Еңбек адамдарына құрмет

Биыл Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданғанына 35 жыл толып отыр. Осыған орай ұйымдастырылған «Қыран елім – Қазақстаным» атты салтанатты мерекелік іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, еңбек ұжымдары мен жұмысшылар, ұстаздар, дәрігерлер және жастар қатысты.

Мерекелік жиында сөз сөйлеген қала әкі­мі Ғабит Әбдімәжитұлы барша шымкент­тіктерді Республика күнімен құттықтап, ел да­муының басты күші  еңбек адамдары еке­нін ерекше атап өтті. 

«Бүгінгі мереке – тек тәуелсіздігіміздің бас­тауы емес, елдің еңсесін еңбегімен кө­те­ріп жүрген азаматтарға құрмет күні. Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бас­та­масымен 2025 жыл «Еңбек адамы мен жұ­мысшы мамандықтар жылы» болып жа­рия­ланды. Бұл – қарапайым еңбек адамын қолдауға, олардың қоғамдағы мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Се­бебі еңбек адамы ел дамуының тірегі, қоғам­ның қозғаушы күші», – деді қала әкімі.

Ғабит Сыздықбеков өз сөзінде Шым­кент­тің дамуында қарапайым еңбек адам­дары­ның үлесі зор екенін жеткізді. Соңғы үш жыл­да қалаға 2 триллион теңгеге жуық ин­вес­тиция тартылып, өндіріс пен құрылыс са­ласы қарқын алды. 2023 жылдан бері 3,4 трил­лион теңгенің өнімі өндірілген. Бұл же­тістіктің барлығы жұмысшылар мен ин­же­нер­лердің, технологтар мен құрылысшы­лар­дың еңбегінің нәтижесі. Сонымен қатар қа­лада 3 миллион шаршы метрден астам тұр­ғын үй пайдалануға берілді. Бұл – құры­лыс­шылар мен жобалаушылардың қажырлы ең­бе­гінің жемісі. Ал қалалық бюджеттің 50 пайы­зы әлеуметтік салаға, яғни ұстаздар мен дәрігерлердің еңбегін қолдауға бағытталды.

«Шымкенттің өркендеуі  ең алдымен адал ең­бектің, маңдай тердің жемісі. Жұмыс­шы­лар­дың, мұғалімдердің, дәрігерлердің, ин­же­нерлер мен кәсіпкерлердің тынымсыз ең­бегінің арқасында қаламыз көркейіп ке­ле­ді. Біздің ең басты мақсатымыз – осындай ең­бекқор жандардың еңбегін бағалау және елдің өркендеуіне олардың үлесін арттыру», – деді қала әкімі.

Мереке барысында ел дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматқа мемлекеттік наг­ра­далар мен қала әкімінің алғысхаты та­бысталды. Олардың қатарында өндіріс са­ла­сының үздіктері, ұстаздар, медицина қыз­мет­керлері, коммуналдық шаруашылық ма­мандары және мәдениет саласының өкіл­дері бар. Сахна төріне шыққан марапат ие­гер­лері ел атынан білдірілген құрметті зор ри­зашылықпен қабылдап, өз еңбегін халық игі­лігіне арнайтынын жеткізді.

Іс-шара соңы танымал өнерпаздардың қа­тысуымен өткен концертке ұласты. Ән мен күйге толы кеште ел бірлігі мен еңбек даңқы ұлық­талды. Мерекелік алаңда қала тұрғын­дары­на еңбек тақырыбына арналған фото­көр­ме, жастардың қолөнер көрмесі мен ең­бек жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бүгінде Шым­кент – еңбек пен өндіріске негізделген за­манауи қала. Мұнда мыңдаған азамат ел игі­лігі үшін табанды еңбек етіп, қаланың әлеу­меттік-экономикалық әлеуетін артты­ру­ға атсалысуда. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы