Еңбекшіқазақта ер азамат баласының аяғына гипс салдырғысы келмеген, дәрігерді балағаттап, қызметіне кедергі келтірген. Салдарынан Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының №2 аудандық соты баланың әкесін үш күнге қамады, – деп жазды Аikyn.kz
Іс материалдарына сәйкес, ол биыл 8 қыркүйекте шамамен сағат 17:00-де Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасының №1 қабылдау бөліміне баласын апарған. Баласы аяғын ауыртып алған көрінеді. Дәрігер баланың аяғы сынғанын айтып, гипс салу керек екенін ескреткен. Алайда ер адам бұған келіспеген.
«Баланың әкесі дәрігердің іс-әрекетімен келіспей, сүйек сынбаған деп есептеген. Осыған байланысты ол наразылық білдіріп, бейәдеп сөздер айтып, дәрігерді жағасынан ұстаған», – деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Сотқа келген ер адам кінәсін мойындап, эмоцияға берілгенін, бейәдеп және орынсыз әрекеттерге жол бергенін айтқан. Жазаны соттың қарауына қалдырған.
«Сотқа келген травматолог пациенттің әкесінен ауызша тіл тигізу мен физикалық қысым көргенін растады. Сондай-ақ ер адам басқа медициналық қызметкерлерге де құрметсіздік көрсеткенін атап өтті», – деп жазады баспасөз қызметі.
Мән-жайларды ескерген сот ер адамды кінәлі деп танып, оны үш күнге қамаған.