Дәлелсіз ем денсаулыққа дауа бермейді

Қазір көпшілік білетін хиджама осыдан 5500 жыл бұрын Ассирия мен Ежелгі Мысыр жерінде пайда болған ем түрі екені айтылады. Әдістің тиімділігі, пайдасы жөнінде ғылыми негіз болмағанымен, кейінгі кездері косметологияда аса танымал процедураға айналды. Ал оның адамға расымен көмегі бар ма?

Негізінен, хиджаманың құрғақ және ылғалды банкамен емдеу дейтін екі түрі бар. Құрғақ емдеуде теріні тіліп жара­қаттамай, пластик, не шыны банканы теріге жабыстырады, ал ылғалды әдісте теріге кішкене тіліктер жасап, үстіне 5-10 минутқа банка қояды. Екі әдіс те ірі бұлшықеттер орналасқан дене бөлі­гіне, арқа, бөксе, кеуде, іш аймағына қойылады. Алайда кейінгі кездері табан, қол, мойын, тіпті бетке қою да кең тара­ды. Косметологтардың пікірінше, кос­метологиялық хиджама дене хиджама­сынан кейін пайда болған. Дене хиджа­ма­сынан оң нәтиже болғандықтан, бұл әдіс кейіннен дамыған екен. Мәселен, арқасын безеу қаптаған адамдар хиджа­ма жасатқан соң  пайдасын көрген дейді.

Бір қызығы, хиджаманың кез келген түріне қатысты нақты ғылыми дәлел, заманға сай жаңа тәсіл болмаса да, оны жасатуға жүгіретіндер қатары арт­паса, азаймай тұр. Косметологиялық орта­лық­тардың әлеуметтік желідегі жар­намасы да самсап, қыз-келіншек­тердің көзін қызықтыратыны тағы бар. Қыздар ісінуді азайтып, сыртқы кел­беттің әдемі көрінуіне көмектеседі десе, енді бірі пигмент-дақтардан, безеуден құтылу үшін пайдалы санайды. Әсіресе, фаст-фуд өнімдерін, зиянды тағамдарды жиі тұтынатындардың бетінде түрлі мәселе туындайды, сол себепті хиджама­ға барып жатады. Бүгінде жасөспірімдер де, тіпті ерлер де косметологиялық хиджа­ма жасатады. 

12 жылдан аса тәжірибесі бар кос­метолог Айғаным Құдайбергенқызы хид­жаманың пайдасын жоққа шығар­май­ды, тек білікті маманның көмегіне жүгіну керек дейді.

– Бетке арналған хиджаманы кос­метологиялық хиджама немесе капил­ляротерапия деп айтады. Капилляро­терапия деп атауының себебі, біз тек тері астындағы капилляр қанды аламыз. Бұл процедура беттегі токсиндерді, арам қанды тазалап, беттегі ішкі ресурстарды қалпына келтіруге мүмкіндік береді.  Пластикалық ота немесе салондағы басқа да процедуралар уақытша ғана әсер береді. Пластикалық хирургия ешқашан да бет терісінің сапасымен жұмыс істемейді, бетіңізді тартып, формасын өзгертумен шектеледі. Бетің­ізде пигментация, безеу немесе ұсақ әжімдер де сол қалпы қалады. Капилля­ротерапия адам терісінің сапасына әсер етіп, ішкі регенерация жасап, адам терісі 10-15 жылға жасарады, – дейді кос­метолог.

Елімізде хиджама медициналық қызмет түріне жатпайды. Қазақстан Республикасының «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңында «Дәс­түрлі медицина – бұл халық медици­насындағы көп ғасырлық дәстүрлерге негізделген, профилактика, диагнос­тика, емдеу және қалпына келтірудің кодификацияланған әдістерінің жиын­тығы, медициналық қолдануға рұқсат етілген. Дәстүрлі меди­цина саласында қызмет ету құқығы – медициналық бі­лімі бар, денсаулық сақтау саласының сертификаты мен заң бойынша лицен­зиясы бар тұлғаларға беріледі» деп жаз­ылған. Елде хиджама дәстүрлі медицина түріне де жатпайды, лицензияланбайды. Сол себепті емді екінің бірі жасауды ма­шық әрі кәсіп еткен, медициналық білімі жоқтар да бес күндік курс оқып, шипагер де, косметолог та атанып, өздігінен ем жүргізе береді. Мұны дер­ма­толог Жанна Мұратқызы да растап отыр. 

– Бұл емдеу дәстүрлі емес меди­ци­наға жатады, яғни медициналық қыз­мет түріне кірмейді. Сондықтан хиджамамен айналысатын адамдардың лицензиясы жоқ. Пайдасы жөнінде дәлел, еш ақ­парат жоқ. Бетке хиджама жасау арқылы ұйыған қанды сұйылтады деп айтады, яғни бетке иненің көмегімен травма жасайды, сол кезде бет клеткалары жаңа­рады, нәтижесі бар дейді. Өз басым хиджама жасамаймын, жасамағанмын да, алғашында байқап көргенмін. Жа­райды, біз бетке травма жасап сондай нәтижеге жетерміз, бірақ мезотерапия арқылы әлдеқайда сенімді, жоғары нә­тиже болар еді, сондықтан да мезо­те­рапия жасаймын деп шештім. Дәрігер ретінде жауапты істі мойныма алған соң лицензиясы бар, мақұлданған емді жүр­гізгім келеді, – дейді дерматолог дәрігер.

Ж.Мұратқызының көмегіне безеу маза бермеген пациенттер жиі жүгінеді. Емделу­шілер одан бұрын хиджама жа­сатып, керісінше жағдайын ушықтырып алған.

– Безеудің орнын емдейміз дегенді естіп хиджама жасатқан ем алушыларым көп. Көбіне олардың беті асқынып кет­еді, хиджама көмектеспеген, керісінше іріңге ұласқан, акненің орны қалып қой­ған. Сондықтан да хиджама көмекте­седі деп біржақты пікір бере алмаймын, – дейді дәрігер.

Ақбота Мұқыш бетін емдеуде хиджа­ма жасауды байқап көрген, алайда ол да ешқандай әсер бермегенін жеткізді.  Әлия Мыразаханқызы есімді кейіп­керіміз болса, хиджаманың пайдасы мол екенін айтады. 

– Арқаға, аяққа жасатқанмын, өзімді сондай жеңіл сезінемін. Хиджаманы да жасатамын, сүлікті де қойдырамын. Жақсы көмектеседі, арқам тырысып жүргенде барсам, бір жаным кіріп қала­ды. Өзіме қатты ұнайды, бірақ бетке жас­ат­қанымда аса пайдасы болмады, – дейді Ә.Мырзаханқызы.

Косметолог Айғаным Құдайберген­қызы да медициналық білімі жоқтар курс оқып, хиджама жасауды үйреніп алғанын мойындайды, бірақ бәрі оқытушыға тікелей байланысты дейді.

– Хиджама дәстүрлі емес медицина түріне жатады. Әлбетте, курсты кез кел­ген адамға оқуға болады, Қазақстан бо­йынша оқушыларым өте көп, жақсы нәтиже де көрсетіп жүр. Дегенмен мұн­ың бәрі ұстазға, оқытушының өзіне бай­­ланысты. Түрлі жарнамаға сеніп қал­май, өз ісінің мамандарына ғана бару­ға шақырамын, – дейді А.Құдайбергенқызы.

Маманның сөзінше, процедурадан кейін дақ пен тыртық қалмайды. Егер де емді оқыған-тоқыған, білікті маман жа­саған болса, ешқандай да қаупі жоқ. Айғаным ханымның дене хиджамасымен айналысқанына 12 жыл, ал медициналық хиджаманы қолға алғанына 7 жыл бол­ған. Ол Дубай, Мысыр, Ресей сынды ел­дерден де білім алып, шеберлігін жетілдіріп отырған. Косметолог 2022 жылы People Awards байқауының «Хал­ық­аралық хиджама тренері» атағына ие болған. 

Ал дерматолог Майра Сапарбекқызы кез келген адамның косметологиялық хиджама жасап жүргеніне алаңдаулы.

– Қазір хиджаманы дәрігерлер емес, қысқа уақытта курсын оқып алып екінің бірі жасап кетті. Біз, дәрігерлер, бұл саланы кемінде 9 жыл оқимыз, үнемі із­деністеміз, ұдайы білім аламыз. Бетте қан тамыры өте көп, үштік нерв дейтін өте қауіпті нерв түрі бар. Соның бәрінің анатомиясын, физиологиясын білу керек. Дәрігер ғана ауру асқынған жағд­айда қалай емдеу, қалай алдын алу керек екенін біледі. Егер дәрігер медициналық, косметологиялық орталықтарда істесе қарсы емеспіз, – дейді дәрігер. 

Дерматологтың айтуынша, космето­логиялық хиджама беттегі кез келген мәселені емдей алмайды. Безеу мен акненің түрі көп, білікті дәрігер ғана диагноз қойып, соған сай кеңес беріп, ем жасай алады. М.Сапарбекқызы про­цедураны жасатпас бұрын дәрігердің рұқсатын алу керегін қадап айтты. 

– Іріңді безеу кезінде, акне асқынған жағдайда ешқандай да жарақат жасауға болмайды. Бет терісіндегі әжім де эпидермис қабатында емес, бұлшықетке байланысты, сондықтан да хиджама бет әжімін кетіруге де көмектеспейді. Кез келген травматизация коллаген сти­муля­циясы, яғни қан айналымын рет­теуде көмегі тиеді. Хиджаманы тек дәрігердің кеңесімен жасау керек, – деп түсіндірді дерматолог маман. 

Сонымен қатар дәрігерлер космето­логиялық  хиджаманың беттегі қан айналымын реттеуге көмегі тигенімен ағза тазармаса, процедурадан еш нәтиже болмайды дейді. Косметологтар бетті неше түрлі тазартудан өткізіп, оның бергі жағын ғана тазартады, ал іштегі әртүрлі шлак сол күйі қалады. Кос­мет­олог А.Құдайбергенқызы бетке хиджа­ма жасамас бұрын мына жағдайларды ескеру керек деді.

– Хиджама жасамас бұрын алдымен емделуші қандай процедураға келгенін біліп, танысуы қажет. Хиджамадан соң 2 күн косметикалық өнімдерді пайда­лануға болмайды. Ал беттегі дақтар 2-3 күнде  кетіп қалады. Бастысы – бәрі маманға байланысты, процедураны өте мұқият жасау керек. Хиджаманың зия­ны жоқ, аяғы ауыр әйелдер де, жасөс­пірімдер де, ерлер де келеді. Әуелі ағза­ны тазартамыз, клиент бұдан соң диета ұстайтын болады, – дейді ол.

2023 жылы Мысыр мен АҚШ ға­лым­дары жүргізген зерттеуде хид­жаманың кейбір тірек-қимыл жүйесі аурулары мен спорттық жарақаттар кезіндегі ауырсы­нуды жеңілдетуге көмектесуі мүмкін екенін көрсеткен. Бірақ зерттеу нәтижесі толық нәтиже берген емес.  2024 жылы Ұлыбритания мен Аустралия мамандары ылғалды банкалы терапия­ның  пайдасын зерттеген, бірақ одан да толық шешім айту мүмкін емес. Бүгінге дейін хиджаманың, косметологиялық хиджаманың да нақты клиникалық пайдасын растайтын дәл­елдер жоқ. Бет терісінің әдемі, сәбиді­кін­дей таза болуын армандайтын қыз-келін­шек көп-ақ, дегенмен де жылтыраған жар­намаға алданып қалмаңыз дейміз.

Айсұлу СЪЕЗХАН