Аралдың ахуалы әлем үшін маңызды

Арал теңізінің экожүйесін жақсарту өзектілігін жой­ған жоқ. Жуырда бұл мәселеге қатысты Астанада пилот­тық жоба таныстырылды.

Бастаманың серіктестері қа­тарын­да Қорқыт ата атындағы Қызылорда универ­сите­ті, Калифорния уни­­верситеті (Беркли) және Қазақ­стан­дағы Халық­ара­лық Аралды құтқару қорының атқар­ушы дирекциясы бар.

Пилоттық жоба Арал теңізінің құр­ғаған табанының экожүйесін ұзақ­мерзімді жақсартуға бағыт­талған. Бұл мақсатта Калифорния уни­верситетінің (Беркли) ға­лымдары әзірлеген инновациялық E-seed технологиясы сынақтан өт­кізілді. Аталған технология дрон­дардың көмегімен биоло­гиялық ыдырайтын қабықтағы өздігінен топыраққа сіңетін тұ­қым­­дарды аэросебу әдісіне не­гіз­дел­ген. 

– Біз тұз бен улы шаңның та­ралуы­на тосқауыл қойып, адам­дар­дың денсаулығын жақсартуға жә­не Жердің болашағына үлес қо­суға бағытталған жобаны қолға ал­дық. Технологияның бірегейлігі – шөл­дерді жасыл оазистерге айналды­рып қана қоймай, өртенген орман­дарды қалпына келтіруге де, ағаш отырғызудың тиімділігін арттыруға да ықпал ете отырып, оны әлемнің кез келген нүктесінде қолдануға бо­ла­тындығында, – деді Болат Өте­мұратов қорының директоры Айнұр Кәрібозова.

Әзірге 1 гектар аумаққа тұқым отыр­­ғызу 2026 жылғы наурыз-сә­уір айларында басталады. Ғылы­ми дәлелденген жерсіну көрсеткіштері 20 пайыздан жоғары болған жағ­дайда, пилоттық жобаның екінші кезеңі шеңберінде 2027 жылы Арал теңізінің 50 гектар құрғаған таба­нына тұқым себіледі. 

– Университеттің зерттеу тобы био­логтардан, экологтардан, агро­номдардан, су шаруашылығы ма­ман­дарынан, химиктер мен топы­рақ­танушылардан, IT-ма­­мандардан тұрады. Сырбойылық ғалымдарға «Тестілік кезеңін дайындау», «Қа­зақ­станда 3000 e-seed контей­нер­ле­рін өндіру», «1 га тәжірибелік учас­кеде тестілеу», «Мониторинг жә­не бақылау» жұмыстары жүк­те­ліп отыр. Бұл жоба әлем үшін, оның ішінде зардабын мейлінше қат­ты сезініп отырған Сыр елі үшін Үлкен үміттің бастауы бол­мақ, – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің рек­торы Бейбіткүл Каримова.

Жоба Қазақстан төрағалық ететін 2024-2026 жылдарға арнал­ған Аралды құтқару халықаралық қоры шеңберіндегі бастамалармен тығыз байланысты. Осы кезеңде теңіз табанының 1 миллион гек­тар­дан астам аумағын көгалдан­дыру жоспарлануда. Бұл тұста Арал экожүйесін қорғау жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда универ­си­теті, Калифорния университетінің Morphing Matter зертханасы, Қа­зақ­стандағы Халықаралық Аралды құт­қару қорының атқарушы ди­рекциясы және Болат Өтемұратов қоры арасындағы серіктестікті бе­кітті.

О.МҰРАТБЕКҰЛЫ