AI-Sana Қазақстанның зияткерлік болашағын қалыптастырады

Астанада «Қазақстан – академиялық білім беру аумағы» стратегиялық серіктестердің халықаралық форумы өз жұмысын бастады.

Форум жоғары оқу орындарының ректорлары, аккредиттеу органдарының өкілдері мен шетелдік университет филиалдарының жетекшілерін біріктірді. Іс-шара жоғары білім мен ғылым саласындағы тәжірибе алмасу, жаһандық үрдістерді талқылау және бірлескен шешімдер қабылдау үшін маңызды алаңға айналды.

Форумның негізгі іс-шараларының бірі – білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу және цифрлық құзыреттерді дамытуға бағытталған AI-Sana Ceremony болды. Қатысушыларды ҚР Президентінің көмекшісі Қуанышбек Есекеев құттықтап, AI-Sana бастамасының жаңа буынның зияткерлік экожүйесін қалыптастырудағы маңыздылығын атап өтті.

«Өткен жылы желтоқсан айында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы AI-Sana бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Арада аз ғана уақыт өтіп, бүгін базалық курс нәтижелері бойынша бағдарламаның алғашқы нәтижесін көріп отырмыз. Үкіметтің, министрліктің, университеттердің, студенттердің және бағдарлама серіктестерінің бірлескен күш-жігерінің арқасында біз жоғары оқу орындарында жасанды интеллектіні дамыту экожүйесінің негізін қалап, жастардың әлеуетін ашуға жағдай жасадық. Осы жылдың ішінде студенттеріміз үлкен жолдан өтті. Олардың жобалары цифрлық форумдар мен көрмелерден бастап, Парламент отырыстарына, сондай-ақ Президентпен кездесулерге дейін түрлі алаңдарда таныстырылды. Бүгін біз алғаш рет үздіктерді – AI-Sana Leaders бағдарламасының жеңімпаздарын ресми түрде марапаттау үшін жиналдық. Олардың жобалары медицина мен білім беруден бастап өнеркәсіп пен қауіпсіздікке дейінгі түрлі салаларды қамтиды. Студенттік шешімдер бүгінде экономиканың және әлеуметтік саланың әртүрлі бағыттарында қолданыс тауып жатыр. Бұл – алғашқы қадамдар, алда – жаңа белестер, жаңа идеялар және жаңа жеңістер»,  деді Қуанышбек Бақытбекұлы.

AI-Sana Ceremony шарасы аясында еліміздің жоғары оқу орындары арасында үздік жасанды интеллект жобаларының авторлары марапатталды. Жеңімпаздар келесі номинациялар бойынша анықталды:  AI-Sana Leader, «Білім берудегі үздік ЖИ жобасы – Академиялық адалдық», «Саладағы үздік шешім», «Энергетика саласындағы үздік ЖИ жобасы», «Денсаулық сақтау саласындағы үздік ЖИ жобасы», «Мансаптық траекторияларды құруға арналған ЖИ», «Мәдениет саласындағы үздік ЖИ жобасы», «Өнеркәсіптегі үздік ЖИ жобасы», «Қоғам игілігі үшін: жылдың әлеуметтік бастамасы», «Биомедицина саласындағы үздік ЖИ жобасы», «Инклюзивті ЖИ технологиялары» және басқа да аталымдар. Шара аясында қатысушылар жасанды интеллект саласындағы жобалар таныстырылған ЖИ шешімдер көрмесін тамашалады.

Huawei компаниясы жасанды интеллектке арналған курстарды жергіліктендіріп, оларды 175 мың студент аяқтап, 250 мыңнан астам сертификат иеленді. Coursera білім беру платформасы 95 қазақстандық жоғары оқу орнына арналған 37 мың лицензия ұсынды. Нәтижесінде, студенттер 59 мың сертификат алып, Қазақстан Coursera Awards халықаралық сыйлығының финалистері қатарына енді.

Сонымен қатар шара барысында «Ғылым қоры» АҚ мен  Platonus  ЖШС арасында AI-Sana Academy платформасын іске асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.