлері қа­тысушыларға интернет-алаяқ­тық­тың ең кең тараған түрлері, әлеуметтік желілер, банк қосым­ша­лары мен мессенджерлер арқы­лы жасалатын алдау тәсілдері тура­лы айтып берді. Сондай-ақ ин­тер­нетті қауіпсіз пайдалану ережелері мен жеке деректерді қорғау жолдары нақ­ты фактілермен түсіндірілді. Цифрлық технологиялар күнде­лік­ті өмірдің ажырамас бөлігіне ай­нал­ған тұста, интернет кеңістігін­де­гі қауіптер де арта түсті. Солар­­д­ың ішінде ең қауіптісі – киберқылмыс. Бұл – ақпараттық жүйелер арқылы жасалатын заңсыз әрекеттер: аза­маттардың жеке деректерін ұрлау, банк шоттарын бұзу, фишинг хат­тар арқылы алдап ақша иемдену, әле­у­меттік желілерде жалған па­рақ­шалар ашып алаяқтық жасау жә­не басқа да интернет арқылы жү­зеге асатын қылмыстар.

Экономикалық тергеп-тек­серу департаментінің өкіл­дері тыңдаушылардың назарын қар­жылық сауаттылық мә­селе­лері­не, қаржылық ұсыныстардың, ин­вес­тициялар мен онлайн-қарыз­дар­дың шынайылығын тексерудің маңыздылығына аударды.

– Цифрлық технологиялар қар­­қынды дамып келе жатқан қа­зір­гі за­манда абай болу және ақ­па­рат­тандырылған болу аса маңызды. Қауіп­­сіздік ережелерін білу – өзіңіз бен жақындарыңызды алдау әре­кет­терінен қорғаудың ең тиімді жо­лы, – деп атап өтті кездесудің ұйым­­дастырушылары.

Мұндай іс-шаралар тұрақты түр­де өткізіліп, азаматтардың құ­қық­­тық сауаттылығын арттыруға жә­­не интернет пен цифрлық қар­жы қызметтерін жауапкер­шілікпен пайдалануға бағытталған.

Есірткімен күрес күшейді

Қоғамның болашағы – сау ұр­пақ. Сондықтан есірткімен күрес бү­гінде мемлекет пен қоғам үшін ст­ратегиялық басымдық болып отыр. Есірткі бизнесінің тамырына бал­та шабу, оның таралуына тос­қауыл қою және жастарды зиянды әдет­тен қорғау сынды әрекеттер құқық қорғау органдары мен білім ұйымдарының басты міндетіне ай­налғаны қашан. Нәтижесінде, көп­т­еген қылмыс әшкере болып жа­тыр. Соның бірі – Алматы қала­сы­ның арнайы прокурорлары АҚШ-тан тасымалданған есірткі зат­тарының аса ірі көлемдегі конт­ра­бандасы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.

Қала прокуратурасының мә­лі­метіне сүйенсек, тергеу барысында жа­засын пенитенциарлық меке­ме­де өтеп жатқан сотталған адам Аме­­­рика Құрама Штаттарынан Ал­матыға есірткі құралы – мари­хуа­на мен каннабис сығындысы са­лынған сәлемдемелерді жеткізу арнасын ұйымдастырғаны анық­талды.

«Қылмыстық әрекетке ұйым­дастырушылар, кураторлар, қам­қор­шылар, дропперлер, жасырын бел­гілеушілер және өлшеп орау­шылар тартылған. Жедел іс-ша­ралар нәтижесінде «Жетісу» кеден бе­кетінде салмағы 43 келіні құрай­тын марихуана мен каннабис сы­ғындысы салынған 25 сәлемдеме тәр­кіленді. Олар іс бойынша заттай дә­лелдемелер деп танылды. Тергеу жә­не жедел-іздестіру іс-шаралары­ның кешені, сондай-ақ сот сарап­та­маларының нәтижелері, айып­талушылардың құқыққа қарсы қыз­метін растады», – делінген ақ­паратта.

Барлығы 20 күдікті, оның ішін­де ұлттық қауіпсіздік ор­­га­нының 2 қызметкері және қыл­мыс­тық топтың қызметіне қам­­қорлық көрсеткен ҚР ІІМ ҚАЖК-ның 3 қызметкері ұсталды.

«Іс бойынша айыпталушыларға есірт­кі заттарын контрабандала­ғаны және сатқаны, сондай-ақ лауа­зымдық қылмыстары үшін жауаптылықты көздейтін баптар бойынша айып тағылды. Заңсыз қыз­меттен алынған табысты күдік­тілер жылжымайтын мүлікті, жер учас­келерін және автокөлік құрал­дарын сатып алу жолымен заң­дас­тырған. Соттың санкциясымен 5 пә­терге, 3 құрылысқа, 10 жер учас­кесіне және 44 автокөлік құралына тыйым салынды», – деп жазды Алма­ты қаласының прокура­турасы.

Қылмыстық ісі мәні бойынша қа­рау үшін Қылмыстық істер жө­ніндегі мамандандырылған ауда­на­ралық сотына жолданды. Бұл істің мән-жайы құқық қорғау орган­дары­ның есірткі бизнесіне қарсы күресте жүйелі әрі қатаң шаралар қа­былдап жатқанын көрсетеді. Заң­сыз айналымнан түскен табыс­ты заңдастыру әрекеттері де назар­дан тыс қалған жоқ – күдіктілердің мүлкіне көлемді шектеу қою бұл ба­ғыттағы қылмыстың жазасыз қал­майтынын дәлелдеді. Құзырлы органдардың мәлімдеуінше, қоғам мен азаматтардың қауіпсіздігін қам­тамасыз ету мақсатындағы кү­рес шаралары жалғасады, ал есірт­кі саудасына қатысы бар кез кел­ген тұлға заң алдында жауап бе­реді.

Жуырда Алматыдағы тәртіп сақ­шылары тағы бір қыл­мыстың алдын алды. Полиция де­партаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы қызмет­кер­лері жедел іс-шаралар барысын­да психотроптық заттарды жасы­рын қойып кету арқылы таратты де­ген күдікпен екі әйелді ұстады. Кү­діктілер айдап жүрген автокө­лік­тен ұнтақ тәрізді зат салынған түйіншектер табылып, тәркіленген еді.

«Интернет арқылы азаматтар­ды, соның ішінде әйелдер мен жас­тарды психотроптық заттарды та­ратуға тарту деректері жиілеп кет­ті. Есірткіні жасырын қойып кету – бас бостандығынан айыру жа­засына әкелетін қылмыс. По­лиция мұндай интернет-топтардың қызметін жүйелі түрде тоқтатып, есірткі айналымына қатысты кез кел­ген дерекке қатаң шара қолда­на­ды», – деді Алматы қаласы ПД есірт­кі қылмысына қарсы күрес бас­қармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.

Жалпы, жүргізіліп жатқан кешенді шаралар қоғам қауіп­сіздігін нығайтуға, құқық­бұзу­­­шылықтың алдын алуға және азаматтардың құқықтық мәде­ние­тін арттыруға бағытталған. Тәртіп сақ­шылары заң үстемдігі мен қо­ғамдық тыныштықты қамтамасыз етуді жалғастырып келеді. Қазір құ­қық қорғау органдарының мате­риалдық-техникалық базасы жаңар­тылып, цифрлық қадағалау құралдары кеңінен енгізілуде. Бұл өз кезегінде қылмысқа қарсы кү­рес­тің тиімділігін арттырып, жедел әрекет ету мүмкіндігін күшейтеді. Со­нымен қатар халықпен тығыз бай­ланыс орнату, тұрғындардың се­німін нығайту да маңызды ба­сым­дықтардың бірі болып отыр.

Сымбат БЕГІМБАЙ