Қостанайда полицейлер заңсыз аң атып жүрген адамды ұстады

Бұзушылық «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық шарасы аясында анықталды.

Полиция қызметкерлері заңсыз аң аулау дерегінің жолын кесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұзушылық «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық  шарасы аясында анықталды.

Қылмыстық полиция басқармасы мен Алтынсарин ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері бірлесіп Қостанай ауданына қарасты Октябрь ауылындағы жеке үйге тексеріс жүргізді.

«УАЗ» маркалы автокөлікті қарау барысында полицейлер екі жабайы жануардың, алдын ала болжам бойынша, бұланның сойылған етін және тегіс ұңғылы АКС-366 «Ланкастер» мылтығын тапқан.

Құқық қорғау органдары күдіктілерді анықтады. Оларға қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің «Заңсыз аңшылық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.