Іс-шараның негізгі мақсаты – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, шамадан тыс қарызданудың алдын алу және қиын қаржылық жағдайда қалған азаматтарға құқықтық көмек көрсету. Партия әрдайым халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, елдің шынайы қажеттіліктеріне сай бағдарламаларды жүзеге асыруда. Барлық бастама мен жоба қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған.
Қазір республика бойынша 228 қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыс істейді: оның ішінде 1 республикалық, 20 өңірлік және 207 аумақтық. Он айдың ішінде қоғамдық қабылдауларға 100 мыңнан астам өтініш түскен. Күн сайын несие жүктемесіне және алаяқтық әрекеттерден қорғауға қатысты өтініштер де келіп түсуде. Сондықтан бүгінгі тақырыптық қабылдаудың мазмұны кездейсоқ таңдалған жоқ. Мұндай қабылдау күндерінің қоғам үшін маңызы зор. Бұл жайында «AMANAT» партиясы орталық аппараты қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Жұмабек Нұрмаханбетұлы мәлімдеді.
– «Қарызсыз қоғам және құқықтық көмек» тақырыбының таңдалуы кездейсоқ емес. Қаржылық сауаттылық пен құқықтық білім – әр адам ертеңгі күніне сенімді болатын тұрақты қоғамның негізі. Қоғамдық қабылдаулар әрдайым халықтың жағдайын бақылауда ұстайды. 10 ай ішінде қоғамдық қабылдауларға 100 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Офлайн қабылдаудан бөлек, біз өзге өңірлерден өтініш білдірген азаматтарды онлайн режимінде қосып, олардың қажетті мемлекеттік органдардан дәл осы сәтте кеңес алуына мүмкіндік бердік. Әрбір адамның тұрғылықты жеріне, табыс деңгейіне немесе жасына қарамастан, қоғамдық қабылдаулардың есігі әркімге әрдайым ашық екенін білуі маңызды, – дейді ол.
Іс-шараға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Әділет департаментінің, Мемлекеттік кірістер департаментінің, «Отбасы банк» АҚ-ның өкілдері, сондай-ақ тәжірибелі заңгерлер мен қаржы сарапшылары қатысты.
Партияға жүгінген азаматтардың талап-тілегі әртүрлі болды. Мәселен, елордалық тұрғындардың бірі алаяқтардың құрбаны болып, көмек сұрап келді. Оның айтуынша, алаяқтар оның атына 18 600 мың теңге көлемінде несие рәсімдеген. Арнайы қажеттіліктері бар баланы тәрбиелеп отырған ана банкроттық рәсімін жүргізу бойынша көмек сұрады. Ол алған несиелердің басым бөлігін баласының емі мен оңалтуына жұмсағанын, алайда жалғыз асыраушы ретінде барлық несиені өтеуге шамасы келмейтінін айтып, өзін банкрот деп тануды сұрады. Тағы бір азаматша банкрот деп тану рәсімін жетілдіруді ұсынды. Ол екі жылдан бері несиелерін төлей алмай жүргенін, бірақ онлайн өтініш беру үшін сенімхат рәсімдеп, ЭЦҚ кілттерін заңгерлерге тапсыру қажеттігі кедергі болып отырғанын айтты. Сонымен қатар алимент өндіру мәселесі де көтерілді. Бұл – бүгінде ең өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі. Азаматша бұрынғы жұбайынан жеті ай бойы алимент өндіре алмай жүргенін жеткізді. Жалпы, осындай бірқатар мәселе ашық есік күнінде қаузалып, тыңдалды.
– Осыған дейін мәселемді шешу үшін көптеген кеңес алу орталығына жүгінгенмін. Бала күтімі бойынша еңбек демалысында отырған кезімде де несиелерімді өтеп отырған едім. Банктердің жеңіл кестесіне шығуға мүмкіндік жоқ екенін білдім. Қазір 7 миллион теңге көлемінде берешегім бар. Қарызымды бөліп төлеу, есепшотымды бұғаттан шығару, банкроттыққа өтініш беру сияқты қызметтердің жай-жапсарын біле алмай жүрген едім. Осы мәселелерді оңтайландыру мақсатында «AMANAT» партиясына жүгіндім. Өз өтінішіме құлақ асып, шешу жолдарын ұсынғанына ризашылық білдіремін, – деді кеңес алушы М.Мамырбекова.
Қабылдау барысында несие төлемін кейінге шегеру, қарызды өтеу кестесін қайта қарау, банктік шоттарға қойылған шектеулерді алу және қайта қаржыландыру мәселелері де талқыланды.
Қаржылық сауаттылық пен құқықтық мәдениет – тұрақты қоғамның маңызды тіректері. Сол себепті партия білім беру бастамаларына, кеңес беру бағдарламаларына және азаматтармен тікелей байланыс орнатуға ерекше көңіл бөледі.
О.МҰРАТБЕКҰЛЫ