Ақтөбеде 8-сынып оқушысы әкесінің көлігін рұқсатсыз мініп кетіп, қаза тапты

Полицияның дерегінше, жасөспірім көлікті басқара алмай, жол апатына себеп болған. Ол алған жарақаттарының салдарынан ауруханада көз жұмды.

Ақтөбеде 8-сынып оқушысы әкесінің көлігімен рұқсатсыз мініп шығып, жол апатына ұшырады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оқиға «Бауырластар» тұрғын ауданында болған.

Полицияның дерегінше, жасөспірім көлікті басқара алмай, жол апатына себеп болған. Ол алған жарақаттарының салдарынан ауруханада көз жұмды.

Бұл – соңғы екі айдағы дәл осы ауданда болған екінші осындай қайғылы жағдай. Бұған дейін, 2 қыркүйекке қараған түні Әлімхан Ермек көшесінде 16 жастағы жасөспірім Mitsubishi Carisma көлігін ата-анасының рұқсатынсыз айдап шығып, апатқа ұшыраған. Ол да алған жарақатынан көз жұмған еді.

Осыған байланысты Ақтөбе облысының Полиция департаменті ата-аналарға балалардың мінез-құлқын және олардың көлік құралдарына қол жеткізуін қатаң бақылауға алуды ескертті.

Полиция деректері бойынша, биыл өңірде 1 632 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 2 мыңнан астам адам жарақат алып, 99 адам қаза тапқан, олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар.

Қазір облыс аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық шарасы өтіп жатыр (27-31 қазан аралығы). Оның мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, әсіресе балалар, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер арасындағы жол апаттарының алдын алу.