Бразилияда жарқанаттардан коронавирустың жаңа түрі анықталды

Зерттеу нәтижесінде BRZ batCoV бета-коронавирус тобына жататыны белгілі болды.

Бразилиялық ғалымдар жарқанаттардан коронавирустың жаңа түрін анықтады,  деп хабарлайды Aikyn.kz Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап.

Зерттеушілер бұл вирусты BRZ batCoV деп атаған. Оның генетикалық құрылымы COVID-19 және Таяу Шығыс респираторлық синдромын (MERS) тудыратын вирустарға ұқсас.

Жаңа вирус жәндікпен қоректенетін жарқанаттардан анықталған. Бұл жануарлар негізінен Латын Америкасында кездеседі. Ғалымдар талдау жасау үшін Мараньян және Сан-Паулу штаттарында сынама жинады.

Зерттеу нәтижесінде BRZ batCoV бета-коронавирус тобына жататыны белгілі болды. Сондай-ақ бұл топқа SARS-CoV-2, MERS-CoV және SARS-CoV вирустары да кіреді.

Мамандардың айтуынша, әзірге жаңа вирустың адамға қауіп төндіретіні дәлелденбеген. Дегенмен BRZ batCoV-тың бір ерекшелігі  ондағы тікенек тәрізді ақуыздың белгілі бір бөлігі адам мен жануар жасушаларындағы ферменттер арқылы ыдырап, вирустың ағзаға енуін жеңілдетеді.